Accessibility links

БҰҰ бас хатшысы Сириядағы ұлғая түскен халық толқуын күшпен басуға қарсы


Үкіметке қарсы наразылық шеруі. Банияс, 22 сәуір 2011 жыл

Үкіметке қарсы наразылық шеруі. Банияс, 22 сәуір 2011 жыл

Пан Ги Мун Сирия үкіметін қарусыз қарапайым халыққа әскери күш қолданғаны үшін кінәлап сөз сөйледі. Алайда БҰҰ қауіпсіздік кеңесі бұл елдің шерушілерге оқ атуын айыптайтын мәлімдемені әлі мақұлдаған жоқ.


Бүгін БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Сирияда үкіметке қарсы шерушілердің басып-жаншылуына байланысты келіссөздерін жалғастырады.

Соңғы хабарларға қарағанда, Сирияның оңтүстігіндегі Дераа қаласында үкімет күштері қарапайым халыққа оқ атқан. Сейсенбі күні БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун танктер қолданғаны үшін Дамаскіні айыптады.

«Біз Сириядағы оқиғаларды мұқият бақылап отырмыз. Елдегі жағдайға алаңдаймыз. Бейбіт шерушілерге зорлық-зомбылық жасалып жатқанын, әсіресе танктердің қолданылуын және халыққа оқ атылуын айыптаймын. Сириядағы әскери күш қолдану кезінде жүздеген адам опат болып, жараланды. Сирия билік орындары қарапайым халықты қорғап, халықаралық адам құқықтарын, оның ішінде сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтеуге міндетті», - деді Пан Ги Мун.
Жаралы демонстрантты көтеріп әкетіп барады. Дамаск, 23 сәуір 2011 жыл

Бұған қоса, БҰҰ басшысы мен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллай Сирияда үкіметтің шерушілерді басып жаншуы кезінде жүздеген адамның өліміне қатысты тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды.

Адам құқықтарын қорғаушы белсенділердің айтуынша, осыдан алты апта бұрын президент Башар әл-Асадтың режиміне қарсы шерулер басталғалы бері Сирияда 400-ге жуық адам опат болған.

Үкіметтің бас көтеруді күшпен басу әрекеттерінен кейін елде наразылық шаралары тоқтамады. Бұдан бұрын реформаларды жүзеге асыруға шақырған шерушілер енді Асадтың биліктен кетуін талап етіп жатыр.

Сейсенбі күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесі өткізген жабық жиында Сирияда қарапайым наразылық танытушылардың қуғындалуын айыптайтын мәлімдеме жобасы мақұлданбады. Оны Ұлыбритания, Франция, Германия және Португалия әзірлеп ұсынған болатын.

Дипломаттардың айтуынша, вето қою құқығына ие Қытай мен Ресей Сирия үкіметінің әрекетін айыптауға қарсы болған.

Ал Ұлыбритания қорғаныс министрі Лиам Фокс Вашингтонда журналистерге берген сұқбатында Сирия күштерінің қарапайым наразылық танытушыларға әскери күш қолдануына төзуге болмайды деп мәлімдеді.

«Біз Сирия үкіметінің қарапайым азаматтарды өлтіру әрекеттеріне қатты ашынамыз. Сирия билігін саяси реформаларды жүзеге асыру үшін барлық шараларды қолға алып, елдегі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз», - деді Фокс.
Башар Әл Асад, Сирия президенті журналистер алдында баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. 9 желтоқсан 2010 жыл

Сейсенбіде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің келіссөздерінен кейін АҚШ елшісі Сьюзан Райс Иранның Дамаскіге шерушілерді басып-жаншуға көмектесіп жатқанына дәлел бар деп мәлімдеді. Райс бұл туралы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді, бірақ Сирия режимі Тегеранның Ирандағы шерушілерге қарсы қолданған тәсілдеріне ұқсас «қатал тактика» қолданып жатыр деп атап көрсетті.

Ал Сирияның БҰҰ-дағы елшісі Башар Джафари үкімет күштерінің қарапайым халықты өлтіріп жатқанын жоққа шығарды.

«Егер сіз бейбіт түрде наразылық танытсаңыз, үкімет сізді қорғайды. Егер зорлық-зомбылыққа барсаңыз, онда әлемдегі кез келген үкімет бейбітшілік пен тәртіпті сақтау мақсатында зорлық-зомбылық пен вандализмді және агрессияны тоқтату үшін күш қолданады», - деді Джафари.

Ресми Дамаск те әлеуметтік байланыс желілері арқылы жарияланып жатқан жаппай толқу туралы бейнетаспалар Сирияда түсірілмеген дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG