Accessibility links

Қазақстандықтар қажылыққа желтоқсанның 20-сы күні аттана бастамақ


Биыл Қазақстаннан қажылыққа аттанатындардың саны өткен жылға қарағанда 1 мың адамға артып, 2,5 мың адамды құрап отыр. Бұл 18 желтоқсан күні Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының Алматының Орталық мешітінде өткізген қажылыққа шығарып салу рәсімі кезінде мәлім болды. Десе де, туристік фирмалар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында қатынайтын тұрақты әуе рейсінің болмауынан, қажыға барам деушілерге тек маусымды кездерде ғана қатынайтын Қазақстандық әуе компаниялардың қызметі қымбатқа түсіп отырғанын айтады.

Ұзақ жылдан бері Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында қажылық сапар ұйымдастырып жүрген «Яссауи» туристік фирмасының директоры Таңатар Қарабаев Қазақстандық әуе компанияларының қымбат қызмет көрсететіндігіне байланысты, жолаушылар тасымалдауды Өзбекстан әуе компаниясына тапсырғанын айтады. Ол мұны Өзбекстан әуе компаниялар қызметінің екі есе арзан болуымен байланыстырады. Алайда Таңатар Қарабаев Мекке мен Мәдине қалаларындағы қасиетті діни орындарды көргісі келетіндер санының тек Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде де артып отыруына байланысты Қазақстандық жолаушыларға биыл барды қанағат етуге тура келіп тұр дейді.

- Қағбаның қасындағы қонақүйлердің бір тәулігі 500-1000 доллар тұрады. Бұған біздің азаматтардың шамасы келе бермейді. Сондықтан біз 1 жарым км-дей жердегі қонақүйлерге барып тұрақтаймыз. Ол жер аздап арзандау болады. Олардың бір бөлмесінде 4-7 адамнан жатады. Биылғы шыққан Сауд Арабиясы қажылық бөлімінің заңдарына байланысты адам басына 3-3,5 шаршы метрден бөлінген. Оларда қонақүйлердегідей жағдай қарастырылмаған, - дейді Таңатар Қарабаев.

Сонымен қатар Таңатар Қарабаев қазақстандықтар үшін биылғы сапар Сауд Арабиясына тек ұшақпен ғана бара алу ерекшелігінде екенін айтты. Оның айтуынша, биыл Қазақстан үкіметі Мекке мен Мәдинеге автобуспен сапар шегуге тыйым салған. Ал Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының найб-имамы Тілепберген Алламжарұлы қажылық сапарды ұйымдастыратын туристік фирмалар, тек Діни Басқармасының келісімін алғанда ғана жолға шыға алатынын айтады.

- Ол фирма «қаншалықты іске жарамды, міндеттердің барлығын атқара ала ма, қандай шарттары бар?» Осының бәрін тексереміз. Мысалы, Мекке мен Мәдинеге барғанда, жататын жерлер, тамақтары оларды қаншалықты қанағаттандыра алады, соның сапасын да тексеруге тырысамыз, - дейді Тілепберген Алламжарұлы.

Сонымен қатар Тілепберген Алламжарұлы Орталық мешіт жанынан қажылыққа баратындарға арнап дайындық курстарының жұмыс істегендігін айтты.

- Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының жанында қажылық оқыту курсы бар. Мұнда біз қажыға барам деушілерді бір ай бұрын дайындап, барлық рәсімдермен таныстырамыз. Осы жолы да қажылыққа дайын еместер осы курстан өтіп, өздеріне қажетті мәліметтерді ала алды. Әрине, ол ерікті нәрсе. Тек бізде емес, облыстық мешіт болсын, ауылдық мешіт болсын, барлығында қажыға баратындарға арнап курстар өткізіліп тұрады, - дейді Тілепберген Алламжарұлы.

Ал Орталық мешітте өткен қажылыққа шығарып салу рәсімінде қажылық жолға шыққандар мынадай тілектерін білдіріп жатты:

- Қажылық барлық мұсылмандардың парызы болғандықтан, мен де осы сапарға шықтым. Егер, бұрында, біз қажылық туралы кітаптан оқитын болсақ, енді міне, арманымыз орындалып жатыр. Енді біз алдымыздағы қажылар сияқты елге аман-есен оралсақ екен.

- Өзім қажылыққа бірінші рет бара жатырмын. Алланың нұры жауған, пайғамбарымыздың аяғы тиген жерге біз де аяғымызды тигізіп, қажы деген атқа лайық болсақ екен деген ниетіміз бар.

Қажыға бару дәстүрі жыл сайын Қазақстанда Құрбан айт мейрамы алдында ұйымдастырылады. Биыл Қазақстандықтар қажылыққа Алматы әуежайынан желтоқсанның 20-21 күндері аттанбақ.
XS
SM
MD
LG