Accessibility links

Телерадио хабарларын тарату туралы заң қабылданды


Оппозициялық партия жиынын түсіріп жатқан телеоператорлар. (Көрнекі сурет)
Оппозициялық партия жиынын түсіріп жатқан телеоператорлар. (Көрнекі сурет)

Желтоқсанның 28-і күні парламент сенаты «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын қабылдады. Заң шетелдік телерадиоарналарды үкіметтік уәкілетті органда тіркеу тәртібін енгізіп, 2018 жылға дейін отандық контент үлесін 50 пайызға дейін ұлғайтуды көздейді.

Қазақстан парламент сенаты сәрсенбі, желтоқсанның 28-і күні өткен жжалпы отырысында «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын қабылдады. Сонымен бірге, сенат телерадио хабарларын тарату бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын да мақұлдады.

Бұл құжаттар телерадио хабарларын тарату саласында бірыңғай құыққтық базаны қалыптастыру, телерадио хабарларын таратудың сандық, спутниктік және басқа да түрлерінің жұмысын реттеуді көздейді.

Соның ішінде, мәселен, шетелдік телерадиоарналарды үкіметтік уәкілетті органда тіркеу тәртібі енгізіліп, 2018 жылға дейін отандық контент үлесін 50 пайызға дейін ұлғайту қарастырылған.

Бұған дейін баспасөз саласында жұмыс істейтін 40-қа жуық үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевтан аталған заң жобасын парламент мәжілісінің жаңа құрамы сайланып міндетіне кіріскенше қабылдамауды сұрап өтініш айтқан еді.

Сонымен бірге, сөз бостандығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар Қазақстан байланыс және ақпарат министрлігі дайындаған «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасының кейбір тұстары «ақпарат және сөз бостандығын шектейді» деп сынаған болатын.

Сенат қабылдаған заң Қазақстан президентіне қол қоюға жіберілді.

Сенат қабылдаған "Телерадио хабар тарату туралы заңға" байланысты ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович желтоқсанның 28-і ресми түрде пікір білдірді.

"Бұл заң азаматтардың емін-еркін түрде ақпарат алуын шектеп, үкіметтің электрондық БАҚ-ты бақылауын күшейтіп жіберуі мүмкін. Хабар таратушы ақпарат құралдарын сандық үлгіге көшіру кезінде теңдік сақталмай, хабар тарату жолдарының алуан-түрлілігіне нұқсан келуі мүмкін. Өкінішке орай бұл заң жергілікті азаматтық қоғамның және мен басқаратын ұйымның ұсыныстарын ескермеген күйі қабылданды" деп мәлімдеді Миятович.

Дуня Миятович Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бұл заңға қол қоймауға шақырды.
XS
SM
MD
LG