Accessibility links

Мәскеуде жүздеген адам Қызыл алаңға жиналды


Ақ шүберек таққан демонстранттар шеңбер құрап тұр. Мәскеу, 8 сәуір 2012 жыл

Ақ шүберек таққан демонстранттар шеңбер құрап тұр. Мәскеу, 8 сәуір 2012 жыл

Әділ сайлау өткізуді талап еткен жүздеген ресейлік сәуірдің 8-і күні Мәскеудің орталығына жиналды. Полиция бұл жолы жұрттың жолын бөгеген жоқ.

"Әділ сайлау үшін" атты акция ұйымдаспаған (демек билік орындарынан рұқсат сұрауды қажет етпейтін) жаппай серуендеу түрінде Мәскеу уақытымен түскі 14.00-де басталуы тиіс еді. Бірақ адамдар Қызыл алаңға 12.30 шамасында-ақ жинала бастады. Жергілікті полиция сәуірдің 1-індегідей шерушілердің жолын жапқан жоқ. Тек темір қоршауларды дайындап қойғаны көрінді.

Түскі 15.00-ге қарай алаңға 500-дей адам жиналды. Жиынға қатысушылардың барлығы талап-тілек білдіру ниетімен ақ шүберек байлап, я ұстап келді. Балаларын ерте келгендер де болды. Полицейлер қайта-қайта келіп, митинг жасауға, плакаттар көтеруге болмайды деп ескерту жасап тұрды. Акцияға қатысушылар заң бұзбайтындарын айтып жатты.

Қызыл алаңдағы акцияға қатысушы. Мәскеу, 8 сәуір 2012 жыл

Қызыл алаңдағы акцияға қатысушы. Мәскеу, 8 сәуір 2012 жыл


Азаттық радиосының орыс қызметі тілшісінің көзіне түскен белгілі адамдар ішінде Борис Немцов, Евгения Чирикова және Сергей Удальцов болды. Удальцов жиналғандарға мамырдың 6-ына жоспарланған "Миллиондар маршына" шақыру таратты. Химки орманын қорғау қозғалысының мүшелері экология тақырыбына ән айтып жатты.

Билікшіл "Россия молодая" қозғалысының мүшелері де дәл сол жерге әулие Георгий лентасын тағып келді. Олар "Әділ сайлау үшін" акциясына қатысушыларға келіп лента ауыстырайық деген ұсыныс айтты. Оған кейбірі келісіп, айырбастап алды да, қалталарынан екінші қосалқы ленталарын алып шығып, Георгий лентасымен бірге бұлғап жүрді. Борис Немцов, Георгий лентасын "Ресейдің айбыны мен даңқының" белгісі ретінде құрметпен қабыл алатынын айтты.

Соңғы мәлімет бойынша полиция акцияға қатысқандардың ішінен Евгения Чирикова мен тағы екі адамды қамауға алды. Бұл туралы Twitter желісінде ақпарат тарады.

Бір апта бұрын сәуірдің 1-інде әділ сайлау талап етушілердің дәл осындай шара өткізуіне жергілікті билік тыйым салған еді. Сол күні полиция "Ақ метро" атты флеш-мобқа да кедергі жасаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG