Accessibility links

Рамзан Қадыров министрді рингте «жазалады»


Шешенстан президенті Рамзан Қадыров пен мәдениет және спорт министрі Саламбек Исмаилов.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров пен мәдениет және спорт министрі Саламбек Исмаилов.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров қол астындағы қызметкерлерді жазалаудың жаңа түрін ойлап тапты. Ол министрлік үйін сапалы етіп салмағаны үшін министрін рингке шақырып алып жұдырықтасты.

Бұқаралық ақпарат құралдарының назарына жиі ілінуге құмар Рамзан Қадыровтың айтуынша, «мемлекеттік мәселені шешу үшін рингтен артық жер жоқ».

Елдің көбі оны мықты спортшы деп біледі. Қадыров өзінің спорттық жаттығулар жасап жатқан суреттерін қысылмай әлеуметтік желілерде жариялай береді. Қарамағындағы министрлерін рингке жекпе-жекке шақырып, олармен сайысқанда өзіне сенімді болатыны содан болса керек.

Қадыров сәуірдің 22-сі күні мәдениет және спорт министрлігін көріп келген соң жаңа ғимараттың эстетикалық жағынан нашар болып шыққанын Instagram арқылы хабарлап, ғимаратты «қаусаған» деп суреттеді.

Рамзан Қадыров «алдағы екі аптада ғимарат тұтастай жөндеуден өтеді» деді. Бірақ ол «бұл жұмыс басталмас бұрын мәдениет және спорт министрі Саламбек Исмаилов жазасын алатынын» да айтты.

Шешенстан президенті әскери шалбар киіп, рингте сайысып жүрген суреттерін Instagram желісінде жариялады. Суреттен Қадыровтың министр Исмаиловты ұрғылап жүргенін, бұл "жекпе-жекті" рингтің шетінде Ресейдің еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Максим Топилин мен Шешенстанның еңбек министрі Мохмад Ахмадовтың тамашалап тұрғанын көруге болады.
"Жекпе-жекті" тамашалап тұрған адамдар.
"Жекпе-жекті" тамашалап тұрған адамдар.

"Жұдырықтасу түріндегі "диалог" кезінде оған оңнан-солдан ақырын соққылар жасап, саусақпен ғана (дұрысы жұдырықпен) нұқып, жұмысты баспен істеу керек екенін ұқтырдым" деп жазды Рамзан Қадыров.

Қадыров бұл «жекпе-жектен» бұрын «Исмаиловтың шлем киюіне рұқсат бермеймін» деген. Бірақ төбелес басталғанда ол райынан қайтып, министрге шлем киюге рұқсат берді. «Қалай болғанда да ол ертең жұмысқа баруы керек қой» деді Қадыров.

Шешенстан басшысы келесі күні ендігі «жекпе-жекке» шығатын адамдардың аттарын жаңартып қойды. Ол жиналыс кезінде еңбек министрі Ахмадовқа да ескерту жасады. Жұрт олардың «жекпе-жегі» қашан болар екен деп күтіп отыр.

«Ахмадов та рингте жазалана ма, жоқ па – ол ертеңгі жиналыстан соң белгілі болады» деп жазды Қадыров.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың Instagram желісіндегі суреті.
Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың Instagram желісіндегі суреті.

Халықаралық ұйымдар Кремльдің одақтасы Рамзан Қадыровты «қарсыластарын қорлап, адам құқықтарын аяққа таптайды» деп айыптайды. АҚШ-та осы айдың басында жариялаған «Магнитский тізімінде» Қадыровтың есімі болмағанымен, ол осындай санкция салынған басқа тізімге енді деген хабар бар.

Осы жылдың басында Қадыров Грозныйдің «Терек» командасы мен Татарстанның «Рубин» командалары Грозный қаласында футбол ойнап жатқан кезде ашуланып, өз-өзіне ие бола алмай қалған. Ол стадиондағы диктордың микрофонын тартып алып: «Төреші сатылған! Адам емес, мал!» деп айғайлаған.

Рамзан Қадыров қазір айғайлаудан шаршап, адамды «физикалық» тұрғыда жазалау әдісіне көшкен сияқты.

Мақаланы Сағынай Кәрім аударған.
XS
SM
MD
LG