Accessibility links

Ұлттық банкті Астанаға көшіруде не гәп бар?


Ұлттық банктің Алматыдағы ғимараты.
Ұлттық банктің Алматыдағы ғимараты.

Қазақстан президенті ұлттық банкті Алматыдан Астанаға көшіруге жарлық қылды. Сарапшылар бұл шешімнің бірнеше себебі барын айтады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мамырдың 19-ы күні Астана қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру және ұлттық банкті Алматыдан Астанаға көшіру туралы жарлық шығарды.

Жарлыққа қарағанда, бұл шешім ұлттық экономиканы модернизациялау мақсатында жасалған. Құжатта енді құрылмақ «Астана» қаржы орталығын 2020 жылға дейін Азиядағы 10 үздік, дүниежүзіндегі 30 жетекші қаржы орталықтарының қатарына іліктіру шарасын жасау керегі де айтылған.

Құжатқа сәйкес, Алматыдағы ұлттық банктің орталық аппараты мен оған тиесілі ұйымдары 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін кезең-кезеңімен Астанаға көшіп бітуі тиіс.

Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар ұлттық банкті Қазақстанның қаржы орталығы саналып келген Алматыдан көшірудің қандай себептері бар екенін талдады.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы.
Досым Сәтпаев, саясаттанушы.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы

– Бұл – ұлттық банк төрағаларының тікелей ынтасы. Григорий Марченко басшы болған кезінде ұлттық банктің Астанаға көшуіне белсенді қарсы болды. Ол «ұлттық банк тәуелсіз ойыншы болғысы келсе, Астанадағы шенеуніктерден алыстау болғаны жөн» деп санайтын.

Ұлттық банкке басшылыққа Қайрат Келімбетовтің келуімен бәрі өзгерді. Ол басынан-ақ қоныс аудару жайлы сөз қозғаған. Марченко тәуелсіз екендігін көрсетіп келсе, Келімбетовке саяси ортада, мемлекет басшысына жақынырақ жүргені маңыздырақ. Сондықтан ұлттық банктің Астанаға көшуі төрағасының белсенді қатысуымен болып отыр.

Саяси шешім және бизнес мүддесі деген бар. Бизнес құрылымдарды күштеп белгілі бір жерге көшіруге болады. Ал бизнес өзіне қай жер ыңғайлы екенін өзі шешеді. Бірақ көптеген мемлекеттік емес бизнес құрылымдар үшін Алматы – логистика тұрғысынан болсын, жайлылық жағынан болсын – ең ыңғайлысы.

Астанаға ірі құрылымдарды көшіріп тастағанымен, Алматы іс жүзінде Қазақстанның экономикалық әрі қаржылық орталығы болып қала береді. Өйткені Алматы – Қазақстан бюджетінің ең ірі донорларының бірі.

Оразалы Сәбден, экономист.
Оразалы Сәбден, экономист.

Оразалы Сәбден, экономист

– Ұлттық банктің Астанаға көшуі үлкен саяси мәселе емес. Бірақ, менің ойымша, ұлттық банк Алматыда қалғаны жөн еді. Өйткені Алматыны болашақта үлкен қаржы орталығына айналдыру мәселесі тұр. Сол себепті ұлттық банк тұрған Алматы қаржы орталығы болып бір жақта, ал парламенті мен үкіметі бар Астана саяси орталық есебінде бір жақта болғаны дұрыс. Алматы мегаполисі өте үлкен, оның мүмкіндігі де үлкен, интеллектуалды күші де көп. Алматы қаржылық орталық болып қалыптасса, бес-он жылда үлкен тіршілік болар еді. Бірақ билік қаржыны уысынан шығармай, жақын маңда тұрса деп ойлайды ғой. Жалпы, билік қаржыдан алыс жүргені жақсы болар еді, екеуі – екі бөлек сала.

Әміржан Қосанов, саясаткер.
Әміржан Қосанов, саясаткер.

Әміржан Қосанов, саясаткер

– Біріншіден, Астанада мемлекеттік мекемелер отыратын ғимараттар көп салынып қойылды. Кезінде «үкімет ғимараттарындағы пәленше мың метр аумақ бос жатыр, оларды қалай жалға береміз» деген ақпарат болды. Екіншіден, ЕХРО кезінде Астананы Қазақстанның нағыз орталығы ретінде көрсету керек шығар, сондықтан олар осындай шешім қабылдады. Бірақ біздің саясатта бірізділік жоқ. Байқасаңыздар, бұрынырақ президент Назарбаевтың өзі «Алматы Орталық Азиядағы қаржы орталығы болады» деген еді. Сондықтан осының барлығы аяқастынан қабылданған шешім деп ойлаймын.

Жалпы, Астана мен Алматының дамуында өзгешелік бар. Алматы өркениетті түрде және нарық заңына сәйкес үкіметтің қолдауынсыз дамып жатыр. Астана тек қана шенеуніктердің шешімі және волюнтаристік жолымен ғана дамып, нарықтың заңдарын ескеріп жатқан жоқ.

Владислав Косарев, парламент мәжілісі депутаты.
Владислав Косарев, парламент мәжілісі депутаты.

Владислав Косарев, парламент мәжілісі депутаты

– Банктің қайда отыратыны бәрібір емес пе? Бастысы ұлттық валютаның жұмсалғанын бақылап, дефолтты болдырмай, адамдарға қызмет көрсетсе болды емес пе? Ұлттық банктің үкіметтің жанында болғаны дұрыс. Керек кезде кездесіп, ары-бері барып-келуге ақша кетірмегені жөн. Әйтпесе бізде кей республикалық ведомстволар таңғы асын Алматыда, түскі асын Астанада, ал кешкі асын, мәселен, Өскеменде ішеді. Бұлай істеуге болмайды ғой. Сондықтан мен бұл қоныс аударуды құптаймын.

XS
SM
MD
LG