Accessibility links

АҚШ-тың Орталық Азияға әскери көмегі


Қырғызстанның "Манас" әуе базасындағы АҚШ әскерлері. 6 наурыз 2010 жыл.

Қырғызстанның "Манас" әуе базасындағы АҚШ әскерлері. 6 наурыз 2010 жыл.

Soros.org сайты АҚШ-тың Орталық Азияға беріп отырған әскери жәрдемі жайлы мақала басты. Зерттеу авторы авторитарлық басшылардың бұл көмекті ел қауіпсіздігі мүддесіне емес, билікті сақтауға пайдаланып отырғанын жазған.

Джошуа Кучера қыркүйектің 26-сы күні жариялаған бұл мақаласында «АҚШ-тың он жылдан бері беріп келе жатқан әскери көмегін бұл елдердің басшылары авторитарлық билікті сақтау үшін теріс мақсатта пайдаланып отыр» деп жазады.

«ЖАСАНДЫ ҚАУІП»

Автор АҚШ үкіметінің соңғы он жылда Орталық Азия аймағына әр түрлі жәрдем жобаларын көбейтіп жібергенін жазған. Вашингтон бұл аймақ елдерінің әскери бөлімдерін қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, білескен оқу-жаттығулар өткізіп, тәжірибе алмасып жатыр.
Ауғанстандағы АҚШ офицері. Ауғанстан-Пәкістан шекарасы, 6 қараша 2008 жыл.

Ауғанстандағы АҚШ офицері. Ауғанстан-Пәкістан шекарасы, 6 қараша 2008 жыл.


Мақала авторы кейбір Орталық Азия елдерінің АҚШ апарған қару-жарақты заңсыз иемденіп кетіп жатқанын жазған. Бірақ «АҚШ бұл елдер иемденіп кеткен қару-жарақ пен құрал-жабдыққа қатысты сұрау салып, мәселе көтермейді».

Автордың пікірінше, АҚШ-тың әскери жәрдемінің астарында әр түрлі мақсат жатуы мүмкін. Мәселен, Орталық Азия елдерімен қалайда жақсы қарым-қатынас орнату.

Аймақ мемлекеттері де Ауғанстандағы тұрақсыздықты бейне бір өз елдеріне төніп тұрған қатер сияқты суреттегенді жақсы көреді. Шындығында олар айтқандай қауіп-қатер әзірше байқалмайды. Қалай болғанда да, АҚШ осы сылтауды пайдаланып, бұл елдермен саяси-экономикалық байланыстарын тереңдетіп, бұл елдердегі қауіпсіздік мәселесін де күшейтті.

Соңғы он жылда АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне берген әскери көмегі айтарлықтай өскен. 1990-2007 жылдар аралығында жәрдем көлемі 5 пайыздан 30 пайызға дейін көбейген. Автордың жазуынша, «Көрсетілген көмектің бәрі құжатталып, тіркеліп жатқан жоқ. Әскери жәрдемнің басым бөлігі қоғамға жария түрде емес, жасырын жолмен беріледі».

Soros.org сайтындағы бұл мақалада әскери көмек алған елдердің «АҚШ-пен арада тағы да «қырғи-қабақ» соғыс басталып кету қаупінен сақтанатындары, сондықтан бұл ақпараттарды құпия ұстауды жөн санайтындары» жазылған.

«ТЕРРОРИЗММЕН ЕМЕС, ОППОЗИЦИЯМЕН КҮРЕСІП КЕТТІ»

Әскери көмек негізінен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жасақ бөлімдеріне көбірек бөлінген.
Орталық Азия арқылы Ауғанстанға әскери техника апара жатқан АҚШ ұшағы. Қырғызстан, 6 наурыз 2010 жыл.

Орталық Азия арқылы Ауғанстанға әскери техника апара жатқан АҚШ ұшағы. Қырғызстан, 6 наурыз 2010 жыл.


Арнайы жасақталған бұл әскери бөлімшелер негізінен терроризм және есірткі саудасымен күресуге міндетті. Алайда, мақала авторының ойынша, Орталық Азия елдерінің үкіметтері көбіне АҚШ-тың көмегімен жасақталған бөлімдерді теріс мақсатта қолдана береді. Яғни бұл арнайы жасақтар «елге төнген қауіппен емес, көбінесе билікке төнген қауіппен күреске пайдаланылады».

Осыған орай автор Тәжікстан мен Қырғызстанды мысалға келтірген. Ол «Террорлық топтармен күресу мақсатында АҚШ-тың көмегімен үйретіліп, жасақталған арнайы бөлімдер 2010 жылы Бішкекте және Қырғызстанның оңтүстігінде болған толқуды басуға қолданылған болуы керек» деп болжайды.

Алайда АҚШ дайындап берген жасақтардың бейбіт халыққа қарсы күрескені жайлы нақты дәлел жоқ.

Мақалада Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің де АҚШ көмегімен дайындалған бөлімдерді жеке мүддесіне пайдаланғаны жазылған. Алайда автор АҚШ үкіметінің бұл мәселе бойынша ешқандай тексерулер жүргізіп, жауапты тұлғаларды анықтау жайлы мәселе көтермегеніне таңданыс білдіреді. «Бішкектегі АҚШ елшілігі де бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін ешқандай әрекет жасаған жоқ» дейді ол.

«ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫП»

Зерттеуші АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне соңғы он жылда берген әскери көмектерін сараптай келе, бұл әрекеттің Ауғанстанмен байланысты екенін баса көрсетеді. Әсіресе АҚШ-тың бұл аймақтағы белсенді әрекеті 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы мен Ирактағы соғыстан соң күшейген.

АҚШ Орталық Азияны әскери база ретінде пайдалануға мүдделі. Себебі Ауғанстандағы әскерін қамтамасыз ету үшін Орталық Азия арқылы өтетін Солтүстік жабдықтау жолына тәуелді.
Әскери көмекті бұл елдерге биліктегі режимдерді сақтау үшін емес, аймақтағы қауіпсіздікті күшейту үшін және Ауғанстан тарапынан төнетін қатерге бірлесе күресу үшін беріп жатырмыз.

Автор осы мәселені зерттеу барысында АҚШ-тан әскери көмекті ең көп алған елдер - Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның, одан кейін АҚШ-тың қауіпсіздік мамандарымен сұхбаттасқан.

«Соның өзінде толық мәлімет алу мүмкін болмады» дейді автор. Себебі АҚШ-тың кейбір лауазымды басшылары бұл мәселе жайында ақпарат беруден бас тартқан. Ал Өзбекстан үкіметі зерттеушіні елге мүлде кіргізбей тастаған.

Осыған байланысты автор «Орталық Азиядағы қауіпсіздік саясатының әлі де жасырын жүріп жатқанын, бұл мәселені тағы да терең зерттей түсу қажет екенін» ескертеді.

Оның ойынша, Орталық Азия елдерінің үкімет басшылары «2014 жылы НАТО мен АҚШ әскері Ауғанстаннан кеткен соң, біздің аймаққа қауіп күшейеді» деген уәжді баса айтып, сылтау ретінде пайдаланып отыр.

Ал АҚШ үкіметі «Әскери көмекті бұл елдерге биліктегі режимдерді сақтау үшін емес, аймақтағы қауіпсіздікті күшейту үшін және Ауғанстан тарапынан төнетін қатерге бірлесе күресу үшін беріп жатырмыз» дейді.

Джошуа Кучера - Орталық Азия туралы тұрақты түрде жазып тұратын америкалық тәуелсіз зерттеуші һәм журналист.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG