Accessibility links

Қырымда журналистер мен белсенділер жоғалған


Қырымдағы украин кеңесінің басшысы Андрей Щекун.

Қырымдағы украин кеңесінің басшысы Андрей Щекун.

Украиналық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей шабуылына наразылық білдірген соң жоғалып кеткен алты адамға іздеу салынды.

Украина республикалық партиясының Қырымдағы филиалының басшысы Игорь Кирющенко, Қырымдағы украин кеңесінің басшысы Андрей Щекун, Симферопольдағы украин мектебі қамқоршылар кеңесінің төрағасы Анатолий Ковальский - түбектің Ресей құрамына өтуіне қарсылық білдіріп, белсенді саяси әрекеттер жасап жүрген азаматтар. Бұлардың үшеуі де бірнеше күннен бері хабар-ошарсыз кетті.

ЖОҒАЛҒАН ҮШ БЕЛСЕНДІ

Игорь Кирющенконы 9 наурызда, Ресейдің оккупациясына қарсы Симферопольде өткен наразылық шеруіне қатысқан күнінің ертеңінде әлдекімдер ұрлап әкетті деген болжам айтылады. Партияластарының айтуынша, ол кеңсеге телефон шалып: «Қош болыңдар, мыналар мені алып кетуге келді» деген де жоғалып кеткен. Оның ұялы телефоны жауап бермейді.

Кирющенко ресейшіл күштердің бақылауына өткен Қырымдағы әскери базаларда борышын өтеп жатқан украин солдаттарын белсенді түрде қолдап жүрген.

Ал Андрей Щекун мен Анатолий Ковальскийдің 9 наурыз күні оккупацияға қарсы шеру басталар қарсаңда ұрланғаны айтылады. Олар осы шеруді ұйымдастырып жүрген адамдар еді.

Азаттық тапқан мәліметтерге қарағанда, олар Киевтен келген сәлемдемені алу үшін Симферопольдағы теміржол вокзалына барған жерде ұсталған.

Өздерін «қауіпсіздік сақтау күштеріміз», «Қырымның жаңа ресейшіл премьер- Ресейшіл сақшылар азаматтарды тінтіп тұр. Қырым, 10 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейшіл сақшылар азаматтарды тінтіп тұр. Қырым, 10 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

министрі Сергей Аксенов басқаратын «Русское единство» партиясының мүшелеріміз» деп таныстырған бірнеше кісі алдымен оларды тінтіп, одан кейін вокзалдағы полиция бөлімшесіне алып барған.

Полицейлер «тұтқындауға ешқандай негіз жоқ» деп екі белсендіні босатып жіберген соң екінші бір топ келіп, оларды белгісіз жаққа алып кеткен. Прокуратура екі азаматтық жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Журналистік зерттеу орталығы» деп аталатын украиналық онлайн басылымның хабарлауынша, Щекун мен Ковальский соққыға жығылған және оларды ұстауға премьер Аксенов рұқсат берген.

Қырым парламенті спикерінің орынбасары Григорий Лоффе Андрей Щекуннің 9 наурызда «Русское единство» партиясының кеңсесіне әкелінгенін растады.

Анатолий Ковальскийдің ұлы Сергей Ковальскийдің айтуынша, екі белсенді Симферопольдегі бір құпия орында тұтқында отыр.

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН ҮШ ЖУРНАЛИСТ

Наурыздың 9-ында күні тағы үш адамның жоғалып кеткені мәлім болды. Олар – украиналық журналист Алена Максименко («Украина апталығы» басылымының тілшісі), блогшы Александра Рязанцева, Еуропа Одағына қосылуды жақтайтын автокөлік иелерінің «Автомайдан» қозғалысының баспасөз хатшысы Екатерина Бутко. Үшеуі де Қырымның солтүстігіндегі Армянск қаласы арқылы түбекке кірмек болған жерінде із-түзсіз жоғалған.

Қарашаның соңында наразылық шерулері басталған соң адам құқықтары бұзылу фактілерін және адамдардың жоғалу оқиғаларын бақылап отыру мақсатында белсенділердің бастамасымен құрылған Euromaidan SOS ұйымының хабарлауынша, бұл үш адамды жергілікті «Беркут» жасағы қамауға алған. Осы ұйымның дерегінше, үш журналист Украина ұлттық қауіпсіздік қызметі Севастополь бөлімшесінің офицерлеріне тапсырылған.

Қырымдағы тексеру-өткізу бекеттерінде тағы бірнеше журналистің тұтқындалғаны туралы дәлелденбеген ақпараттар бар.

Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG