Accessibility links

АҚШ-та Тәжаяқов пен Қадырбаевтың соты белгіленді


Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

Солдан оңға: Азамат Тәжаяқов, Диас Қадырбаев және Джохар Царнаев. (Диас Қадырбаевтың "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан алынған сурет).

АҚШ-та 2013 жылы жазда Бостон марафонында болған жарылысқа қатысты айыпталған қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың соты маусымның аяғында басталады.

Бостон марафонындағы жарылысқа айыпты деп танылған Джохар Царнаевтың екі серігі - қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың соты маусымның 23-і күні басталады. Бұл туралы шешімді қаңтардың 15-күні Бостонның федералдық соты шығарған.

Тәжаяқов пен Қадырбаевқа "жарылысқа қатысты тергеу ісіне кедергі келтірді және айғақ заттарды жасырды" деген айып тағылған.

Қазақстандықтармен бірге сотқа Царнаевтың танысы, америкалық Робел Филлипос та тартылмақ. Оған "жалған куәлік берді" деген айып тағылған.

Тергеу деректері бойынша, Қадырбаев пен Тәжаяқов 2013 жылы сәуірдің 15-і күні болған Бостон марафонындағы жарылыстан кейін осы жарылысты жасады деп айыпталған Царнаевтың бөлмесінен оның ноутбугі мен фейерверктер салынған рюкзагін алып кетіп, жоюға тырысқан, рюкзак кейін қоқыстан табылған.

Ал Филлипос Федералдық тергеу бюросының өкілдеріне берген жауабында терактіден кейін Қадырбаев және Тәжаяқовпен бірге Царнаевтың бөлмесіне кіргенін жасырып қалғаны үшін айыпталып отыр.

Тамыздың 13-і күні АҚШ-тың Бостон федералдық сотында өткен алғашқы тыңдауда Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындарын мәлімдеген. "Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты тергеу ісіне кедергі келтірмек болды" деп айыпталған екі азамат кінәлі деп танылса, 20 жылдан астам уақытқа бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

19 жастағы Робел Филлипосты АҚШ соты 2013 жылы мамыр айында 100 мың долларға кепілге босатқан еді. Егер сот Филлипосты кінәлі деп тапса, ол 16 жылға дейін бас еркіндігінен айырылуы мүмкін.

2013 жылы 15 сәуірде Бостонда марафон аяқталар тұста болған жарылыс салдарынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланған. Полиция мен қауіпсіздік күштері осы жарылысқа күдікті деп жариялаған ағайынды екеудің бірі - 26 жастағы Тамерлан Царнаев сәуірдің 19-ына қараған түні полиция ұстамақ болған кезде атысып қаза тапқан. Оның інісі 19 жастағы Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түсті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG