Accessibility links

Түркіменстанда ахалтеке жылқысы туралы жарлық шықты


Ахалтеке жылқысын секіртіп тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Ахалтеке жылқысын секіртіп тұрған Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Түркіменстан президентінің елдің ұлттық символы саналатын ахалтеке жылқсына ықыласы ерекше. Ол асыл тұқымды жылқының «өмірі мен өлімін» реттейтін жарлыққа қол қойды.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов қоғам өмірінің барлық саласын қатаң бақылауда ұстағанды ұнатады. Сондықтан ол елдің ұлттық символы саналатын асыл тұқымды ахалтеке жылқысына қатысты жайттарды бүге-шігесіне дейін реттейтін жарлық шығарды.

Жаңа ереже бойынша, бұдан былай сәйгүліктің атын өзгертуге болмайды. Құлын туа салысымен оған ат қойылып, ол туралы мәліметтер шежіре кітабына жазылып, ресми құжат ретінде тіркеледі. Егер ат иесіне жануардың бұрынғы есімі ұнамай қалып, өзгерткісі келсе, ол заң бұзу болады.

Қарашаның 21-і күні қол қойылған бұл жарлыққа сәйкес әр ахалтеке жылқысы жергілікті билік арнайы белгілеген орынға жерленуі керек. Рәсімге әкімшілік өкілі қатысып, жануардың өлгенін ресми түрде растауы қажет. Бірақ жылқы зираты болатын орынның қалай таңдаланатыны туралы жарлықта ештеңе айтылмаған.

Қазір мұндай жылқыларды жерлеудің ортақ тәртібі жоқ, әдетте иелері әкімшілікке ештеңе хабарламай-ақ жора-жолдастарымен бірге оларды ауылдан аулаққа апарып көмеді. Аттың басын матамен жауып, терең етіп қазылған шұңқырға тастайды.

АХАЛТЕКЕ МЕН «АРҚАДАҒ»

Бұл жарлықтың негізгі мақсаты – ахалтеке жылқысын ұстаудың, есепке алудың тәртібін қатаңдату, сол арқылы жануарға деген құрметті арттырып, оның асыл тұқымын сақтау. Сонымен қатар, ел басшылығы ахалтекені түркімендердің ұлы жәдігері ретінде шетелге дәріптеу үшін Түркіменстанда ат спортын дамытып, халықаралық жарыстар өткізіп тұруға ниеттеніп отыр.

Мәскеудегі әскери парадқа ахалтеке апарған түркімен әскері. 9 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Мәскеудегі әскери парадқа ахалтеке апарған түркімен әскері. 9 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Дегенмен бұл жарлық тек жылқыны дәріптеп қана қоймай, президенттің өзін де халық сүйетін ахалтеке тұлпарымен байланыстырып, оның жеке басына табыну дәстүріне жол ашатын сыңайлы.

Өткен жылы Гурбангулы Бердімұхаммедов ел астанасы – Ашғабадта ахалтеке сәйгүлігіне мініп отырған өзінің алтыннан жасалған алып ескерткішін ашты, бұған қоса түркімендер оған «Ел атбегісі» деген «атақ» берді, ал ақындар оның «Ақ хан» есімді атын мадақтап 40 шақты өлең жазды. Сонымен бірге Түркіменстан президенті «Ахалтеке: біздің мақтанышымыз әрі даңқымыз» деген кітап жазып шықты.

«Жер мен көк бүгін қуанды, Арқадағым ақбоз атына мінді,

Алла, оның тілегін орындай гөр, Арқадағым ақбоз атына мінді»

деген жолдары бар мына өлеңде автор Бердімұхаммедовты өзі таңдаған «титулымен» «Арқадағ» («Қорғаушы») деп атайды.

АТТАН ҚҰЛАҒАН ШАБАНДОЗ

Оның үстіне Бердімұхаммедов шабандоз ретінде жарыстарға жиі қатысып, бәйгенің алдын бермей бірінші келіп жүреді. Ешбір шабандоздың одан озып кетуге жүрегі дауаламаса керек. Президент мықты шабандоз саналатын, алайда 2013 жылы Ашғабадтағы ипподромда болған бәйгеде оның «Беркарар» есімді сәйгүлігі мәреден өте сала шалынып, үстіндегі Бердімұхаммедов құлап қалған.

Түркімен тілінен аударғанда «Беркарар» «тұрақтылық» деген мағына береді, бұл да президенттің баяндамаларында жиі айтатын сөзі. Ол өзі басқарған кезеңді «Түркіменстан тұрақтылық салтанат құрған елге айналды» деп сипаттайды. Бұл елде президенттің аттан құлаған сәті түсірілген видеоны көруге тыйым салынған.

Ахалтеке мініп стадионға шыққан Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашхабад, 27 сәуір 2013 жыл.

Ахалтеке мініп стадионға шыққан Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашхабад, 27 сәуір 2013 жыл.

Өзі басқарған кезеңді «алтын ғасыр» деп атап, Түркіменстанда жеке басқа табыну дәстүрін қалыптастырған Сапармұрат Ниязов 2006 жылы қайтыс болды.Арада көп уақыт өтпестен билікке келген Гурбангулы Бердімұхаммедов содан бері президент қызметін атқарып келеді.

Президенттің ат спортына ерекше ықылас танытуы – жұрт назарын елдің ішкі проблемаларынан басқа жаққа бұруды көздейтін Ниязовтың кезінен қалған саяси стратегияның жалғасы. Ол Ашғабадтың халықаралық имиджін қалыптастыруға да жәрдемдеседі. Бұл шаралар көбіне қарапайым халықтың есебінен жүзеге асып жатады. Мәселен, өткен жылдары үкімет жаңа спорт кешендерін салып, халықаралық жарыстардың алдында астананы абаттандырамыз деп бірталай тұрғын үйді қиратып тастады.

ТАБИҒАТ СҰРЫПТАҒАН АТТАР

Түркімен халқы сұлулығы, шапшаңдығы мен шыдамдылығы үшін мыңдаған жылдар бойы ахалтеке жылқысын құрметтеп келеді. Бұл сәйгүлік – олардың ат үстіндегі көшпенділер образын айшықтай түсетін ерекше символ. Мамандардың айтуынша, жылқының бұл тұқымы осыдан 12 мың жыл бұрын Орталық Азияның климаты күрт құрғағаннан соң сұрыпталып шыққан. Әу баста тапал, етжеңді келген бұл аттар шөл далада азық пен судың тапшылығына шыдас беру үшін жіңішкеленіп, биіктей түскен.

Ахалтеке жылқысы.

Ахалтеке жылқысы.

Қолға үйреткеннен соң көшпенділер жылқының биік әрі жылдам тұқымдарын таңдап, оны одан әрі сұрыптаған. Орталық Азиядағы осы тұқымдас жылқылар «соғыс аттары» деген жалпы атаумен әйгілі болған. Бұл сәйгүліктерге көрші елдер қатты қызыққан, мәселен Қытай империясы атты әскерге ахалтеке жылқыларын пайдаланған.

Түркімендерде ахалтеке жылқысы туралы ән-жыр көп. Оның бейнесі тіпті елдің гербіне де салынған. Асыл тұқымды жылқының қаншалық қастерленетінін осыдан-ақ білуге болады. Түркіменстанда жылқы етін жеуге тыйым салынған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG