Accessibility links

Газпромның әрекеттерінен сескенген Еуропа балама энергиялық қуат көздерін іздеуде


Ресей мен Украинаның табиғи газ мәселесінде мәмлеге келгені туралы хабарды Еуропа елдері қуана қарсы алды. Алайда, қысқа мерзімді болса да бұл шиеленіс Еуропа елдерінің энергиялық қуат көздері мәселесінде алдағы уақытта Ресейге қаншалықты арқа сүйеуге болады деген сауалды көтеруіне түрткі болып отыр.

Қаңтардың 4-інде Брюссельде бас қосқан Еуропа Одағы елдерінің энергиялық мәселелер бойынша ресми тұлғалары Ресей мен Украина арасындағы газ айтысы өзара уағдаластықпен шешілгенін мақұлдап қарсы алды. Алайда, кездесу аясындағы биресми әңгімелер барысында мамандардың ең басты алаңдаушылығы энергия мәселесінде Еуропа Ресейге тым көп сеніп кеткен жоқ па дегенге сайды.

Еуропа Одағының Энергиялық мәселелер бойынша комиссары Андрис Пиебалгс Европа елдернің біртұтас энергиялық саясат тұғырнамасын жасайтын уақыты келіп жетті деп атап өтті.

"Энергиялық мұқтаждарды өтеу қауіпсіздігі бүгінгі күні жеке мүше елдер тарабынан өз ұлттық деңгейінде ғана қарастырылып келеді. Алайда, бұл мәселені кеңірек, жалпы Еуропалық кеңістікте қарастыратын кез келіп жетті", - деді Еуропа Одағының Энергиялық мәселелер бойынша комиссары Андрис Пиебалгс.

Еуропа Одағындағы ауыспалы төрағалықты жаңа жылдан өз қолына алған Аустрия елінің Экономика Министрі Мартин Бартенштейн Одақ жетекшілігі алдағы айларда дәл осы энергиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударатынын мәлімдеді.

Мәлім болғанындай, Еуропа елдері жалпы алғанда өзіне қажет табиғи газдың төреттен бірін Ресейден сатып алып отыр. Алайда кей елдер, атап айтқанда Орталық және Шығыс Еуропадағы мемлекеттер тұтынатын табиғи газдың негізгі бөлігін Ресейден алады. Мәселен, Германия өзіне қажет газдың үштен бірін Ресейден алса, Польша 60 пайызын, ал Финляндия және Балтық елдері өзіне қажет табиғи газды толығымен Ресейден алады.

Жаңа жылдың алғашқы күндеріндегі шиеленістен бері бірқатар еуропалық баспасөз құралдары емшектен ажыратылған сәби іспетті Еуропа да Мәскеудің газ құбырынан ажыратылуы керек деп жаза бастады. Алайда, бұл қаншалықты жүзеге асатын шаруа?

Мәселенің бір шешімі – табиғи газды басқа елдерден де сатып алу. Британиядағы Кэмбридж Энергиялық Қуат Көздері Бірлестігінің маманы, Еуропадағы газ зерттеулері жобасының жетекшісі Симон Блэйки былай дейді:

"Еуропалық жүйеге қосуға болатын балама энргия көздері жоқ емес. Мәселен, Түркияның шығыс жағына Каспий аймағынан келіп жатқан газ, Иордания мен Сирия арқылы Түркияға жекізілмек Мысырдың табиғи газы. Бұлардың бәрі Еуропаның энергиялық мұқтаждығын шешуде балама қуат көзі бола алады".

Алайда, бұл маман мұндай газ құбырлары тартылған күннің өзінде, ол бірнеше мемлекеттің жерінен өтуі тиіс екенін, ал бұл өз кезегінде жаңадан проблемалардың туандауына алып келуі мүмкін екенін де мойындайды.

Кей мамандар табиғи газды ерекше суыту арқылы сұйық жағдайға жеткізіп, оны шикі мұнай іспетті танкерлермен тікелей тұтынушы елдерге тасу мүмкіндігінің бар екенін де айтып отыр. Алайда бұл шешімнің де өзіндік кемшін тұстары жоқ емес.

Британиялық маман Симон Блэйки былай дейді:

"Мұндай сұйытылған табиғи газды алдағы уақытта Құрама Штаттары көп көлемде импорттамақ жоспары бар. Мұндай жағдайда Еуропадағы тұтынушылар тағы да бәсекелестік салдарынан тиімсіз жағдайда қалуы мүмкін. Бұл шешімнің де тәуекелді тұстары баршылық".

Еуропа үшін энергиялық қуат мәселесін шешудің ендігі бір кілті - өзінде ядролық қуат бекеттерін салу. 1986 жылғы Чернобыль апатынан кейін Еуропа елдері мұндай энергия көзінен бас тартуға бет алған еді. Алайда, соңғы кезде кей елдер, мәселен Германия, ядролық қуат көзі мәселенін қайтадан күн тәртібіне шығара бастады. Әлемдегі ең ірі атомдық қуат бекетін сала бастаған Финляндия Ресейге энергиялық тәуелділіктен құтылудың жалғыз жолы осы ядролық энергия деп біледі.

Алайда, Финляндияда көпшілік мұндай жоспарды қолдаса да, басқа Еуропа елдеріндегі жұртты атомдық бекет салуға көндіру оңайға түспесі де анық.

Еуропа Одағының Энергиялық мәселелер бойынша комиссары Андрис Пиебалгс Еуропа үшін ең дұрыс жол энергия көздерін үнемдеу және қайта қалпына келетін энергия көздерін табу деп есептейді.

"Энергияны көп тұтынған сайын бұл тұрғыдағы тәуелділігіміз де арта бермек. Біз Еуропа Одағында бар энергия көздеріне арқа сүйеуіміз керек. Бұл мүмкіндіктерді толығымен пайдаланбай отырмыз", - дейді Еуропа Одағының Энергиялық мәселелер бойынша комиссары Андрис Пиебалгс.
XS
SM
MD
LG