Accessibility links

Ресей атлеттерінің сүйіскенін баспасөз сан-саққа жүгіртті


Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының 4х400 эстафетасынан алтын медаль алған ресейлік қыздар сүйісіп тұр. Мәскеу, 17 тамыз 2013 жыл.

Жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының 4х400 эстафетасынан алтын медаль алған ресейлік қыздар сүйісіп тұр. Мәскеу, 17 тамыз 2013 жыл.

Тамыздың 17-сі күні жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында алтын алған ресейлік атлет қыздар подиумда тұрып сүйісті. Бұл бір-бірін құттықтау ма, Ресейдің гейлерге қарсы заңына наразылық па - белгісіз.

Осыдан 34 жыл бұрын СССР басшысы Леонид Брежнев Эрих Хонеккерді құшағына қысып, Шығыс Германия президентін ернінен сүйіп алған еді. Шығыс Берлинге коммунизмнің 30 жылдығын тойлауға барған Брежневтің қуанышында шек болмаған тәрізді.

ПОДИУМДА СҮЙІСКЕНДЕР

17 тамыз күні Мәскеуде, жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының 4х400 эстафетасынан алтын медаль алған ресейлік екі қыз жеңімпаз тұғырында бірін бірі ернінен сүйді.

Бірақ олардың бұл әрекеттерін Батыс журналистері сан-саққа жүгіртіп ала жөнелді. Өйткені Ресейде жақында ғана гейлерді насихаттауға тыйым салған заң қабылданып, пікірталастар қызып тұрған еді. Сондықтан спортшылардың әлгі әрекеті сол заңға қарсылық акциясына ұқсап кетті.

Шағын қашықтыққа жүгіретін Юлия Гущина, Татьяна Фирова, Ксения Рыжова, Антонина Кривошапка бұл әрекеттерінің нені білдіретінін әлі ашып айтпады. Спортшылардың баспасөз хатшысы тамыздың 19-ы күні «Батыс ақпарат құралдары жағдайды әсірелеп жіберді» деп мәлімдеді.

Ресей спортшыларының сүйіскенін YouTube желісінен алынған мына видеодан көре аласыз:



БАТЫС БҰНЫ ҚАРСЫЛЫҚҚА ЖОРИДЫ

«Бұл Брежневтікіндей қуаныштың сүйісі ме, әлде Ресей заңына наразылық па?» деген пікірталас толастамай тұр. «Sky News» агенттігі «Гейлерге қарсы заңға наразылық танытып, ресейлік атлеттер сүйісті» деген тақырыпта мақала жариялады.

«Slate» интернет-журналы астары әлі анықталмаған оқиғаға бас мақаласын арнады. Мақала «Ресейлік атлеттер жеңіс тұғырында гейлерге қарсы заңға келіспей, сүйісті» деп аталыпты.

«The Huffington Post» басылымы да мақаласының тақырыбын «Ресейлік жеңімпаз қыздар гейлерге қарсы заңға наразылық ретінде сүйісті» деп қойған. Бірақ оқиға астарының әлі анықталмағанын ескерте кеткен. Ал танымал гей белсенді Джо Джервис Twitter-дегі парақшасында «Ханымдар, сіздерге алғыс айтамын!» деп жазды.

Танымал ресейлік тележүргізуші Антон Красовский осы жылдың басында гей екенін эфирде айтқансоң жұмыстан қуылған еді. Ол да өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына «ең бастысы – олар қорыққан жоқ» деп жазды.

Бірақ Ресей баспасөз құралдары Батыстағы мұндай реакцияларды орыс мәдениетін жете білмеуге жорып, «бұл - әлемдік спорт ойындарындағы түрлі дау-шарды шиеленістіре түсу үшін жасалған әрекет» деген болжамдар жазып жатыр.

Өткен аптада биіктен секіретін шведтік спортшы тырнақтарын кемпірқосақ түсіне бояп, гейлер құқығын қорғайтынын білдірсе, америкалық атлет күміс медалін «гей-достарына» арнаған болатын.

ИСИНБАЕВАҒА ҚАРСЫЛЫҚ ПА, ӘЛДЕ БРЕЖНЕВ ДӘСТҮРІ МЕ?

Тамыздың 15-і күні Ресейлік танымал спортшы, сырықпен секіруші Елена Исинбаева гейлерді қолдаған атлеттердің әрекеттерін сынап, Ресей заңын сыйлау керектігін ескертті.

Ресейлік спортшы Елена Исинбаева алтын медалін сүйіп тұр. Мәскеу, 15 тамыз 2013 жыл.

Ресейлік спортшы Елена Исинбаева алтын медалін сүйіп тұр. Мәскеу, 15 тамыз 2013 жыл.

- Осының бәріне рұқсат беріп, қолдасақ, болашағымыз не болады? Ұлтымыз үшін алаңдаймыз. Себебі біз - қалыпты, стандартты адамдармыз. Ер адам әйелмен, әйел адам еркекпен тұруы тиіс, сонда бәрі дұрыс болады, - деген еді ол.

Келесі күні Исинбаева өз пікірінен бас тартып, «ағылшын тілін дұрыс білмегендіктен, мені дұрыс түсінбеген» деп шықты.

Ресейлік NewsRU жаңалықтар агенттігі мақаласына «Европа ақпарат құралдары атлет қыздардың сүйісуін Исинбаеваның сөздеріне қарсылық деп түсінді» деген тақырып қойған.

Ал «Комсомольская правда» газеті осы оқиғаға арнаған мақаласын «Батыс баспасөзі: атлеттердің сүйісуі – Исинбаеваға жолданған сәлем бе, әлде орыс дәстүрі ме?» деп атапты.

Ресей олимпиадалық құрамасының аты-жөнін атамаған өкілі Sky News агенттігіне спортшылардың «бір-бірін құттықтап, сүйгенін» айтқан.

Ал Ресей спорт министрі Виталий Мутко гейлерге қарсы заң туралы пікірталастарды «ойдан шығарылған мәселе» деп атайды. Ол гомосексуализмді ішімдікке салыну мен нашақорлық сияқты әлеуметтік зиянды әдетке теңеп, «Жас ресейліктерді маскүнемдік пен нашақорлықтан және дәстүрлі емес сексуалды қатынастардан сақтандырғымыз келеді» деп мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин қол қойған жаңа заңға сәйкес, кәмелет жасқа толмағандар арасында «дәстүрлі емес сексуалдық байланыстарды» насихаттаған азаматтарға 3 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады.

Белсенділер «бұл заң Ресейдегі гомофобияның күшеюіне, гейлерге қарсы зорлық-зомбылықтың өршуіне әсер етіп отыр» дейді.

Шахматтан әлем чемпионы және танымал саясаткер Гарри Каспаров шеруде сөйлеп тұр. Мәскеу, 15 қыркүйек 2012 жыл.

Шахматтан әлем чемпионы және танымал саясаткер Гарри Каспаров шеруде сөйлеп тұр. Мәскеу, 15 қыркүйек 2012 жыл.

Ал кейбір бақылаушылар «гейлерге қатысты дау 2014 жылы Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындарында тіпті күшейеді» деп болжайды.

Бірнеше танымал белсенділер жұртты Сочи олимпиадасына бойкот жариялауға шақырды.

Шахматтан әлем чемпионы және танымал саясаткер Гарри Каспаров жақында «спортшылардың келгені дұрыс, бірақ олимпиаданың ашылу салтанатына әлем саясаткерлері қатыспағаны жөн» деп мәлімдеді.

Гленн Кейтстің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG