Accessibility links

Наурыздың 24-де Бішкекте болған оқиға жөнінде не білеміз?


Өткен айда Қырғызстанда Асқар Ақаев биліктен кетірілді, ал кейін ол қызметтен бас тартып, өз өтінішін жолдағаннан бері Бішкекті торлаған бұлттың көлеңкесі әлі арыла қойған жоқ. Десек те, шындығында не болып, не қойғаны осы уақытқа дейін айқын емес. Бұл сауалдың жауабы қазір тарихшылар үшін маңызды болып тұр. Біз бүгін үш бөлімнен тұратын тізбекті талдауымызда Қырғызстан "төңкерісінің" қыр-сырына тағы бір үңіліп көреміз.

Жер бетінің көп бөлігінде өткен айда Қырғызстанда биліктің ауысуына әкелген оқиғаны бұқараның қуат-күшінің жеңісі деп бағалады. Мұндай жағдай Грузия мен Украинаға да тән болған еді, бұл аталған елдерде де билік сайлау нәтижелерін қолдан жасады, өз қажеттеріне қарай бұрып алды деген айыптаулармен халықтың наразылық қозғалыстары кең жайылған болатын. Сөйтіп шерулер өрістей келе бір ақ күнде демократтар мен олардың қолдаушылары билікті өз қолдарымен орнатқан болатын.

Бұл Совет одағының қатарында болған, демократия қыспақта болып келген мемлекеттер де бұрын- соңды болмаған ерекше жайттар еді. Бірақ шын мәнінде осындай жағдайлар орын алды ма? Міне осы тәріздес әрқилы сұрақтарға кей кездері нақты жауап табудың өзі күрделі деуге болады. Азаттық радиосының тілшісі Жан Кристоф Пеух Бішкектегі оқиғаларды көзбен көріп, куә болған жандардың бірі. Оның айтуынша, бұл жайдан-жай жүзеге асырыла салған жоқ.

Ақаев пен оның билігі маңызынан айрылып бара жатты және Қырғыз еліндегі көп жұрт демократияға ұмтылып, демократиялық құбылыстарға жақындай түскені анық еді. Десек те, Пеухтың айтуынша, Бішкектегі наразылық танытушы басты топтың кішкене бөлігі ғана демократтармен азғантай байланыста болған.

Пеухтың пікірінше, қолдарына таяқ, қалқан басқа да заттар ұстаған шағын бір топтың қақтығыс іздегендей, белсенділік танытқаны байқалған. Осы аталған топты демократтардың қолдаушылары деуге келмейтін еді және полициямен бірінші болып бетпе-бет келіп, іле-шала үкімет ғимаратына лап қойып, шабуылдағандар да солар еді.

- 24 наурыз күні сіз көптеген адамның алаңға жиналғанын анық көруіңізге болатын еді, ал олардың арасында ағаш таяқ, қалқандармен қаруланған белсенді бір шағын топ болды, бас-аяғы 500-600-дей шамасы болатын. Олар шынында да полицияға қарсы қаруланған еді және солар бірінші болып, полицияға шабуылдады, - деген Пеух бұл топтың артында біреулер тұрды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз деп атап көрсетеді. Оның суреттеуінше, бұл топтың ішіндегі адамдар шекесі шылқыған байлар емес, кедейлеу киінген жұпыны жандар және олардың Бішкектің тұрғындары еместігі көрініп тұрды.

Тілшіміз Жан Кристоф Пеухтың айтуынша, бұл жерде дәл сол күні полиция жағынан пайда болған тағы бір құпия топ болған сияқты. Үкімет ғимараты шабуылданардан бірер минут бұрын ғана кейін "арандатушылар" деп аталған осы топ ереуілшілердің арасына кіріп, оларды сабап, таяқтай бастады.

Ақ қалпақ киіп, кенеттен наразылық шеруінде тұрғандарды қақтығысқа шақырған бұл топты демократтар билікті қорғау үшін Ақаевтың жақтастары жалдаған бұзақылар дейді, ал билік болса оны керісінше айтады, сонымен олардың нақты қай тараптың адамдары болғандығы бүгінге дейін белгісіз.

Егер олардың мақсаты Ақ үйді қорғау болған болса, онда оны олар жүзеге асыра алған жоқ, ереуілшілер қарсы шабуылға шықты да жаңа ғана таяқ ала жүгірген топтың кері қарай бытырай қашуына тура келді. Пеухтың пікірінше, оппозиция осы күні барлық оқиғаның тізгінін қолдарында ұстап отыра алған жоқ. Олардың өздері Үкімет үйі тез арада қолға түседі, Ақаев билігі құлайды деп дәл сол сәтте ойламаған еді, бұл олар үшін де күтпеген оқиға еді деген пікір-көзқарас жағында.

- Егер барлығы сіздің есіңізде болса, менің айтайын дегенім, парламентті қоршау, полиция күштерімен қақтығыс, осының бәрі 30 минутқа жетпейтін уақыттың ішінде болды. Мұның бәріне оппозиция жетекшілерінің дайын емес екендігі айқын еді. Олар мұндайды күтпеген еді. Содан екі күн бойына біз бұның бәрі де аяқ астынан өріс алып кетті деген сезімде жүрдік.

Азаттық радиосының аймақтық талдаушысы Даниел Киммэж ең үлкен жұмбақтың бірі -үкіметтің қалайша сондай тез арада құлауы болды дейді:

- Мұндағы ең басты таңданарлық жағдай, осындай аласапыран басталғанда бір-біржарым сағат ішінде президенттің шекара асып, қашып кетуі болды. Бұл жерде жүйенің құлауының ең бір шынайы сабағы - төңкеріс немесе ереуіл болды ма деген сұрақ емес, жүйенің өзі шіріп құлайын деп тұрғандықтан, ол алғашқы дағдарыстың өзінде-ақ сыр бергендігі. Біз ешқашан да, бұл екі сауалдың ешқайсысына да жауап таба алмауымыз мүмкін немесе Ақаев не себепті тез және тып-тыныш қашып кетті дегенге.

Үкіметтік емес ұйымдар коалициясының жетекшісі, қырғыз белсендісі Еділ Байсаловтың ойынша бұл сауалдың жауабы маңызды емес. Оның айтуынша, Ақаев кетірілді, міне мәселенің бәрі де осында:

- Сіздер білесіздер, болған жағдайдың ішінде мен үшін қандай бір есімдер маңызды емес. Болашақта тарихшылар, саясаткерлер, сарапшылар бізге бұл табысты іс болды ма, жоқ төңкеріс па, не көтеріліс болды ма дегенді анықтап береді. Болған іс болды. Біз енді не істеуіміз керектігіне жұмылуымыз керек және бұл жағдайдан біз қалай шығамыз дегенге басты назар аударуымыз қажет, - дегенді айтады.

Пеухтың тағы бір қосып айтары, бұл "төңкеріс" болса да, болмаса да бастапқы нәтиже айқын, ол Ақаевтың кетірілгені, ал оппозиция басшысы Бакиевтің билік басына келгендігі.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG