Жұма, 25 мамыр 2012, Алматы 02:29

САЯСАТ

«Өкіл қайын ата» және сөз еркіндігі

Бас прокуратура Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабын қолына алған қазақстандық азаматтың қылмыстық жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Дегенмен интернет арқылы көптеген азамат оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де кітапқа тапсырыс беріпті. Ал президентке қатысты тағы бір азамат, экс-сенатор Уәлихан Қайсар кітап жазуда екен.

Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов. Астана, 21мамыр, 2009 жыл.
x
Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов. Астана, 21мамыр, 2009 жыл.
Мәтін көлемі - +
БАС ПРОКУРАТУРА КІТАПТЫҢ БАРЛЫҚ ДАНАСЫН ҚАЛАЙ ТӘРКІЛЕРІН БІЛМЕЙДІ

Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов Рахат Әлиевтің шетел баспасынан шыққан «Өкіл қайын ата» кітабына қатысты бас қадағалаушы мекеме үстіміздегі жылдың 15 мамырында арнайы бұйрық шығарып, екі қылмыстық іс қозғағанын ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл іске қатысты енді аталған кітапты оқыған, таратқан, одан үзінді келтірген азаматтар да қылмыстық жауапқа тартылатын болады.

- Кітапты қолыңа алсаңыз болды, жауапқа тартыласыз. Қазақстандық азаматтар егер ол кітапты алатын болса, онда жалған құжаттар бар. Қазір сараптама жүріп жатыр. Қазақстандық азаматтарды сақтандыру үшін, мемлекеттік құпия бар құжаттарға заңсыз кірмес үшін, қылмыстық жауапкершілікке тартылып кетпес үшін, біз алдын ала ескертіп жатырмыз. Кітапты алған адам ол біреуге көрсетеді ғой, ол жайында айтады, ол адам қылмыскерге көмек көрсеткен болып саналады, - дейді Сапарбек Нұрпейісов.

Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 143- бабының екінші тармағына сәйкес, «қызметтік бабын немесе астыртын ақпарат алудың арнайы техникалық құралдарын пайдалана отырып, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошталық, телеграфтық және басқа да хабарлама құпиясын заңсыз жария қылу» және 172-баптың екінші тармағы бойынша, Қазақстан азаматтары туралы жалған мәлімет таратып, ар-ұждандарына, абыройына нұқсан келтірді деген айыппен қозғалған қылмыстық істерді тергеуге Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетіне жіберіпті. Ал арнайы мекеме қаулы шығарып, бұл іс бойынша тергеу жұмыстарын бастап кетіпті.

Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 121-бабына сәйкес, «Өкіл қайын ата» кітабының барлық тиражын тәркілеу жөнінде де бұйрық шығыпты. Алайда Германияның баспасында жарық көрген ол кітаптарды қалай тәркілейтіндігі жөнінде Сапарбек Нұрпейісов  жауап беруден бас тартты.

Рахат Әлиевтің кітабы жайында жазған  Азаттық радиосы туралы қойған сауалымызға Сапарбек Нүрпейісов  әзір тергеу амалдары жүріп жатыр, тергеу барысында анықталады деп жауап берді.

Ең бастысы ол кітаптың бірнеше данасы құқық қорғау мекемелерінің қолдарына түсіпті. Оның ішінде Бас прокуратура да бар. Сапарбек Нұрпейісовтың  өзі кітапты бастан аяқ оқып шыққанын айтады. «Ал сендерге оқуға кеңес бермеймін» дейді ол.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ДЕ РАХАТТЫҢ КІТАБЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТУДА

Осылайша, бас қадағалаушы мекеме жарық көргеніне оншақты ғана күн болған Рахат Әлиевтің кітабымен алысып жатқанда, Қазақстандағы біраз азаматтар интернет арқылы «Өкіл қайын ата» кітабына тапсырыс беріп үлгеріпті. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де бар. Атын атамауды сұраған мемлекеттік қызметкер интернет кафелердің бірінде қызық үшін кітапқа тапсырыс бергенін айтады. Енді бас прокуратураның мәлімдемесінен кейін не істерін білмей, мазасы кеткенін жазып жіберіпті. Сол секілді Алексей есімді Астана тұрғыны да Мәскеудегі жолдастары арқылы тапсырыс беріпті.

- Мәскеудегі жолдастарым Еуропаға жиі шығып тұрады. Мен әріптестеріммен бірге бірнеше данаға тапсырыс бердік. Ол алдымен Мәскеуге жетсін, сосын Қазақстанға әкелудің амалын іздестіреміз ғой. Қайткен күнде де, ол бізге жетеді, - дейді Алексей.

Рахат Әлиевтің кітабына қызығушылық білдіріп отырғанының себебін Алексей Азаттық радиосына айтып берді:

- Рахат Әлиев президенттің бұрынғы күйеу баласы. Түрлі жоғары лауазымды қызметтерде істеді. Оның Ақорда туралы не айтатыны мен үшін қызық, әрине. Бірақ ол кітапта жазылғандарды жүз пайызы шындыққа сәйкес келеді деп айту маған қиын. Соған қарамастан сөз бостандығы, демократия бар деген елде әртүрлі пікірді білу біздің құқығымыз, ал бас прокуратураның мәлімдемесі біздің құқығымызды шектеп отыр.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ТУРАЛЫ ТАҒЫ  КІТАП ЖАЗЫЛЫП ЖАТЫР

Президент туралы кітап жазған Рахат Әлиев жалғыз емес. «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілев те өзінің сұхбатында кітап жазып жатқаны жөнінде айтқан еді. Мемлекет басшысының туған күні қарсаңында «Президентпен ерлерше сөйлесу» деген тағы бір кітап жарық көрмек. 

Оның ауторы - экс-сенатор Уәлихан Қайсар. Ол да Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабына тапсырыс бергенін айтады Азаттық радиосына.

- Осының алдында электрондық нұсқада кітап жарық көрді деді ғой. Оны мен оқып шыққам. Бірақ кітаптың жалған екенін сезгенмін. Енді осы жолы кітап болып шықты дегенді естіп, Германияның, Кельн қаласында тұратын жігіттермен сөйлесіп, «Өкіл қайын ата» кітабының орысша нұсқасын сатып алуларын сұрадым. Неге десеңіз, Рахат Әлиевтің өзінің айтуынша, кітапты 532 бетпен шығарыпты. Оны оқуға менің ынтам зор. Бас прокуратураның мәлімдемесінен кейін, қызығушылығым тіптен артты. Ал кітапты оқыған үшін жауапқа тарту деген тіптен заңға қайшы келеді. Бұған енді айтатын сөз жоқ. Нағыз цензура. Ол адамның аузын байлап тастағанмен бірдей, - дейді Уәлихан Қайсар.

Уәлихан Қайсар бас прокуратураның мәлімдемесіне қарамастан, президент жайлы өзінің кітабын жазып бітіретінін, оны президенттің туған күні - 6 шілде қарсаңында жарыққа шығаруға дайындалып жатқанын айтады.

- Менің «Президентпен ерлерше сөйлесу» деген кітабым аяқталуға жақын. Жүз беттейі ғана қалды. Меніңше, Бас прокуратураның шығарған үкімі, президентке қатысты кітап жазатындардың жолын кесу үшін жасалған іс-әрекет деп ойлаймын. Бұл қорқыту амалдарының бірі. Бірақ мен кітабымды аяқтаймын. Бастаған ісімді міндетті түрде бітірем. Бас прокуратура мені қорқыта алмайды. Өкінішке қарай, осы жағдайдан кейін, кітабымды Қазақстанда бастырмайтын шығар. Маған да басқа елде бастыруға тура келетін шығар», - дейді экс- сенатор Уалихан Қайсар.

Ал Уәлихан Қайсардың бұрынғы әріптесі, ол да экс-сенатор, қазірде құқық қорғаушы Зәуреш Батталова құқықтық мемлекетте ол кітапты оқыдың ба, жоқ па, кез келген іске сот төрелік ету керек дейді Азаттық радиосына.

- Биліктің өзі қуғындалған адамды ұлттық батыр етіп отыр. Егер ол кітапта мемлекеттік құпия ашылса, онда тек Рахат Әлиевті ғана емес, ол құпия ақпаратты ашуға жол берген барлық жоғары лауазымды қызметкерлерді де жауапқа тарту керек. Елде саяси кадрды бір ғана адамның шешетінін бәрі жақсы біледі. Билік тыйым салынған дүниенің әрқашанда тәтті келетінін ұмытпауы керек, - дейді Зәуреш Батталова.



CАЙТЫМЫЗҒА ТІРКЕЛІҢІЗ!

Құрметті оқырман!

Комментіңізді неғұрлым жылдам шығарып, Азаттық журналистеріне тікелей сын-ескертпе немесе ұсыныс айтып, өзге оқырмандармен ашық пікір алмасқыңыз келсе, сайтымызға тіркеліңіз.

Тіркелу үшін мына жерді басыңыз

Тіркелген соң сайттың оң жақ шекесіндегі «Кіріңіз» деген терезе арқылы еніп, пікір жаза аласыз.

Құрметпен,
Азаттығыңыз
Бұл форум жабық. Бірақ, Азаттықтың Facebook-тағы парақшасында жалғастыра аласыз: www.facebook.com/azattyq
Пікірлерді іріктеу
Пікір
     
Кімнен: Ерол Қайдан: Алматы
22.05.2009 09:56
+0 / -0
Сұмдық-ай! Аузымызды шынжырлайын деді ме? Сталин заманы келді Қазақстанға!!!

Кімнен: Асан Қайдан: Алматы
22.05.2009 10:13
+0 / -0
-"Қап!" десе қабатын, "Жат!" десе жататын тоңмойын құқық қорғау органдарының санасыз әрекеті өздеріне лайық. Қызығы, қарсылас туралы әшкерелеуші кітап жазу — қазақ саяси күресіндегі ықпал етудің ең тиімді тәсілдерінің біріне айналғанында. Мұның ізашары "Ордалы жылан", одан кейін М.Әбіләзівтің кітабы. Қажыгелдиннің қандай әшкерелеуші кітап жазғанын есіме түсіре алмадым, білетіндер айтар. Бірақ бұларға қазақ қоғамы дәл осылай ыждаһаттап назар аудармаған еді. Өйткені біз өз билігіміздің механизмдері туралы ақпаратқа сусағанымыз соншалықты басқадай жолмен мағлұмат алудың мүмкіндігінен толық айырылдық. Ал саясат төңірегінде жүргендердің кітапқа бет қоюы аяқ астынан жазушылық талантының пайда болғандығын емес, айтпаса, жазбаса болмаса атасы өлетін сөздер мен фактілердің шектен тыс көбеюі және қарсыласпен үйде жатып кітап жазып күрескеннен басқа жол қалмағандығы. Несі бар, бұл да жақсы әдіс.Қиял-ғажайып уақиғалар мен шындықтың қоспасынан құралған детектив жанрындағы әдебиеттер және деректі дүниелерді оқырман өзі іріктеп алады. Ең бастысы тасқа түскен таңба өшпейді.

Кімнен: menmin Қайдан: sensin
22.05.2009 10:47
+0 / -0
kulki keletin jagdai goi ya bul halai adam ne ohidi ozi biledi emespe hizih eken bayagidagi kommunizm Kazakhstanda ali bar. hilmisha tartamiz deidi odan ari adamdar intasi artadi ol kitapha. olar ozinin masxarasi shigadi dep horihhanan erterek osi isti istegeni goi ozinshe

Кімнен: Аман
22.05.2009 11:12
+0 / -0
Сол кітапта жазылған "Мемлекеттік құпия" бар болса ол қазір құпия емес қой, өйткені оны қазір бүкіл дүние жүзі білді десе болады. Прокуратураның айтуынан түсінгеніміз, енді оны Қазақстан халқы білмеу керек. Онда ол кітапта тек Қазақстан халқы білмеу керек құпия болды ғой. Міне парадокс.

Кімнен: Тайтепкір
22.05.2009 14:01
+0 / -0
Ол кітапта Р.Алиевтің жалған материалдарды жария етті деуге негіз жоқ. Өйткені ол сол семьяның ортасынан шықты емеспе.Рахаттан артық кім біледі семьядағы жағдайды және ол жоғарғы лауазымдағы қызметтерде істеді. Кітаптың негізі шындық болу керек деп ойлаймын, биліктің бұндай қарсылық көрсетуіне қарағанда.

Кімнен: Шындық Қайдан: Астана
22.05.2009 14:22
+0 / -0
Іс кітаптің ішіндегі фактілерге қозғалып шын өтірігін ажыратып халыққа түсіндіру керек шығар ,кітәпті оқуға тиым салғанша.

Кімнен: Еролға
22.05.2009 20:40
+0 / -0
Ауыздың шынжырланғаны қашан, енді сенің көзіңді ойып тастағалы жатыр! 8-/

Кімнен: Алашұлы Қайдан: Арқа жерінен
22.05.2009 22:55
+0 / -0
Мына билік әбден шектен шығып бітті-ау. Сталиндік режимнен қай жері кем. Билік үшін иттей ырылдасып, таласқандар қазақтың ар-намысын таптап, ойыншыққа айналдырып бітті-ау.

Кімнен: оқырман
22.05.2009 23:41
+0 / -0
ал, мені ұстаңдар, мен бұл кітапты оқып алдым, оқып алдым, миыма тоқып алдым, тоқып алдым, енді ел-жұртқа жаям!!

Кімнен: нурказак Қайдан: нурастана
24.05.2009 04:10
+0 / -0
Енд1 мына сумдыкты окыныз!Мына жерден: http://www.ng.ru/printed/ 225693