Accessibility links

Экономикалық дағдарыс көлік саудасын қыздырды


Audi көлігі соңғы кездері Мәскеуде көп сатылып жатыр.

Audi көлігі соңғы кездері Мәскеуде көп сатылып жатыр.

Рубльдің күрт құнсызданған сәтін пайдаланған ресейліктер «бағасы өспей тұрғанда алып қалайық» деп қымбат көліктерге мініп жатыр. Сарапшылар бұл арзаншылық ұзаққа созылмасын айтады.

Мәскеу тұрғыны Олег Борисов рубль бағамы құлдырап, экономика әлсіреп, халықтың табысы азайып жатқан тұста... қымбат көлік сатып алуды ұйғарды. 36 жастағы аудармашы өткен айда ағасымен бірлесіп 1 миллион 500 мың рубльге жаңа Audi-6 көлігін сатып алды. Экономикалық жағдайдың нашарлағаны қайта оларға сеп болды.

– Қазір жер жүзіндегі ең арзан көлік – бізде. Жаздан бері машинаға деп ақша жинап жатқан едік. Қашан алатымызды білмейміз, әйтеуір жинай бердік. «Бәрі қымбаттап жатыр, біз кешігіп қалар ма екенбіз?» деп те қобалжыдық. Енді, міне, сәті түсті, – дейді Олег Борисов.

Бұл шынымен сәтін салған оқиға болды. Себебі, олар көлікті өте арзан бағаға алды, екіншіден, баға мұндай арзан күйінде ұзақ тұрмасы анық. Ресейде көлік саудасы қарашаға дейін төмен болып келді де, жыл соңына қарай ғана өсе бастаған.

«ЖАҢА ЖЫЛДА БАҒА ҚАЙТА ӨСЕДІ»

Ресей рублі бұрын-соңды болмаған қарқынмен құлдырап, жыл басынан бері 40 пайыз құнсызданды. Шетелдік автодилерлер көлік бағасын да осыған сай қымбаттатпай тұрғанда жұрттың арзан машина алып қалуына мүмкіндік туды. Осы сәтте алып үлгермесе, ертең баға қымбаттап кететіні анық.

Мінілген қымбат көліктерді қарап жүрген адам. Мәскеу, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Мінілген қымбат көліктерді қарап жүрген адам. Мәскеу, 12 қыркүйек 2014 жыл.

Олег Борисов ағасы екеуі Audi-6 автокөлігіне 1миллион 500 мың рубль, яғни 30 мың АҚШ долларын жұмсаған. Еуропада бұл көліктің бағасы шамамен 45 мың доллар тұрады.

Audi маркалы көліктерді сататын дилерлік компанияның жетекшісі Алексей Шапкиннің айтуынша, оның Rolf Group автосалонында көлік саудасы қарашада алдыңғы жылмен салыстырғанда 47 пайызға өскен.

– Көліктер қызу сатылып жатыр. Мұндай қарқынды сауданы көрмегенімізге он жыл болған шығар, – дейді Шапкин.

Оның айтуынша, Audi көлігінің бағасы жаңа жылдан бастап қымбаттауы мүмкін.

Кейбір адамдар тіпті қарашаға дейін-ақ тиімді сауда жасап үлгерген. Мәскеудегі жылжымайтын мүлік компаниясының қаржы директоры, 29 жастағы Александр Рулев рубльдің арзандайтынын қыркүйек айында-ақ болжаған. Банктердің пайыздық үстемелерді арттыратынын түсінген ол несиеге BMW X3 автокөлігін сатып алады. «Қазір алсам, 20-25 пайызға қымбатқа түсер еді» дейді ол.

«БАТЫС САНКЦИЯСЫ МЕН РУБЛЬ АРЗАНДАУЫ СЕБЕПКЕР»

Осыдан екі жыл бұрын ғана Ресейдің автокөлік нарығы қарқынды дамығаны сондай, Еуропадағы ең ірі нарық – Германияны қуып жетуге шақ қалған. Алайда 2013 жылы пайыздық үстеме артып, рубльдің доллар мен еуроға шаққандағы бағамы 9 пайызға арзандағандықтан көлік саудасы саябырси бастаған. Батыстың санкциясына іліккен 2014 жылы көлік алушылар тіпті азайып кетті.

Ресейдегі автокөлік саудасын зерттеумен айналысатын «Автостат» компаниясының атқарушы директоры Сергей Удаловтың айтуынша, былтырғымен салыстырғанда көлік саудасы биыл тамызда 25 пайызға, ал былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда биыл қыркүйекте 20 пайызға азайған. Ал қарашада 2013 жылғы осы кезбен салыстырғанда бір-ақ пайызға артқан.

Ресейде бағаның арзандауы көршілерін де қызықтырды. Қазақстандағы ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, елдің солтүстігіндегі халық көлік алуға жаппай Ресейге ағылып жатыр.

Рубль құнсызданған кезде дүкеннен теледидар сатып алған адамдар. Мәскеу, 15 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Рубль құнсызданған кезде дүкеннен теледидар сатып алған адамдар. Мәскеу, 15 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Мәскеудегі Macro Advisory консалтингтік фирмасының өкілі Крис Уифердің айтуынша, бұл арзаншылық ұзаққа созылмайды, келер жылдың басына дейін-ақ сатушылар бағаны реттейді. Оның айтуынша, көлік индустриясындағы былтырғы тоқырау қазіргі экономикалық кері кетудің алғашқы белгісі болды.

– Барлық көрсеткіштер бойынша қарасақ, көліктің арзанға саудалану кезеңі тез аяқталып, қайтадан тыныштық орнайды, – дейді Уифер.

Желтоқсанның 12-сінде елдегі тиражы ең көп басылымның бірі – «Комсомольская правда» басылымы экономикалық дағдарыс кезінде ресейліктер бас тартуға тиіс бес «әдеттің» бірі ретінде көлік алуға деген әуестікті атады. Ол мақалада «Көлік қайтадан қол жетпес арманға айналады» деген болжам айтылған.

Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG