Accessibility links

Баспасөз еркіндігін шектейтін үкімет бұйрықтарына ауған журналистері наразылық білдіруде


Ауғанстан журналистері мен бұқаралық ақпарат топтары үкімет тарапынан жасалған жаңа бұйрықтардың болашақ салдарларына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Ол бойынша нақты мәселелер, оның ішінде Ауғанстан жерінде тұрған шетелдік күштер және лаңкестік шабуылдар жөнінде жазуға шектеулер қойылмақшы. Бұл нұсқаулар баспасөз өкілдеріне маусымның 18-і күні таратылған болатын. Елдегі журналистер бұған орай наразылық танытуда.

Бұл нұсқау-бұйрықтарды көрген журналистердің айтуынша, құжатқа қол қойылмаған, мөр басылмаған. Оның жобасы баспасөз өкілдеріне 12-маусым күні Ұлттық қауіпсіздік директоратында көрсетіліп, бір аптадан кейін ғана таратылған. Алайда ол нұсқаулардан мысалдарды жариялауға, көшіріп басуға да тиым салынған екен. Нұсқау-құжатта кем дегенде 20 шақты ескертулер бар. Атап айтқанда халықтың рухын төмендететін, ұлттық қызығушылықтарға нұқсан келтіретін хабарларды жариялауға тиым салынған. Сондай-ақ ел армиясының әлсіз тұстарын көрсетуге болмайды. Және АҚШ-тың бастауындағы коалиция мен НАТО күштерінің елде тұруын сынайтын, сондай-ақ Ауғанстанның сыртқы саясатын сынайтын хабарлар жарияланбауы тиіс. Үкіметке қарсы хабарлар және жанкештілік әрекеттер туралы хабарлар да жарық көрмеуі тиіс. Лаңкестер басшыларымен сұхбат жүргізуге немесе олар жайлы бейне таспалар мен суреттерді жариялауға да тиым салынып отыр. Бұл құжат бойынша, сонымен бірге Совет басқыншылығына қарсы күрескен мұджахедтер “дала қолбасшылары” деп бағаланып, ал қуғыннан оралып жатқан технократтар “батысшыл болып кеткен” деп сыналмауы тиіс екен.

Көптеген Ауған журналистерінің пікірінше, аталған бұйрық-нұсқаулар, қабылданғанына екі жыл болған ел Конституциясындағы баспасөз бостандығына және бұқаралық ақпарат жөніндегі заңға қол сұғу болып табылады.

Ауған Конституциясы бойынша, заңды бұзбаған жағдайда, әрбір ауғандықтың, арнайы ресми рұқсатсыз өз хабарларын басуға, жариялауға хұқы бар. Ол Ата заңда сондай-ақ, бұқаралық ақпарат бұлақтарына байланысты кез-келген бұйрық заң аясында жүргізілуі тиіс, делінген. Азат Ауғанстан радиосының бұрынғы тілшісі, қазіргі заң шығарушы Ахмед Бехзад бұл жөнінде былай деді:

“Ауғанстандағы сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына шектеу қоюға тырысқан бұл-алғашқы әрекет болып отыр. Ауғанстан Конституциясы баспасөз бостандығына айқын кепілдік береді. Бұған дейін бізде ресми түрдегі цензура болмаған еді. Себебі, цензураға Конституция және баспасөз заңы бойынша тиым салынған. Өкінішке орай, бұл бұйрық-нұсқау Конституция заңдылықтарын бұзып тұр”.

Ауғанстандағы Тәуелсіз журналистер қауымдастығының басшысы Рахимулла Самандердің пікірінше, Ауған үкіметі осы әрекеті арқылы елдегі тәуелсіз басылымдарға шектеу жасамақшы. Бұдан төрт жыл бұрын Талибан үкіметі құлатылғалы бергі аралықта елде тәуелсіз басылымдар көбейіп кеткен болатын.

Сөз болып отырған бұйрық-нұсқауды халықаралық хұқық қорғау ұйымдары қатты айыптауда. Ол айыптаушылардың қатарында АҚШ-та орналасқан Журналистерді қолдау комитеті және Хюман Райтс уач ұйымы, сондай-ақ Шекарасыз журналистер ұйымдары да бар. Алайда маусымның 22-сінде сөйлеген сөзінде президент Хамид Қарзай бұл сындарды тойтаруға әрекеттенді. Үкімет осы қадамы арқылы лаңкестіктің баспасөз арқылы заңдастырылуына тиым салуға тырысуда, деді ол.
XS
SM
MD
LG