Accessibility links

АҚШ-та кейбір мұсылмандар кімге дауыс берерін білмейді


Файсал Абди (ортада) ұлы Кайсемен сөйлесіп тұр. АҚШ, Вирджиния, 19 қазан 2016 жыл.

Файсал Абди (ортада) ұлы Кайсемен сөйлесіп тұр. АҚШ, Вирджиния, 19 қазан 2016 жыл.

Абдидің отбасы АҚШ президенті сайлауына түсіп жатқан Хиллари Клинтон мен Дональд Трамптың дебатын достарымен бірге тамашалады. Бірақ олар кандидаттардың позициясына күйінумен болды.

Фейсал Абди осы күзде Вирджинияның шетіндегі кең үйіне отбасы мен достарын төрт мәрте жинады. Алты адамнан тұратын отбасы мен екі досы келіп, АҚШ президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттардың дебатын көрді.

Абди «цирк» деп атаған пікірталастан олар өздеріне қажет ақпарат алуға тырысты. Оның ойынша, қазанның 19-ы күні сайлауға Республикалық партия атынан түсіп жатқан кандидат Дональд Трамп пен оның Демократиялық партия атынан шыққан қарсыласы Хиллари Клинтонның арасындағы соңғы пікірталас қызықты болды, бірақ ешнәрсенің басын ашпады.

ТРАМП ПА, ӘЛДЕ КЛИНТОН БА?

Сомалидің астанасы Могадишода туып-өскен Абди кандидаттардың позицияларын түсіне алмағанын айтады.

- Әлемнің әр бөлігінен таныстарым хабарласады - Йоханнесбург, Найробиден қоңырау шалады. Адамдар «Осының бәрі шын ба? Америка шынымен де мына жігітті сайлағалы жатыр ма? (Трампты айтады)» деп сұрайды. Біздің ұлт ретінде жеткен жеріміз осыдан көрінеді. Саясаткерлер адамдарды жалған уәдеге тойдырып жатыр, - дейді ол.

Абдидің отбасы сияқты миллиондаған америкалық азамат қазір теледидардағы дебаттарды жібермей тамашалайды. Өйткені, АҚШ қоғамы ең бір қиын сайлауға дайындалып жатыр.

Хиллари Клинтон (оң жақта) мен Дональд Трамп.

Хиллари Клинтон (оң жақта) мен Дональд Трамп.

Қарашаның 8-інде өтетін сайлауға екі-ақ апта қалды, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізушілер Клинтонның Трамптан озып келе жатқанын айтады. Біреулері «Клинтон сәл ғана басым» десе, енді бір сарапшылар бұрынғы мемлекеттік хатшының «көп алда» екенін ескертеді.

Бірақ сайлау науқанын ұйымдастырудағы кейбір шикіліктер және сайлаушылардың өздері қолдайтын жаққа тым беріліп кетуі америкалық сайлаушылар арасындағы жікті алшақтатып барады. Трамп пен Клинтон дауласқан алдыңғы екі дебат көрермендердің көптігі жағынан рекорд жаңартты. Олар бет жыртысу мен тақырыпты ашып, түсіндіру жағынан жаңа белеске көтерілді.

Оқи отырыңыз: Клинтон мен Трамп бірін-бірі аямады

Қонаққа шақырған достары қонақ бөлмеде кешкі намаздарын оқып жатқанда 52 жастағы Абди Трамптың афроамерикалықтар, мұсылмандар, мексикалықтар мен әйелдерге қатысты намысқа тиетін пікірлерін естіп, өз құлағына өзі сенбегенін айтады.

Абди бұрынғы сайлауларда Билл Клинтонға (демократ), Джордж Бушқа (республикашыл), Барак Обамаға (демократ) және Джон Маккейнге (республикашыл) дауыс беріпті. Биыл кімге дауыс берерін білмей отыр.

АҚШ әуежайлары қауіпсіздігін бақылайтын үкімет агенттігінде инженер болып істейтін Абди «Екеуі де ұнамайды, Дональд Трамп - күлкі келтіретін адам. Хиллариді тыңдаған кезде заңгермен сөйлесіп тұрғандай боласың. Ол әлденені жасырып тұрғандай көрінеді» дейді.

Сайлаушылар алдында сөйлеп тұрған Дональд Трамп.

Сайлаушылар алдында сөйлеп тұрған Дональд Трамп.

Абдидің 52 жастағы әйелі Рахма ешқашан республикашылдарға дауыс бермейтінін айтады. «Трамптың сөзін қараңыз. Америка қоғамы оның кім екенін көріп отыр деп ойлаймын. Әйел адам президент болса қуанар едім. Трамптың жиында, басқа жерлерге сөйлегенін естіген кезде балаларымның болашағы үшін қорқып отырамын» дейді ол.

«ЕКЕУІНІҢ ДЕ ЕСІ ДҰРЫС ЕМЕС»

Абдидің үйіне жиылған сегіз адам кандидаттар сөйлеп жатқан кезде жамырай шулап кетіп жатты. Клинтон Тынық мұхит саудасы жайлы даулы келісімді талқылай бастағанда Абди «Мұның бәрі - құр сөз» деп күбірледі.

Клинтон Трамптың Қытай саудасын кекеткенін, бірақ өзі құрылысқа Қытайдың арзан құрышын қолданғанын бетіне басқанда Абдидің ортаншы ұлы Кайсе «осылай боларын білгенмін» деп күлді. 22 жастағы Кайсе өзінің саяси көзқарасын әлеуметтік консерватизм (social conservative) деп атайды, бірақ ол республикашыл емес және Трампқа дауыс бермейді. «Дональд Трампты сайлауға дейін жек көрген емеспін, бірақ қазір суқаным сүймейді» дейді ол.

Трамп «сайлау нәтижесін құрметтеймін» деген сөзді айтудан бас тартқан соң көршілес Александриядағы 56 жасар такси жүргізушісі Хажи Хусейн АҚШ саясатындағы Демократиялық және Республикалық партиялардың басымдығына күйініп, «Бізге үшінші партия керек» деді.

Сайлаушылармен кездесіп жүрген Хиллари Клинтон (ортада).

Сайлаушылармен кездесіп жүрген Хиллари Клинтон (ортада).

Оның айтуынша, биылғы сайлау «екі кесір арасынан зияны азын таңдау керек» деген мәтелге сай өтіп жатыр. «Америка - ұлы мемлекет. Бірақ осылай сөйлейтін екі адам сайлауға түсті. Бұлардан да жақсы кандидаттар бар еді. Бұл мемлекетті басқарғысы келген адам ақылды, жомарт болуы керек, осы елді қалыптастырған иммигранттардың арқасында өмір сүріп жатқанын түсінуі керек» дейді ол.

Александриялық тағы бір такси жүргізушісі 55 жастағы Ахмед Осман «Трамптың есі дұрыс емес» дейді. «Ол тек Хиллари Клинтонға шабуылдай береді. Оның бар саясаты «Клинтон жаман, Клинтон оңбаған» дегенге тіреледі. Оның позициясын ұқпадым» дейді ол.

«Оның өмірі әйелдерді жыныс мүшесіне қол жүгіртуге кеткен» деді ол жақында жария болған аудиотаспа оқиғасын меңзеп. Онда Трамп дөрекі сөздермен әйелдерге жыныстық бопса жасағанын айтып мақтанады. «Ол бүкіл елді де солай ұстамақ па?» дейді Осман. Теледидар дебаты біткенде Хусейн «Осының бәрі аяқталғанша шыдау керек енді. Екеуінің де ақылы ауысқан» деді.

Майк Экхельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG