Accessibility links

Ислам банктері кедейге көмектесуден де пайдалы істі атқара ала ма?


Бүкіл әлемдегі жедел өркендеп келе жатқан қаржы саласының бірі – Ислам заңдары бойынша басқарылатын инвестициялар болып табылады. Бірақ, ол саланың төңірегінде пікірталас көп. Бір жақтың мәлімдеуінше, мейлінше “исламшыл” банктер мұнайға бай араб елдеріндегі тек қалталы азаматтарға ғана қызмет етеді. Олардың пікірі бойынша, кедей мұсылмандардың шағын кәсіпкерлікпен айналысып, күн көрісін жетілдіруіне көмектесу үшін, арзан несие беру бағдарламасын іске асыру мақсатымен исламдық қаржы институттарының негізгі қағидаларын өзгерту керек.

Таяу Шығыстың мұнайға бай мұсылман елдеріндегі Ислам қаржысы өсе түсіп, оларды қайда салудың жолдарын іздестіру үстінде. Бұл - Құранның қағидаларына қайшы келмейтін көрінеді. Құнды қағаздар Комиссияларының халықаралық ұйымы хабарлағандай, Ислам банктері мен сақтандыру компаниялары және капитал нарығы өткен 10 жылда жыл сайын 20 пайызға дейін өсіп келді. Бұл, сонымен қатар, бүкіл әлемдегі 1,3 млрд. мұсылманның тең жартысының банктерге салған ақшасының 2015-інші жылға қарай қанша есеге өсетінін аңғартса керек.

Алайда сыншылар исламдық қаржы институттарын өте бай адамдардың мүдделеріне ғана қызмет етумен дамып келеді деп айыптайды. Сол себепті де берген несие ақшасына немесе банктегі салымдарға өсім ақша алуға Құран қағидасы бойынша тыйым салу - исламдық қаржы институттарының ең басты ережесінің бірі болып табылады. Сыншылардың пікірінше, шамалы өсімге азын-аулақ несие беруге рұқсат ету – кедей мұсылмандардың шағын кәсіпкерлікпен айналысуына көмектесу үшін Ислам банктерінің несие беру бағдарламасын құруға мүмкіндік беретін еді.

Голландияда орналасқан Ислам банктері бойынша сарапшы әрі автор болып табылатын Абдул Гафурдың айтуынша, Құранның әлгіндей қаржы операциясына тыйым салуы Исламдық қаржы институттарының кәдімгі банктей дамуына бөгет жасайды.

А.ГАФУР: “Олар әлі де проблема болып тұр және олар шешілмей келеді. Оны теоретиктер – ислам экономистері біліп, оны ойластыра бастаған кезде, олардың теориялық модельдері әрқилы болды. Бірақ, бүгінгісі одан да өзгеше. Олардың өзіндік теориялық моделінде кемшілік болды. Әйтсе де банк ісінде де, қаражат үшін де бірқатар шарты болды. Бірақ, бүгін банк қызметі “Исламдық банк ісі” деп аталатын ережеге бағынбайды. Бар болғаны – қаржы қызметі ғана. Осы күні олар “Исламдық банк ісін” үнсіз түрде “Исламдық қаржы” деп атайды. Олар үйреншікті банк көрсететін қызметтің аз ғана бөлігін көрсетеді”.

Соның нәтижесінде, деп атап көрсетеді А.Гафур, “Исламдық” деп аталатын қаржы институттарының басы көпшілігі мұсылман әлеміндегі тең ең бай адамдарға ғана қызмет етеді.

А.ГАФУР: “Бір адамның ақшасын екіншісіне беру немесе ақшаны бір есеп-шоттан екіншісіне аудару – кәдімгі банк жұмысының негізі болып табылады. Ислам банктерінде ондай қызмет көрсетілмейді. Оған қоса Ислам банктерінің көпшілігі “банк” ретінде емес, “қаржы мекемесі” болып тіркелген. Демек олар көрсететін қызметтің көп түрі – қаржы қызметі ғана. Сол себепті де олар, негізінен, меншікті капиталы мол бай адамдардың мүддесіне ғана қызмет етеді”.

Майкл Салех Гасснер – Лондонда және Сауд Арабиясында кеңселері бар “Ислам инвестицияларының кеңесі” компаниясының басшысы. Оның пікірінше, Құранда көрсетілген мейірімділік ісі бойынша, Исламдық қаржы институттары кедейлерге несие беру бағдарламасын ашуға тиіс.

М.С.ГАССНЕР: “Бізге керегі - Исламда тыйым салынған нәрсені құрту ғана емес, дін ұсынған нәрселерді игеру. Осылайша біз кедей халықты қалай қаржыландыруға болатынын – кедейлерді клиенттеріміздің қатарына қалай қосып алуға және ең аз деген пайда көрсек те, сол кедейлермен бірге қалай пайда табуға болатынын қарастыруға тиіспіз. Исламдық қаржы қауымдастығы бұған әлі жеткен жоқ. Міне бұл біздің келешекте ойластыруғ тиіс нәрсеміз”.

А.Гафурдың айтуынша, Ислам банктерінің қайырымдылық жүйесін дамыту үшін Бангладештегі шағын несие беретін “Grameen Bank” – таптырмайтын үлгі-өнеге болып табылады. Осы банк 2006-ншы жылы бейбітшіліктің “Нобель” сыйлығын алды. “Grameen Bank”-ті елдегі кедейлікпен күресу үшін 1983-інші жылы Мухаммад Юннус құрды. Осы күні “Grameen Bank” өзінің жеке кәсібін ашқысы келген кедейлерге мыңдаған шағын несие береді. Банк беретін шағын несиенің орташа мөлшері 130 долларды құрайды. Әдетте несие 15-тен 35 пайызға дейінгі өсіммен беріледі және бұл 10 есе артық сұрайтын жергілікті өсімқорлардың несиесінен әлдеқайда жеңіл.

М.Юннустың айтуынша, әйелдерге несие бергені үшін Исламның кертартпа өкілдері оны өткір сынға алған.
XS
SM
MD
LG