Accessibility links

Назарбаев бейнеcі бар теңге және Орталық Азиядағы ынтымақтастық


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған 10 мыңдық жаңа қағаз ақша.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған 10 мыңдық жаңа қағаз ақша.

Халықаралық баспасөз Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған жаңа теңге, Оңтүстік Африка республикасы мен Оңтүстік Корея сыртқы істер министрліктері өкілдерінің Орталық Азияға сапары туралы жазған.

НАЗАРБАЕВ БЕЙНЕЛЕНГЕН ЖАҢА ТЕҢГЕ

Германиялық Deutsche Welle сайтында жарияланған «Қазақстан президенті жеке ақшаға ие болды» деген мақалада Қазақстан ұлттық банкінің ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған 10 мыңдық жаңа қағаз ақшаны желтоқсанның 1-інен бастап айналымға шығару туралы шешіміне қатысты комментарий берілген.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған жаңа банкноттар оның ел валютасын еркіне жіберу туралы шешімінен кейін шығып отыр, енді олар автократ басшының зор маңызын көрсететін болады» деп жазады Deutsche Welle.

Қазақстанда 10 мыңдық банкноттың құны валюталардың ағымдық бағамы бойынша шамамен 30 доллар болады. Былтыр тамызда теңге бағамын еркіне жіберу туралы шешім қабылданғаннан кейін валюта нарығында теңге көп құнсызданып, ел экономикасы мұнай бағасының күрт арзандауы мен Кремль Кырымды аннексиялап алғаннан кейін Қазақстанның негізгі сауда әріптесі Ресейге Батыс елдері салған санкциялар кесірінен көп зардап шекті.

Шымкенттегі «Алаш базары». Оңтүстік Қазақстан облысы, 6 мамыр 2014 жыл.
Шымкенттегі «Алаш базары». Оңтүстік Қазақстан облысы, 6 мамыр 2014 жыл.

«Бұл автократ - энергия ресурстарына бай аймақта банкнотта бейнесі салынған алғашқы билеуші емес. Көрші Түркіменстанның бұрынғы басшысы – марқұм Сапармұрат Ниязовтың да бейнесі жергілікті валюта – манатта басылған болатын, бірақ оның қазасынан екі жылдан кейін – 2006 жылы қағаз ақша мен монеталардан оның бейнесін алып тастаған. Жуырда кедей Тәжікстанның саясаткерлері де 1992 жылдан бері билікте отырған президент Эмомали Рахмонның бейнесін қағаз ақшаға басуға шақырған» деп жазады Deutsche Welle.

ОРТАЛЫҚ АФРИКА ЕЛІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Африкааралық жаңалықтар агенттігінің All Africa сайты Оңтүстік Африка республикасы (ОАР) халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрі орынбасары Номаиндий Мфекетоның Орталық Азияға қараша айындағы «сәтті сапары» туралы жазған.

«Сапар мақсаты – ОАР елінің Қазақстан және Түркіменстанмен қарым-қатынасын барынша нығайту, әсіресе экономикалық ынтымақтастық пен білім беру саласындағы алмасуларды кеңейту мүмкіндіктерін зерттеу» деп жазады All Africa.

Қазақстанға сапарында Номаиндия Мфекето сыртқы істер министрі орынбасары Ақылбек Камалиденовпен және қазақстандық бизнесмендерге ОАР және бүкіл Африкада жаңа мүмкіндіктер ұсыну үшін бизнес өкілдерімен кездескен.

All Africa сайтындағы тағы бір мақалада Қазақстанға сапарынан кейін Номаиндия Мфекето Түркіменстанда екі күн болғаны туралы жазған. «Қазақстан жан-жақты бағытта дамып келеді, сондықтан 2017 жылғы қаңтардың 1-інде ол БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінен орын алған алғашқы ортаазиялық елге айналады. […] ОАР билігі [Қазақстан және Түркіменстанмен] екі жақты қарым-қатынасты нығайту кедейлік, жұмыссыздық және теңсіздік сияқты үш проблемамен күрестің кей мақсаттарына жетуге көмектеседі деген сенімде» деп жазады All Africa.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Оңтүстік Кореяның Yonhap News жаңалықтар агенттігі сайтындағы «Солтүстік Кореяға қысым жасауда Оңтүстік Корея Орталық Азиядан қолдау іздейді» деген мақалада Оңтүстік Корея сыртқы істер министрінің орынбасары Лим Сунг Намның Орталық Азияға сапары және Қырғызстан мен Түркіменстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Динара Кемелова мен Вепа Хаджиевамен кездесуі жайлы жазған. Әлгі сапарында Лим Сунг Нам Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасын тоқтатуға мәжбүрлеуде бірлесіп қысым көрсету мақсатында Орталық Азиямен арадағы ынтымақтастықты жалғастыра беруге шақырған.

Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мектеп оқушылары қарсы алып тұр. Сеул, 10 қараша 2016 жыл.
Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мектеп оқушылары қарсы алып тұр. Сеул, 10 қараша 2016 жыл.

Лим Сунг Нам Солтүстік Корея биыл өткізген екі ядролық сынақты Қырғызстанның айыптауын Оңтүстік Корея құптайтынын айтып, Қырғызстан мен Түркіменстанды БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларына қосылуға шақырған. Оңтүстік Корея сыртқы істер министрінің тағы бір орынбасары Ким Хёнг-Цзин Өзбекстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Гайрат Фазиловпен кездесіп, екі елдің Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар енгізу жөніндегі ынтымақтастығын талқылаған.

Ал Сеулде Орталық Азияның бес елімен ынтымақтасу форумы өтіп, оған сыртқы істер министрліктерінің, білім және бизнес салаларының 150-ден аса өкілі қатысқан.

XS
SM
MD
LG