Саясат

Заманбек Нұрқаділов зиратының басында оппозиция ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап етті

Оппозиция жетекшілері Заманбек Нұрқаділовтың әруағына құран бағыштады. Алматы, Кеңсай зираты, 12 қараша, 2008 ж.

12.11.2008
Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

Кеше Қазақстан оппозициясы үш жыл бұрын жұмбақ жағдайда қаза тапқан Заманбек Нұрқаділовті еске алу шарасын өткізіп, марқұмның зираты басында рухына құран бағыштап, арнайы мәлімдеме де жасады.

Заманбек Нұрқаділовтың қаза тапқанына үш жыл толса да, шындықтың беті ашылған жоқ. Ресми тергеудің белгілі диссиденттің үш рет атып, өзін-өзі өлтіргендігі туралы қорытынды жасағаны белгілі. Бірақ көпшілік Заманбек Нұрқаділовтің осындай жолмен өлгеніне әлі күнге шейін сенбейді. «Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілов Заманбектің өліміне қатысты тергеу жұмыстарын қайта қарастыру керек деп санайды.

- Бүгін қайғылы оқиғаға үш жыл толып отыр. Біз оның саяси өлім болғанын сенімді түрде айта аламыз. Ешкім оның өзін-өзі өлтіргеніне сенбейді. Бұған нақты адамдар жауап беруі тиіс. Оның арасында тергеу жұмысын басқарған Бауыржан Мұхамеджанов та бар.

Қоғам қайраткері марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы Заманбек секілді тұлғаларды өмірден күштеп кетіру өкінішке қарай, бүгінгі Қазақстан қоғамына тән үйреншікті құбылысқа айналғанын тілге тиек етті.

- Өр мінезі, турашылдығы, батылдығы, қоғамға, елге, ұлтқа деген жанашырлығы, елдің мүддесіне қайшы келетін нәрсеге төзбейтін қасиеттері бұл кісінің жауын көбейтті. Жанға бататыны – бұл кісі өзіне-өзі қол жұмсаған жоқ, шейіт кеткен адам. Қастандықтың құрбаны болған адам. Кісі қолынан қаза тапқан адамды өзін-өзі өлтірді деу – бұл әруақты қорлау, әруақты айыптау. Кешірілмейтін нәрсе.

Ал «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Петр Своик марқұмның өліміне қатысты шындықтың күндердің күнінде ашылатынына сенімді.

- Көпке Заманбектің өз-өзін үш рет атып өлтіргені жайлы айту — масқара нәрсе, жеке алғанда, бұл Ішкі істер министрінің масқаралық әрекеті. Бұл алдаушылық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Заманбекті өлтіргені анық. Не үшін өлтіргені туралы қазірдің өзінде негізделген болжамдар айтуға болады. Тіпті нақты орындаушыны айтпағанның өзінде оны өлтіруге саяси жүйе тапсырыс берді. Бұл жерде жасыратындай ешнәрсе жоқ.

Заманбек Нұрқаділовты еске алу соңында елдегі оппозициялық партия өкілдері ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың отставкаға кетуін талап етіп, оны жауапқа тарту туралы саяси мәлімдеме жасады.

«Азат», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстанның Коммунистік партиясы т.б. ұйымдар қол қойған аталған мәлімдемеде төмендегідей жолдар бар:

«Министр Заманбек Нұрқаділовтың «үш рет өзін-өзі өлтіргені» жайлы тергеу қорытындысын жариялау арқылы және биліктің оппоненті Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілеріне жасалған қастандықты тергеу арқылы Ішкі істер министрлігінің «даңқын асырып, атағын шығарды" делінген мәлімдемеде.

Оппозиция серкелерінің айтуынша, «бұл қайғылы оқиғаға қатысты тергеуді басқару барысында министр шынайы тапсырыс беруші мен нағыз қылмыскерлерді қылмыстық жауапкершіліктен алшақтатып, құтқаруға тырысқан»

«Біздің ойымызша, Бауыржан Мұхамеджанов сияқты адамдар биліктен неғұрым тезірек аластатылған сайын елдегі саяси ахуал соғұрлым жылдам сауыға бастайды» деп жазылған Қазақстан оппозициясы өкілдерінің мәлімдемесінде.

Өмірінің соңғы жылдарында Заманбек Нұрқаділов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатал сыншысы болған еді. Заманбек Нұрқаділовтың мәйіті 2005 жылдың 12 қарашасы күні кешке жақын үйінен табылды, оның кеудесін көздеп атылған екі оқ пен басына тиген бір оқтан қаза тапқаны белгілі болды. Қазақстан билігі болса режимнің қатал сыншысына айналған қайраткердің өлімін өзіне-өзі қол жұмсау, демек өзін-өзі өлтірді деген тұжырымға келді. Содан бері үш жыл өтсе де, Заманбек өлімінің айналасындағы құпияға толы жұмбақ қоюлай түспесе, сейілген жоқ.
 
 
Бұл форумда жариялануды қалайсыз ба?
Аты-жөні *
Мекені
E-mail
Пікір *
Пікіріңізді білдірместен бұрын Форум ережелерін оқып шығыңыз

Пікірлер 1-4 (жиыны 4)
Кімнен: tenes Қайдан: hetay
18.11.2008 09:42

jalgande jalpagenan basep ,bukil bala - xagasemen yrahte ashan jawezdehpen biylegen sadamde da tangir boxteng holimen jazalade .tangirdeng hel arhani uzen .jawezdardeng basenada bir kuni hureh tuser .


Кімнен: alax Қайдан: almate
13.11.2008 11:12

hazahteng hasireti,zamanbektey ulena karimdey(masimov)almasterep otergoy.nazarbayovtan ne kutuwge bolade.


Кімнен: alax Қайдан: kazak
13.11.2008 10:49

barin belehterep otergan nursultan.ahxane altende olse korine aketeme? hezen hergezga berdi hazah elining okimet biligin sartha(uygur)berdi.hazakte hurtegoy.


Кімнен: Сансызбай Қайдан: Алматы қаласы
13.11.2008 01:09

Зәкеңді өлтіргендерге Жаратқан өзі жазасын берер. Амал қанша, Алла тағаладан басқаға бас имейтін соңғы баһадүр қапыда кетті. Енді ондай ер туар ма екен, тумас па екен? Ал түбінде өлтіргендер емес, өлтірткендер әшкереленетін болады. Халыққа керегі де осы.Сол күнді көрген жұртта арман жоқ шығар.

Пікірлер 1-4 (жиыны 4)
Мәтін көлемі