Accessibility links

Бұл апта да әлемдегі қызықты ғылыми жаңалықтарға толы болуда


Қытай ғалымдары арқа ауруының жаңа емін ойлап тапты. Сондай-ақ америкалық ғалымдардың ашқан жаңалығына орай алдағы жылдарда сіздің қалта телефоныңыз бен қол компьютеріңізді, сондай-ақ басқа да электротехникалық жабдықтарды қанттан жасалған батарей қоректендіретін болады.

Британиялық “Д Ланцет” атты медициналық журналда таяуда жарияланған баяндамада 2000-ы және 2001-ші жылы адам мәйітінің омыртқа шеміршегін сырқат адамға ауыстырып салу мақсатында жасалған хирургиялық операцияның алғашқы қорытындылары жөнінде жазылған екен. Аталған әрекет Хоң-коң дәрігерлері тарапынан жасалған, бұл саладағы осындай алғашқы қадам болатын.

Кездейсоқ апаттан қаза болған, тірісінде денсаулықтары жақсы болған үш жас әйелдің омыртқа дискілері осы операция үшін пайдаланылған еді. İлкі сәтте ол дискілер қатырылып, содан кейін ғана сырқаттарға қондырылған еді.

Бұл операция ең алғаш рет, жастары 41 мен 56 жас арасындағы бес сырқатқа жасалған болатын. Содан бергі аралықта олардың арқа аурулары бәсеңдегені байқалады. Олардың ешқайсысының да иммундық жүйесі ол бөтен дискілерді жатсына қоймаса керек.

Бұдан бұрын сал боп жатып қалған ол бес аурудың бірі операциядан кейін қозғала бастаған екен. Бұдан бұрын арқа ауруы жағдайында металдан жасалған бөлшектер қойылатын еді. Ондай операциялар әрі қауіпті, әрі қымбат болатын.

Адам мәйітінің дискілерін тірі адамнан бұрын Қытай дәрігерлері 12 жыл бойы маймылдар мен иттерге қойып көрген еді. Жоғарыда айтылған бес адамнан кейін қытайлық дәрігерлер сырқаттардың тағы келесі тобына осындай операция жасаған еді. Бұл тәжірибе одан әрі жалғаса беретін түрі бар.

Химиктердің ойлап тапқан жаңа тәсілі бойынша ендігі жерде қалта телефондарының батарейлеріне кәдімгі қант пайдаланылатын болады. Ол және литийден жасалған бұған дейінгі батарейлерге қарағанда 3, 4 есе ұзағырақ қызмет көрсетеді. Бұдан бұрын шырындар мен басқа да ішімдіктерден жасалған тәжірибелер сәтті өткен еді.

Алайда оның ішінде ең табыстысы сумен араластырылған кәдімгі қатты қант болып отыр. Бұл тәжірибені химия саласының профессоры Шелли Майнтир басқарған болатын. Сайнт Луис университеті веб парақшасының жазуынша, бұл жаңа қант батарейі қалта телефондарына қуат бере алады, деп тұжырымдауда Майнтир ханым. Алдағы уақытта тұтынушылар өз қалта телефондарын электр жүйесіне қосып, әуре болып жатпайды. Ол алғашында қант батарейін қолда ұсталатын есептегішті заряттау үшін қолданған екен. Майнтир ханымның бастауындағы бұл тәжірибенің жүргізілуіне АҚШ Қорғаныс департаменті қаржылық жағынан қолдау көрсетті. Ол департамент аталған қант батарейі соғыс кезінде электронды жабдықтарды зарядтай алады, деп үміт артуда екен.

Бұдан бұрын Майнтир ханым батарейді алкоголдік ішімдіктер және табиғи ензиммен зарядтауды ойлап тапқан болатын. Бұл жаңалықтар жөнінде “Вайрд” атты журналда профессордың бұрынғы шәкірттері ой бөліскен екен. Егер алдағы тәжірибелер сәтті өтетін болса, онда қант батарейін тұтынушыларға алдағы үш-бес жыл ішінде ұсыну мүмкіндігі бар, дейді Майнтир ханым.
XS
SM
MD
LG