Accessibility links

ҚХР-ның Шанхай қаласында Азия және Тынық мұхит елдерi үшiн Бiрiккен ұлттар ұйымының экономикалық-әлеуметтiк комиссиясының 60-шы сессиясы өтуде


Көкектiң 26-сы күнi Қазақстанның Сыртқы iстер министрi Қасымжомарт Тоқаев пен Қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев Қытайға сапармен барды. Сыртқы iстер министрi Қасымжомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сыртқы iстер министрлерiнiң кеңесiнен кейiн Шанхай қаласына сапар шегiп отыр. Қазақстанның сыртқы iстер министрi Шанхай қаласында өтiп жатқан Азия және Тынық мұхит елдерi үшiн Бiрiккен ұлттар ұйымының экономикалық-әлеуметтiк комиссиясының /ЭСКАТО/ 60-шы сессиясына қатысуда.

Алдымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы сыртқы iстер министрлерiнiң Мәскеуде өткен кеңесiне тоқтала кетсек, биылғы жылғы басқосудың бiрқатар ерекшелiктерi бары аталып отыр.

Қазақстанның сыртқы iстер министрi кеңесесiнiң кеңесшiсi Ислам Арыстанбеков тұрақты органдардың жұмыс жасап жатқанын айтады. Мәселен, Бейжiңде хатшылық, Ал Ташкентте лаңкестiкке қарсы аймақтық құрылым құрылған. Шанхай ұйымы елдерiнiң сауда –экономикалық көп жақты ынтымақтастық бағдарламасы бекiтiлген. Ал, негiзгi алаңдаушылық туғызып отырған мәселе лаңкестiкке қарсы күрес дейдi Қазақстанның сыртқы iстер министрi кеңесесiнiң кеңесшiсi Ислам Арыстанбеков. Оның айтуынша, 2004 жылдың маусым айының 17-iне Ташкентте мемлекет басшыларының кеңесi өтедi.

Ал, Қытайдың Шанхай қаласында өтiп жатқан екi күндiк форум барысында аймақтағы экономикалық-әлеуметтiк жағдай кедейшiлiктi жою және экономикалық жаһандану үрдiсiн тереңдету мәселелерi талқыланбақ. Сыртқы iстер министрi кеңсесiнiң кеңесшiсi Ислам Арыстанбеков аталған форумға қатысу Қазақстан үшiн тиiмдi екенiн айтады.

“Өйткенi бұл ұйымның еуропа мен азияны байланыстарын бiрнеше көлiктiк дәлiздерi бар. Мәселен, Азия-Еуропа тағы басқа автокөлiк және темiр жол дәлiздерiн құру жоспарлары бар. Мысалы, көршiлес Ресей оған өте ынталы болып отыр” дедi Арыстанбеков.

Ал, Қазақстанның қорғаныс минстрiнiң Қытайға сапарының бұл форуммен байланысы бар ма?

“Негiзiнен талқыланатын мәселелер бұл аймақтағы әлеуметтiк жағдай. Ынтымақтастық соның iшiнде лаңкестiкке қарсы күрес ұйымдастыру мәселелерi де талқыланады. Сондықтан қорғаныс министрiнiң сондай деңгейдегi форумға қатысуы кездейсоқ емес” дейдi Қазақстанның сыртқы iстер министрi кеңесесiнiң кеңесшiсi.

Форум барысында қандай келiсiмдерге қол қойылуы мүмкiн?

“Аймақтағы экономикалық-әлеуметтiк жағдай туралы, ынтымақтастықтың әлеуметтiк-экономикалық, лаңкестiкке қарсы, қауiпсiздiк мәселелерiне, сондай-ақ аймақтағы жаңа көлiктiк дәлiздерге қатысты келiсiмдер болуы мүмкiн” дейдi Ислам Арыстанбеков.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжiлiсiнiң қорғаныс және халықаралық iстер жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Шәрiп Омаров, Қазақ-Қытай қарым қатынасын одан әрi жетiлдiру маңызды деп есептейдi.

“Келесi жылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасында мұнай құбыры салынайын деп жатыр. Ол үш жылға арналған. 2007 жылы берiлетiн шығар” дедi Шәрiп Омаров.

Ресми ақпарат көздерiнiң хабарлауынша, осы жылдың мамыр айының ортасында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттiк сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында екiжақты экономикалық қарым-қатынастарды, мұнай саласында ынтымақтастықты оның iшiнде Қазақстан-Қытай мұнай құбыры жобасына қатысты мәселелер талқыланбақ көрiнедi.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Қытайдың Шанхай қаласында «Дамуды күшейту және ынтымақтастық - экономикалық жаһандану дәуіріндегі үнқатуларға лайықты жауап» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық форумға ҚР сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев қатысуда. Азия және Тынық мұхиты елдері үшін БҰҰ-ның Экономикалық - әлеуметтік комиссиясының екі күндік форумы кезінде аймақтағы экономикалық ахуал, кедейшілікті жою және экономикалық жахандану үрдісін тереңдету мәселелері талқыланады. Ал Қытай Халық Республикасында туып өскен оралмандардың бірі, Еуразия университетінің қызметкері Бекқожа Жылқыбекұлының пікірінше, Қытаймен қарым-қатынаста мемлекеттің қауіпсіздігін алдын-ала әрі жан-жақты ойластырып отыру керек.

-Әрине Қазақстанның жері кең, сондықтан осы жер мәселесі қашанда Қытайдың басты назарында тұрады. Қытайдың әр қандай бір азаматы Қазақстанда тамыр тартып, осы жерде өркен жаюды өздеріне негізгі мақсат етеді. Осындай түйіндерді біз мұқият істемейтін болсақ, бірнеше жыл өткенсоң кейін өкінішке қалатын жайлар болады.

Қазақ ақпарат агенттігінің хабарлауынша Шанхайда өтіп жатқан халықаралық форум барысында Қытай жағы кейбір аймақтық және халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлерін Шанхайға көшіру идеясын ұсынбақ. Бекқожа Жылқыбекұлы мұның астарында Қытайдың жеке мүддесі жатыр дейді.

-Орта Азияға өз ықпалын жүргізуді бұлар өте бір түйінді қолға алып отыр. Сол себептен Шанхайда штаб пәтерді орналастырудың өзі Қазақстан, Орта Азияны өз қармағында ұстау саясаты жатқаны сөзсіз.

Көкек айының екінші онкүндігінде Қазақстан мен Қытай мамандары Батыс Қазақстаннан Батыс Қытайға бағытталған мұнай құбырының құрылысы туралы келіссөздер жүргізген болатын. Қытайдың ұлттық мұнайгаз корпорациясы осы жобаға үлкен үлес қосуға келіскен. Ал, Қазақстан тұрғындарының өкілдерінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қатысты көзқарастары әр қилы.

-Қытаймен қарым-қатынаста болған дұрыс. Достық болған жерде бәрі болады. -Шығаратын нәрселерінің бәрі быт-шыт. -Жалпы, Қытаймен дос болмау керек. Олардан қорқу керек. -Көрші болған соң тату болған дұрыс. Кіретіндер бәрі бір кіріп кетеді ғой.

Көкектің 26-сы күні Қазақстанның қорғаныс министрі армия генералы Мұхтар Алтынбаев та Қытайға ресми сапармен барды. Бейжіңде болатын келіссөздер барысында Қазақстанның Қорғаныс министрі Қытайды Орталық әскери кеңесі төрағасының орынбасары, қорғаныс министрі Цао Ганчуанмен кездесіп, қазақстан-қытай әскери-техникалық ынтымақтастығы мәселерін талқылайды деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG