Accessibility links

Италия футболшысы Еуро-турнир алдында тұтқындалды


"Лацио" ойыншыларының бірі Стефано Маури. Рим, 13 мамыр 2012 жыл

"Лацио" ойыншыларының бірі Стефано Маури. Рим, 13 мамыр 2012 жыл

Италия футболында тағы да дау туындады. Элиталы А сериясының «Лацио», «Дженоа», «Лечче» командаларына «2010/11 жылғы маусымда келісілген матчтар өткізді» деген айып тағылды.


Қазір Италия полициясы футболдағы жемқорлық ісі бойынша 50 адамды тізімге алып, тексеру жұмыстарын бастады. Оның ішінде бұрын «Дженоа» командасында ойнаған, бүгінде «Зенит» шабуылшысы Доменико Кришито да бар. Бұл футболшы Италия құрамасымен бірге Еуро-турнирге дайындалып жатқан. Қазір Кришито оқу-жаттығу жиынынан кетіп, Еуропа чемпионатына қатыспайтын болды.

Ал мамырдың 28-і күні «келісілген ойындар өткізді» деген айыппен Италия полициясы 14 адам (кей деректерде 19 адам) тұтқындады. Қамалғандардың арасында «Лацио» командасының капитаны Стефано Маури де бар. Ал үш адам үй-қамаққа алынған. Тұтқындалғандардың барлығына «алаяқтықпен айналысу арқылы қылмыстық іс жасады» деген айып тағылды. Бұған қоса, құқық қорғаушылар 30 адамның үйіне тінту жүргізді. Олардың қатарында «Ювентустың» бас бапкері Антонио Конте де бар. Полицейлер оның пәтерін толық тексеріп шыққан.

«Конте бұл жағдайда өзін кінәсіз санайды. Және өзі бұл іске қатысы жоқтығымды дәлелдеуге дайынмын деп отыр» деді қорғаушы Антонио Де Ренчиса АР агенттігіне берген сұхбатында.
Италия құрамасы жаттығу кезінде. 9 қазан 2007 жыл. Көрнекі сурет

Италия құрамасы жаттығу кезінде. 9 қазан 2007 жыл. Көрнекі сурет


Кришитодан бөлек, «Дженоа» және «Фиорентина» командаларында ойнаған, бүгінде «Падова» құрамындағы Омар Миланетто және Эрнан Креспо, грузиялық Каха Каладзе де күдіктілер қатарында бар. Италия құқық қорғау органдары «Сампдория», «Новара», «Виченци», «Торино» және «Модена» командаларының ойыншыларын да тексеруге көшті.

Қазір күдіктілерді тұтқындау және оларды іздестіру жұмыстарымен Кремон қаласының прокуратурасы да айналысып жатыр.

Ал Италия полицейі Раффале Грасси «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында «2010/11 жылғы маусымда өткен «Лацио» - «Дженоа» және «Лечче» – «Лацио» кездесулері күдік тудырып отыр. Бұл ойындар келісілген болуы мүмкін» деп мәлімдеді.

ANSA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Лацио»- «Дженоа» ойыны 2011 жылы мамырдың 14-і күні өткен еді. 37 турдың аясындағы матч 4:2 есебімен «Лационың» пайдасына шешілген. Ал 2011 жылғы мамырдың 10-ы Доменико Кришито мен Джузеппе Скулли бастаған «Дженоа» ойыншылары мейрамханада кездесіп, ойын барысын және «Лацио» командасынан «жеңіліп қалу» мәселесін талқылаған.
Италияның спорт заңына сай, Кришитоның кінәсі дәлелденбесе де, ол 6 айға дейін футболдан шеттетілуі мүмкін. Себебі ол ойынның келісілгенін біле тұра полицейлерге хабарламаған.
«Италияның спорт заңына сай, Кришитоның кінәсі дәлелденбесе де, ол 6 айға дейін футболдан шеттетілуі мүмкін. Себебі ол ойынның келісілгенін біле тұра полицейлерге хабарламаған. Ал егер де кінәсіне айғақ табылса, 2 жылға дейін спорттан кетуі мүмкін» деп жазады агенттік. Егер Кришито 6 айға немесе 2 жылға футболдан қуылса, «Зенит» командасы онымен келісім-шартын бұзуға құқылы.

2011 жылдың маусымында Италияның сыртқы істер министрлігі «келісілген матчтармен күрес» бөлімін құрған еді. Ал 2011 жылдың тамызында «Аталанта» капитаны Кристиано Дони В сериясында «келісілген матчтарға қатысы бар» деген айыппен 3,5 жылға футболдан шеттетілген. Ал «Лацио» және Италия құрамасында ойнаған Джузеппе Синьори де осындай айыппен бес жылға футболдан кеткен еді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG