Accessibility links

Қырғызстандағы ахуал ширығып барады


«Ферғана ру» интернет парақшасында Қырғызстанның Жалалабадында билікке қарсы көтерілген халықты күшпен басу үшін жіберілген арнайы бөлімшенің қызметкерлері Қазақстаннан келген деген ақпарат жарияланған еді. Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Жексенбі күні «Ферғана ру» интернет парақшасы Қырғызстанның Жалалабадында билікке қарсы көтерілген халықты күшпен басу үшін жіберілген арнайы бөлімшенің қызметкерлері Қазақстаннан келген деген ақпарат жарияланған болатын. Осыған байланысты дүйсенбі күні Азаттық радиосының қойған сауалына берген жауабында Қазақстан ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өз аты-жөнін атағысы келмеген маманы бұл ақпаратты жоққа шығарды:

- Бізден барған жоқ, тек оппозиция өкілдері бармаса. Құқық қорғау органы мамандарының қатысы жоқ, олар саясатқа араласпайды.

Қырғызстанда ерекше белсенділік танытып, наразылық көрсетіп отырған облыстың бірі - Ош облысындағы қозғалыс жетекшісі Дүйшен Чотонов Азаттық радиосының Қазақ қызметіне телефон арқылы берген сұхбатында мұндай ақпараттың тарағаны рас болғанымен, бірақ оның қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз пекенін айтты:

- Әйелдерді, қария шалдарды, апа-әжелерді соққыға жыққанда олар қазақша сөйледі деген сыбыс бар. Бұл - анықталмаған, расталмаған мәлімет, мен де оны растап, нақты айта алмаймын.

Негізінен қырғыз оппозиционерлері мақсатына жету үшін соңына дейін баруға бел байлап отырғандарын айтады. Қазақстандық сарапшылардың пайымдауынша, қырғызстандықтар өз мақсатына жетсе, бұл онымен көршілес ел - Қазақстан азаматтарына да әсер етуі мүмкін.

- Көрші ел болғандықтан халық арасында қырғызстандықтар мақсаттарына қол жеткізді, мүмкін біз де қол жеткізе аламыз деген үміт пайда болуы ықтимал, - дейді қазақстандық саясаттанушы Берік Әбдіғалиев

Ал саясаттанушы Досым Сатпаев болса, Қырғызстанда орын алып отырған оқиға онымен қоңсы Өзбекстанда қайталануы мүмкін, бірақ, Қазақстанда мұндай оқиғанын орын алу екіталай деген ойда:

- Қырғызстандағы халықтың әлеуметтік жағдайы төмен, Қазақстанда мұндай жағдайды сіз байқамайсыз. Қазақстан халқы қырғызстандықтар сияқты ашынып отырған жоқ, олар республика экономикасы көтеріліп келе жатқанын біліп отыр. Оның үстіне, біздің оппозицияны олардың қырғызстандық әріптестерімен салыстыруға болмайды, біздің оппозиция әлсіз. «Ақ жол» партиясы төңірегіндегі жайт көп нәрсені байқатып отыр емес пе?

Сонымен қатар, Д.Сатпаевтың пікірінше, Қырғызстандағы өрбіп отырған оқиғаның артында бір күш болуы мүмкін. Әйтпесе, олар мұндай шараға бірден бармас еді дейді саясаттанушы. Бірақ мұндай пікірмен, биыл Қырғызстанда өткен парламент сайлауына бақылаушы ретінде қатысып, ол елдегі жағдайды көзімен көрген Қазақстанның демократиялық күштерінің өкілі Маржан Аспандиярова келісіп отырған жоқ.

- Әрине, бұл Қазақстанға тікелей әсер етеді. Бұл көршілес мемлекет, қазір біз Ресей президенті В.Путинның, Қырғызстан президенті А.Ақаевтың, Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың әрекеттерін көріп отырмыз. Олар Грузия мен Украинадағы оқиғалар қайталанбасын деп естері шығып жатыр. Негізінен, қырғыз халқы көп уақыттан бері шыдап келді, сол себептен олар мұндай оқиғаға дайын болып отырды. Кейбір адамдар ойлайды, көтерілген халықтың артында белгілі бір күш, яғни Америка немесе Батыс елдері тұр деп. Алайда, бұл шындыққа жанаспайды, себебі, түрлі қиындықты көріп, шыдамы таусылған халық ашынып кетті. Бұл, әрине, Қазақстанға да әсер етеді, - дейді М.Аспандиярова.
XS
SM
MD
LG