Accessibility links

Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстанға құны 22 миллиард еуро тұратын жобаға қатысуды ұсынып отыр


Еуропалық Одақ Қазақстан жағына құрлықтағы және судағы көлік құралдарының қозғалысын ғарыштан бақылайтын, құны 22 миллиард еуро тұратын жобаға қатысуды ұсынып отыр. Бұл туралы қарашаның 23-інде Астанада Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Алан Ваддамс мырза Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық келісімі аясында өткен бірлескен комитеттің басқосуында мәлімдеді. Қазақстан Үкіметі болса, бұл жобаға жан-жақты зерттеп алмай кірісуге болмайтындығын алға тартып отыр.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Алан Ваддамстың айтуынша, «Галилео» бағдарламасы әскери емес, азаматтық бағыттағы жоба. Ол арқылы әуе, су және құрылықтағы қозғалысты жер серігі арқылы бақылауға болады. Бұл жобаға Қытай және Үндістан да қосылыпты. «Жалпы құны 22 миллиард еуро тұратын жобада жер серігін ұшыру және жерге қабылдау стансалар орнату көзделеді»-дейді Алан Ваддамс.

Қазақстанның Көлік және коммуникациялар министрлігінің транзиттік саясат және сыртқы байланыс департаментінің директоры Рүстем Жұматаевтың айтуынша, бұл аса ауқымды жобаға қосылу үшін Қазақстан жағы да қомақты қаржы аударуы тиіс көрінеді. Қазақстанның индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова болса, Қазақстан үшін еуропалық талаптарға сай қызметке көшу үшін көптеген заңдық актілерді қайта қарау қажет екендігін айтады. «Оның ішінде фитосанитарлық бақылау мен техникалық реттеу туралы заңдарды әлі де пысықтай түсу қажет деген пікірде.Ол қазіргі таңда «Испат Кармед» комбинаты жылына 450 мың тонна сапалы болат шығара алатын өндірістік қуатқа жетсе де, Еуропа базарына шығаратын квоталық өнімін 145 мың тоннадан асыра алмай отыр. «Оның себебі де Қазақстандағы нормативтік актілердің халықаралық талаптарға сай еместігінен болып отыр»,-дейді Жанар Айтжанова. Қазақстанның Көлік және коммуникациялар министрлігі транзиттік саясат және сыртқы байланыс департаментінің директоры Рүстем Жұматаев болса, Қазақстанның маңызды көлік дәлізі екендігін айта келіп, Еуроодақ өкілдерінен Астанадан еуропалық мемлекеттерге тікелей ұшатын бағыттар ашу мәселесін көтерді. Еуроодақ өкілдері бұл ұсынысты қолдай келіп, желтоқсанның аяғына дейін нақты жауап берілетінін айтты. Жанар Айтжанованың айтуынша, Еуропалық Одақ өкілдерімен болған басқосуда Қазақстанның ДСҰ-ына қандай шарттармен енетіндігі жөнінде де жан-жақты әңгіме болған.

Индустрия және сауда министрлігінің мәліметі бойынша жыл басынан бері Еуроодақ елдерімен Қазақстанның арасындағы тауар айналымы 7 миллиард 160 миллион долларға жеткен.
XS
SM
MD
LG