Десе де, қозғалмайтын мүліктерді заңдастыруға байланысты мәселелер кейбір аймақтарда әлі шешімін таппай жатыр. Мысалы, Алматы қаласы «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғыны Бибатима Шайхина өздері тұратын үйді заңдастыру мәселесінде әкімшілік кедергілердің бар екендігін жасырмайды.
- Рақымшылық заңы бойынша комиссиялар құрылды ғой аудан әкімшіліктерінде. Сол комиссияларға өткен құжаттар ұзақ уақыт ұсталынып немесе себепсізден-себепсіз қайтарылып жатыр. Алайда, ереже бойынша олар мүліктің заңдастырылуға жататын-жатпайтынын 15 күннің ішінде айтуы керек. Әзірше, «Шаңырақ» ықшамауданы тұрғындары ішінен комиссия қолынан заңдастыру жөнінде құжат алдым дегендерді көргенім жоқ, - дейді Бибатима Шайхина.
Оның пікірінше, мүлікті заңдастыру заңында қарама-қайшылықтар бар. Ол «мысалы, бұрын, менің үйіме қирату жайында сот үкімі шыққандықтан, енді үйімді мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссия арқылы емес, тек сот арқылы ғана заңдастыра аламын» деді. Ал сол Әуезов ауданы бойынша Қозғалмайтын мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияның төрағасы Жасұлан Естенов тек үйге құжаты жоқ адамдардың үйлері ғана заңдастырылмай жатыр дей келіп, заңдастырудың мынадай талаптары бар екендігін айтты.
- Үйлерді заңдастыруға 2006 жылдың 5 шілдесіне дейін салынған үйлер ғана жатады. Екіншіден, үй салуға жарамсыз жерлерге салынған үйлер де заңдастыруға жатпайды. Үйлер осындай талаптарға жауап беруі керек, - дейді Жасұлан Естенов.
Ал экономист-ғалым Рахман Алшановтың пікірінше, мүлікті заңдастырудан қазына күннен-күнге өсе түскенімен, қазақстандықтарға тиесі мүліктер мен ақшаны толық заңдастыру мүмкін емес.
- 15 жылдың ішінде Қазақстанда көлеңкелі экономика күшейді десек болады. Кейбір салаларда оның айналымы миллиардтарға жетті. Сондықтан ол жақтағы ақшалар оңай заңдастырыла қояды дегенге сену қиын. Дегенмен бұл процесс жалғаса беруі керек. Көлеңкелі экономика барлық елдерде де бар, - дейді Рахман Алшанов.
Қоғамдық мәселелерді сараптау орталығы директорының орынбасары Қанат Берентаев бұл жайында мынадай пікір айтады.
- Меніңше, осыдан кейін мүлікті заңдастырудан түсетін ақша азаяды. Себебі көбісі акцияны пайдаланып, мүліктері мен ақшаларын заңдастырып алды. Ал ЖШС сияқты жалған, пайда табу үшін құрылған ұйымдардың ақшаларының заңдастырылмауы «Ақшаны заңсыз жымқыру жөніндегі заң» мен «Жемқорлық жөніндегі заңға» байланысты болып отыр. Егер бұрын ақшаны заңсыз жымқырғандар ақшаларын заңдастырамын десе, олар аталған екі заң бойынша жемқор атанып, қылмыстық іске тартылмақ. Сондықтан осыдан қорыққандар, мүлікті заңдастыру акциясына әдейі араласпай отыр, - дейді Қанат Берентаев.
Мүлікті заңдастыру жөніндегі заң 2006 жылдың 5 шілдесі күні қабылданып, бұл акция кейіннен 2007 жылдың 1 тамызына дейін созылған болатын.