Accessibility links

Қазақстан оппозициясы "Демократия күнін" атап өтті


Осыдан үш жыл бұрын Алматыдағы цирк ғимаратында барша қазақстандық оппозиция бас қосып, Қазақстанға саяси реформалар қажеттігі жөнінде жариялаған болатын. Содан бері жыл сайын олар қаңтардың 19-ы күні жиналып, өткен жылға саяси баға береді.

Алайда, бұдан үш жыл оппозиция өткізген жиынды басқарған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері Ғалымжан Жақияновтың төрдегі орны бұл жолы бос тұрды. Оппозиционерлер болса, өздерінің қамауда жатқан лидерлеріне жеделхат жіберуге шешім қабылдады.

Бұл күні Азаттық радиосы Павлодар облысындағы Шідерті қоныс колониясында сот жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақияновтан телефон арқылы сұқбат алған еді. "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының лидері өткен жылдағы маңызды оқиғаларды былай атап көресетті:

- Саяси партиялар мен қозғалыстарды іріктеп, солардың арасында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының тіркелуі мен оның парламент сайлауына қатысуы. Әрине, сайлау әділ өтпегенімен, елдегі саяси оқиғалар жөніндегі мәліметтер тарады. Ал өз басыма келетін болсақ, мені Құсмұрын колониясынан мына Шідерті еркін қонысына ауыстырды. Бірақ оны толық бостандық деп айтуға келмес.

Ғалымжан Жақияновтың қамауда қалуы және журналист Асхат Шәріпжановтың қазасы оппозиция үшін былтырғы жылдың ауыр болғандығын байқатты деп есепетейді “Ақ жол” партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов:

- Ауыр дейтінім, Асхат Шәріпжанов - үлкен азамат, мықты адам еді. Ол билік туралы, демократия жайында көптеген өткір мақалалар жазды. Ал бүгінде оның өлімі жұмбақ күйінде қалып отыр. Біз оны тапсырыспен өлтірді деп есептейміз.

Демократиялық күштердің биылғы жылғы “Қазақстандағы демократияны дамытуда қосқан үлесі үшін” сыйлығы марқұм Асхат Шәріпжановке тапсырылды.

- Қазақстандық демократиялық күштерінің жыл сайынғы “Демократияны дамытқаны” үшін берілетін сыйлықты биыл кімге тапсыру керек деген мәселе талқыланғанда ең бірінші оған журналист Асхат Шәріпжановтың лайықты екендігіне ешкімнің күмәні болған жоқ, - деді марқұмның отбасына сыйлықты табыс еткен тәуелсіз журналист Сергей Дуванов.

Демократияны дамытуда қосқан үлесі үшін берілетін бұл сыйлықтың келесі бір игері биылғы жиынға келе алған жоқ. Бұл адамды Сергей Дуванов “егер Қазақстанда Гиннес рекордтар кітабы шыға қалса, оған ол үстінен ең көп қылмыстық іс қозғалған журналист ретінде енер еді” деп сипаттады.

Атырауда шығатын “Алтын ғасыр” газетінің бас редакторы Жұмабай Доспановтың үстінен 10 жыл ішінде 3 рет қылмыстық іс, 10 шақты азаматтық іс, сансыз әкімшілік істер қозғалған. Бұл жолы оның Алматыға келе алмауының себебі неде? Оны сыйлық иегері Жұмабай Доспановтың өзі Азаттық радиосына былай түсіндірді:

- Осы қаңтардың 7-сінен бастап салық комитеті мен қаржы полициясы мен басқаратын "Демократияны қолдау орталығы" қоғамдық ұйымы мен “Алтын ғасыр” газетін тексеріп жатыр. Заң бойынша тексеру 8 күнде бітуі керек еді, бірақ мені Алматыға жібермеу үшін 24 күн қосып, Атыраудан шығармай қойды.

Ал жиында “Жыл саясаткері” ретінде парламент мәжілісінің бұрынғы спикері, қазірде Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай танылды.

- Мен өзімді сыйлыққа лайық емеспін деп есептеймін. Бірақ оны алу мен үшін құрмет. Себебі, біздің демокартиялық қауымдастықта бастық та, қол астындағы қызметші де жоқ. Барлығы – терезесі тең азаматтар. Солардың бағасы мен үшін қымбат! - деді Жармахан Тұяқбай.

Сергей Дувановтың айтуынша, қалың жұртшылық саясаткерлерге сенбесе де, өнер адамдарын пір тұтады. Ал олардың өз азаматтық позицияларын айқын білдіруі қоғам үшін маңызды.

- Сондай батыл қадамдарға барған өнер адамдарының бірі – халық әртісі Мақпал Жүнісова, - деп жариялады сыйлықты тапсырған журналист Сергей Дуванов.

Жақында ғана өзінің республикалық теледидарға шығуына кедергілер қойылғанын мәлімдеген әнші бұл жолы көңіл-күйін әнмен жеткізді.

Сондай-ақ қаңтардың 19-ы қазақстандық оппозиция үшін тағы бір оқиғалармен еркешеленді. Бұл күні оппозициялық “Азат” газетінің 100-ші саны жарық көрсе, оның бас редакторы Батырхан Дәрімбеттің “Демократия мен автократия” атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
XS
SM
MD
LG