Accessibility links

Наталья Соколова босатылды


Наталья Соколова, "Қаражанбасмұнайгаз" компаниясы жұмысшыларының заңгері.
Наталья Соколова, "Қаражанбасмұнайгаз" компаниясы жұмысшыларының заңгері.

«Қаражанбасмұнай» компаниясы мұнайшыларының белсендісі, 6 жылға сотталған кәсіподақ заңгері Наталья Соколова түрмеден шықты. Оған 3 жыл шартты жаза ғана тағайындалды.


2011 жылдың тамыз айында «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айыппен 6 жылға сотталған Наталья Соколова 9 айдан астам уақыт Атырау қаласындағы 157/11 әйелдер колониясында жазасын өтеді. Ол ісіне қатысты шағым жоғарғы сотқа жеткеннен кейін әйелдер мерекесі қарсаңында бостандыққа шықты.

«БИЛІКТІҢ СОКОЛОВАНЫ БОСАТҚАНЫ - ОНЫҢ КІНӘСІЗ ЕКЕНІН МОЙЫНДАҒАНЫ»

– Бас прокуратураның наразылығы негізінде жоғарғы сот наурыздың 6-сында қаулы шығарды. Оның негізінде маған 6 жылдың орнына 3 жыл жаза мерзімі беріліп, шартты жаза тағайындалды. Бұл 3 жылдың 2 жылы – сынақ мерзімі. Бұған қоса 3 жыл қоғамдық жұмыстарға араласуға тыйым салынды, – деді наурыздың 10-ы күні Азаттық тілшісіне түсініктеме берген Наталья Соколова.

Ол «құзырлы органдардың рұқсатынсыз әзірше қандай да бір сұхбат бере алмайтынын» айтты.

Саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің ойынша, «биліктің аяқ астынан рақымгершілік
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 29 ақпан 2012 жыл.
танытып, Соколованың босатуының бірнеше астары бар».

- Біріншіден, Соколованың сотталуына байланысты халықаралық деңгейді шу көтеріліп, ЕҚЫҰ және БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар тарапынан талап қойылды. Екіншіден, Жаңаөзен оқиғасы биліктің бетін ашып берді. Биліктің сыр бермеуге тырысып, кінәні басқаға жаппақ әрекеті қазір нәтижесіз болып жатыр, - дейді ол.

Саясаткердің ойынша, бұл оқиға - «Соколованың «кінәсі» ауыр емес екенін, тіпті оның кінәсіз екенін биліктің мойындауы».

Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, Наталья Соколованың босатылуы оны сотттаған баппен - «әлеуметтік араздықты туғызды» деген айыппен тергеліп жатқан азаматтардың да ақталып шығуына да әсер етеді.

«ЕРЕУІЛДІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ, АРАНДАТУШЫ» СОКОЛОВА

Бұрын «Қаражанбасмұнай» компаниясы кадр департаментінің бастығы болған Наталья Соколованың соты жабық өтті. Сотқа туыстары мен таныстары кіргізілген жоқ, тек адвокаты ғана қатысқан.

Наталья Соколова сот барысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

– Арбитражға қатысу, айлықты салыстыру және коэффициентті талқыға салу, кәсіподақ жиналыстарын өткізу – жұмысшылардың заңды құқықтары, кәдімгі нәрселер, – деген еді мұнайшылар кәсіподағының заңгері.

Ал «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» компаниясы Азаттық радиосына берген
Қаланың орталық алаңында отырған ереуілші мұнайшылар. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
Қаланың орталық алаңында отырған ереуілші мұнайшылар. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.
жауабында Наталья Соколованы «Қаражанбасмұнай» және «Өзенмұнайгаз» кен орындарында мамырдан бері жалғасып жатқан ереуілдердің ұйымдастырушысы, арандатушы» деп атаған.

«Қаражанбасмұнай» компаниясындағы ереуіл 17 мамырда, «Өзенмұнайгаздағы» ереуіл 26 мамырда басталған. Сот 20 және 27 мамыр күндері бұл ереуілдерді заңсыз деп тапты.

Ереуілшілер жалақыны көбейтуді, қосымша өтемақы төлеуді талап етті. Олардың тағы бір талабы кәсіподақ заңгері Наталья Соколованы босату болатын.

Қарсылық акциясы барысында мыңдаған адам жұмыстан шығарылды. Мұнай компаниясы басшылығы босаған орындарға мыңдаған өтініш түскенін мәлімдеді.

Маңғыстау облысының Бозащы түбегіндегі мұнай кенін игеріп жатқан «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы компаниясының 2007 жылғы 12 желтоқсаннан бергі иелері – Қытайдың CITIC (China International Trust & Investment Corp.) Group мемлекеттік инвестициялық корпорациясы мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» барлау өндіру» компаниясы.

ЕРЕУІЛДІҢ АҚЫРЫ ЖӘНЕ «АЙЫПТЫЛАР»

Маңғыстау облысындағы мұнайшылардың жеті айға созылған ереуілі 2011 жылғы 16 желтоқсанға дейін жалғасты. Сол күні Жаңаөзенде полиция қарусыз адамдарға қарсы оқ атып, ресми мәлімет бойынша 16 адам қаза болды.

Ертеңінде, желтоқсанның 17-сі күні сол аймақтағы Шетпе кентінің тұрғындары
Жаңаөзен оқиғасы кезінде оққа ұшқан адамды сабап жатқан полицейлер. (Видеодан көрініс). Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде оққа ұшқан адамды сабап жатқан полицейлер. (Видеодан көрініс). Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.
"Алматы-Маңғыстау" пойызын тоқтатып тастап, полиция мен тұрғындар арасында болған қақтығыста полицейлер атқан оқтан бір адам қаза тапты.

Қазақстан билігі "осы оқиғаны ұйымдастырды, тәртіпсіздік жасады" деген айыппен біраз азаматтарды тергеп жатыр. Бірақ қамауда отырған адамдардың нақты саны әр деректе әр түрлі айтылады.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков "Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп жеті, оған белсенді қатысты деп 36 - барлығы 43 адам анықталып, жауапқа тартылатынын" хабарлаған.

Жаңаөзен оқиғасын тексеру үшін құрылған тәуелсіз «Жаңаөзен-2011» комитетінің мүшелерінің 29 ақпан күнгі дерегіне қарағанда, Жаңаөзеннің 29 азаматы, Шетпенің 11 азаматы - барлығы 40 адам қамауда отыр.

Ал бас прокуратураның тергеу заңдылығын қадағалау департаменті бастығының орынбасары Сапарбек Нұрпейісовтің 1 наурыз күнгі мәлімдемесіне қарағанда, Жаңаөзен оқиғасы бойынша қамалған алты адам босатылған, қазір қамауда 29 адам қалған (барлығы 35 адам). Оның айтуынша, қамаудағы 29-дың көпшілігінің "қылмысы ауыр болғандықтан" рақымшылыққа ілінуі екіталай.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицейлердің бейбіт халықты атуы заңға сай болды
Президент Назарбаев Жаңаөзен полицейлерімен сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.
Президент Назарбаев Жаңаөзен полицейлерімен сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.
деген Қазақстан билігі кейін қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін бірнеше полицейді жауапқа тартты.

Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың 25 қаңтар күнгі мәлімдемесіне қарағанда, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Утегалиев, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Бағдабаев, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Бақытқалиұлы, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің жедел уәкілі Жолдыбаев «адамдардың өліміне әкеп соққан қару-жарақты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып қолданғаны үшін» қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

"Жаңаөзен қаласын көркейтуге арналған ірі қаражатты жымқырды" деген айыппен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Амангелді Айтқұлов тұтқындалды. Жаңаөзеннің бұрынғы әкімдері Жалғас Бабаханов пен Орақ Сарбөпеев те қамауға алынды. Оларға «қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлаған» деген айып тағылған.

Үстерінен іс қозғалып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың қатарында «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» акционерлік қоғамы мен «Компания Мұнай Экология» серіктестігінің басшылары Мирошников пен Баймұхамбетов («335 миллион теңге ұрлаған»), «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының бұрынғы директоры Ешманов пен оның орынбасары Марқабаев («127 миллион теңге қаражат ұрлаған») та бар.

СОКОЛОВАДАН КЕЙІНГІ «ӘЛЕУМЕТТІК АРАЗДЫҚТЫ ҚОЗДЫРУШЫЛАР»

Алғаш рет «Қаражанбасмұнай» компаниясы кәсіподағының заңгері Наталья Соколоваға тағылған «әлеуметтік араздықты қоздырды» (Қазақстан қылмыстық
Полицейлер Жаңаөзен оқиғасына орай өткен шеруге қатысқан Серік Сапарғалиды әкетіп барады. Алматы, 17 желтоқсан 2011 жыл.
Полицейлер Жаңаөзен оқиғасына орай өткен шеруге қатысқан Серік Сапарғалиды әкетіп барады. Алматы, 17 желтоқсан 2011 жыл.
кодексінің 164-бабы) деген айып Жаңаөзен оқиғасынан кейін елдегі бірқатар оппозициялық саясаткерлер мен белсенділерге де тағыла бастады.

Бұл баппен айыпталушылар арасында тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов, осы партияның белсендісі Айжангүл Әмірова, қоғам белсендісі Серік Сапарғали, "Рух пен тіл" ұйымының белсендісі Жанболат Мамай, режиссер Болат Атабаев, ереуілші мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева бар.

Прокуратураға Алматы қаласынан кетпеу туралы қолхат берген Болат Атабаев пен Жанболат Мамайдан басқа айыпталушылар қазір қамауда отыр.
XS
SM
MD
LG