Accessibility links

Азық-түлік соғысы ресейліктерге батып отыр


Дүкенде тұрған тұтынушы. Мәскеу, 18 тамыз 2014 жыл.

Дүкенде тұрған тұтынушы. Мәскеу, 18 тамыз 2014 жыл.

Мәскеудің Батыс елдерінен келетін азық-түлік өнімдеріне салған санкциясы Ресейдегі тұтынушыларға ауыр тиді. Импортты шектеу елдегі азық-түлікті қымбаттатып жіберді.

Тамыздың 7-сінде Ресей үкіметінің АҚШ, Еуропа Одағы (ЕО), Австралия, Канада және Норвегиядан келетін көптеген азық-түлік түрлерін сатып алуды бір жылға тоқтату туралы шығарған шешімі көпшілікті таңырқатты. Себебі Ресей өз халқы тұтынатын азық-түліктің 40 пайызын, соның ішінде балық, сүт, ет және ірімшіктің біразын шетелден сатып алады. Бұл шектеу ел тұрғындарына бірден әсер ететіні айқын еді.

КРЕМЛЬ ТЫЙЫМЫНЫҢ ЗАРДАБЫ

БҰҰ мен Дүниежүзілік сауда ұйымының бірлескен мекемесі Халықаралық сауда орталығының мәліметтеріне қарағанда, Ресей былтыр санкцияға іліккен елдерден 17,2 миллиард АҚШ долларына тауар сатып алған, соның ішінде 9,2 миллиард доллар шектеуге түскен азық-түлік тауарларын алуға жұмсалған.

Мәскеудің ойы жүзеге асып, Батыстағы өнім өндірушілер біршама жапа шекті. Экспортын түгелдей дерлік Мәскеуге бағыттап келген, Ресеймен шекаралас жатқан елдер ең көп қиындық көрді. ЕО басшылығы тамыздың 18-інде дәл қазір жеміс-жидек пен көкөнісін жинап, оны сататын нарық таба алмай аңтарылып қалған фермерлерге көмек ретінде 170 миллион доллар қаражат бөлетінін жария етті.

ЕО шығынға ұшыраған шаруаларына көмектесті, ал Ресейдегі тамақ соғысынан ең көп зардап шеккен тұрғындарға жәрдемдесер ешкім жоқ. Мәскеу қалалық әкімшілігінінің деректеріне қарағанда, санкция салынғалы бері қала дүкендерінде балық – 6 пайызға, сүт – 5,3 пайызға, ірімшік – 4,4 пайызға қымбаттаған.

ВИДЕО: Азық-түлік қымбаттауы жайлы мәскеуліктер пікірі

Батыс елдерінің Ресейге салған санкциясының кесірінен инфляцияның 7,5 пайызға шарықтауы да кесірін тигізді. Экономистердің болжауына қарағанда, азық-түлік санкциясы инфляцияны одан сайын арттырып жібермек.

Мәскеудегі жаңа экономика мектебінің бұрынғы ректоры, қазіргі Париж саяси зерттеулер институтының профессоры Сергей Гуриевтің айтуынша, Мәскеу пайыздық мөлшерлемелерді арттыру арқылы инфляция өсімін тоқтатуға тырысады.

"Бірақ бұл Ресейдегі жалпы экономиканың өсіміне кері әсерін тигізеді. Болжанған бір пайыздың орнына биыл өсім азырақ, сірә, ноль пайыз болатын шығар" дейді Гуриев.

РЕСЕЙ ӨНДІРУШІЛЕРІ ЖОҚТЫҢ ОРНЫН ЖАБА АЛА МА?

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев «азық-түлік импортына салынған тыйым отандық өнім өндірісін арттыруға жәрдемдеседі» деп оптимистік танытты. Тамыздың 12-сінде Ресейдің Ставрополь өлкесінде сөз сөйлеген Медведев: «Үкімет ұлттық ауыл шаруашылығының бұрын назарға ілінбей келген салаларын дамытуға қаржы бөледі» деді.

Ресей тамақ өнеркәсібінің көптеген секторы ауқымды реформаны қажет етеді. Бұл саладағы тиімсіз басқарудың салдарынан Батыстың арзан да сапалы тауарлары ішкі нарықты иеленіп алған. Сондықтан бұл шектеу таяу арада ресейлік өндірушілерге үлкен мүмкіндік береді.

Экономист Сергей Гуриев.

Экономист Сергей Гуриев.

«Бәсекелестерінің ығыстырылуы өнім өндіруші үшін үлкен пайда, сондықтан импортқа шектеу қою Ресейдің ауыл шаруашылығы саласына жақсы жаңалық болмақ» деді Гуриев.

Бірақ мұнда де шешілмеген түйткіл жетерлік. Жұртты әуелі «Бұл санкция қанша уақытқа созылады?» деген сұрақ алаңдатады. Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін «Өндірісті толық оңалтып алатындай уақыт беріле ме? Орталық банк инфляцияны тежеу үшін пайыздық мөлшерлемені арттырса, несиенің бағасы да артып кетпей ме?» деген сауалдар мазалайды.

Оның үстіне елде тасымал мәселесі де қиын. Мәселен, ірімшік шығарушылар өнімді молынан өндіру үшін сүтті көптеп қабылдау керек. Мұны оларға кім жеткізіп береді? Оның үстіне ЕО-дан сүт алуға тыйым салынып, сүт нарығының аясы тіпті тарылып кетті. Бұған қоса Ресей сүтінің өзіндік құны Еуропаныкінен 30 пайызға қымбат. Демек, ірімшіктің бағасы да соншалық қымбаттайды деген сөз.

РЕСЕЙ БАСҚА ӨНДІРУШІЛЕРДІ ТАБА АЛА МА?

Мәскеу Еуропаның ЕО-ға кірмейтін елдеріне, Таяу Шығыс пен Латын Америкасындағы өндірушілерге сеніп отыр. Бірақ ЕО мен АҚШ Ресеймен ынтымақтасқысы келген елдерге де қысым жасауы мүмкін.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Египет президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси. Сочи, 12 тамыз 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Египет президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси. Сочи, 12 тамыз 2014 жыл.

Ең алдымен мұндай қысымды Египет бастан кешірді. Тамыздың 11-інде Сочиде Ресей президенті Владимир Путин мен Египет президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси кездесіп, Мәскеу Каирден азық-түлік өнімдерін сатып алатын болып уағдаласқан. Бірнеше күн өтпестен, Брюссельде "ЕО-дан ең үлкен көмек алып отырған Египеттің бұл әрекетіне қандай жауап қату керек?" деген мәселе талқыға түсті. ЕО-ның шешімі кейінірек белгілі болмақ.

ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛМАҚ?

Ресми Кремль азық-түлік импортын шектеу әу баста айтылған бір жылға созылмауы мүмкін екенін де ескертіп отыр. Мұның үстіне жақын арада бұл санкцияның зардабы азая түсетін түрі бар, себебі Ресей басшылығы тікелей әкелуге тыйым салынған тауарларды Кеден Одағындағы серіктес елдерден – Қазақстан мен Беларусьтен «өз өнімдері ретінде» тасымалдауға рұқсат ету мәселесін талқылап жатыр. Еуропада өндірілген өнімдердің қалай «қазақстандық» және «беларусьтік» болып шығатыны айқын емес. Ресей премьері Дмитрий Медведевтің айтуынша, өңдеуден өткізу өнімнің құнын арттырады, сондықтан оны жаңа өнім деп атауға болады.

Өзі тыйым салған өнімді іле-шала Қазақстан мен Беларусьтен алуға рұқсат ету арқылы Ресей тұтынушыларының ашуын басуға күш салып жатқан сияқты. Демек, Мәскеудің бұл санкцияны салудағы түпкі мақсаты – қатаң эмбарго саясатын ұстанудың орнына Батыспен арадағы идеологиялық соғыста өз халқын Кремльдің маңайына топтастыру болса керек.

Тегі орыс америкалық журналист Маша Гессен жақында Washington Post басылымында жарияланған мақаласында: «Мемлекеттік үгіт-насихат машинасы жұрттың қазіргі қиындықтарды қираған Совет экономикасымен емес, Екінші дүниежүзілік соғыспен салыстыруы үшін бар күшін салып жатыр. Яғни оларды жеңіс жолында құрбандыққа баруға итермелейді» деп жазды.

Азаттық тілшісі Чарльз Рекнагельдің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG