Accessibility links

«Әділ сөз» қоры Қазақстанда баспасөз бен журналистердің жағдайына қатысты 11 айдың қортындысын шығарды


Қазақстандағы «Әділ сөз» қоғамдық қоры елдегі сөз бостандығының мән-жайы мен бұқаралық ақпарат құралдарының жыл басынан желтоқсан айына дейінгі әртүрлі қыспақ көру оқиғаларының статистикалық көрсеткіш қортындысын жариялады. Онда өткен аралықта Қазақстанда журналистерді өлтіру оқиғасы - 3, оларды сотқа тарту оқиғасынан – 8, редакциялық тапсырманы орындауға кедергі жасау бойынша 54 оқиға тіркеліпті. Бұл мәліметтерді қортындылаған қор жетекшісі Тамара Калеева ханым бұл саладағы елдегі жағдай алдыңғы жылдарға қарағанда қатайып кетті деген тұжырым айтады.

«Әділ сөз» қорының Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары мен журналисттердің құқықтарының бұзылу статистикасында биылғы жыл басынан желтоқсан айына дейінгі аралықта елде 3 рет журналисті өлтіру оқиғасы тіркелген. Атап айтқанда, оппозиция көсемдерінің бірі, бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы, кәрістердің Алматыда шығатын «Коре Ильбо» газетінің қызметкері, жасы 60-тан асқан Ян Вон Сик, Алматыдағы пәтерінде өлтірілген француз журналисі Грегуар де Бург.

- Алтынбек пен француздық журналистің өлімі туралы көпшілік құлағдар да болған шығар, ал «Коре Ильбо» газетінің журналисі, құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, қарапайым қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан, - дейді «Әділ сөз» қоғамдық қор жетекшісі Тамара Калеева.

«Ол тек аудармамен айналысқаны болмаса, саясатпен айналыспайтын. Өзі де алпыстан асқан егде кісі еді. Биыл жазда кешкісін үйіне қайтып келе жатқанда қарақшылар тонамақ мақсатпен соққыға жығып, кейіннен ол емханада қаза тауыпты. Дегенмен ол да журналист болған соң біз ол оқиғаны статистикаға қостық» дейді Калеева ханым.

Ал өткен аралықта журналистерді қорқыту мен олардың өміріне қауіп төндіру оқиғаларынан - 3, редакция мен БАҚ өкілдеріне қысым көрсету оқиғаларынан – 11, журналистер үстінен қылмыстық іс қозғау – 24, ал азаматтық іске тарту – 121, т.с.с кете береді.

Осылардың ішінде сот арқылы қызметі тоқтатылған газеттердің саны – 3. Олар: «Айна плюс» , «Жұма Таймс», «Право.Экономика.Политика.Культура» газеттері.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан журналистерін «Президенттің ар-ожданына тіл тигізген» деген айып бойынша 2002 жылдан бері сотқа тартпаған екен, 2006 жылы ондай оқиғаның әзірге 3-еуі тіркеліп отыр. Оның біріншісі - Жасарал Қуанышәлі мырза болса, соңғы екі іс Қазис Тоғызбаевқа қатысты. «Бұл сот ісі әлі аяқталған жоқ, келесі отырыс қаңтардың 15-іне деп белгіленген» дейді Тоғызбаев мырза.

«Мені сотқа тартқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті, әлгі, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Саша Барон Коуен мырзаны қудаламақ әрекеті сияқты ахуалға түсуі әбден мүмкін. Менімше, президентіміз өз ар-ожданы туралы ешқандай алаңдаушылық білдірмесе де, оған жағымпазданамын деген жандайшаптар әрекет етіп жүр. Сот қортындысы бойынша мені кем дегенде бір жарым жылға соттаулары әбден мүмкін» дейді Қ.Тоғызбаев мырза.

«Әділ сөз» қоғамдық қорының жетекшісі Тамара Калеева ханым, өздері дайындаған осы статистиканың көрсеткіштерін қортындылай келіп, елдегі сөз бостандығы мен баспасөз жайына қатысты былай деді:

- Биылғы жағдай алдыңғы жылдарға қарағанда қатайып кетті. Бұрын-соңды сирек кездесетін сотқа тарту баптары бойынша заң бұзушылықтар тіркеле бастады. Себебі, журналистердің бірнеше өлімі тіркелді. Ал статистиканың жалпы көрсеткіші бұрынғы жылдар сияқты.
XS
SM
MD
LG