Accessibility links

Ауғанстан: Гильменд – бүкіл әлемдік есірткі өндірісінің кіндігі


Биыл көкнәр егістігі теңдессіз шығым берген Ауғанстанның оңтүстігіндегі Гильменд өлкесі – апиын өндіруден бүкіл дүние жүзіндегі ең алып аймаққа айналды. Жер көлемі Чехия Республикасынан 2 есе үлкен бүкіл Гильменд облысы - көкнәрдің қызғалдақ гүлінен қызыл кілемді көзге елестетеді. Биыл бүкіл Ауғанстанда өндірілген 9 мың тонна апиынның тең жартысы Гильменд облысының үлесіне тиеді.

Ауғанстанның дихандары мен жұмысқа жалданатын шаруалардың басым көпшілігі үшін көкнәр өсіру тіршілік етудің жалғыз жолы. Құрғақшылық пен түрлі індетке төзімді апиын көкнәрін өсіру, сонымен қатар, басқа кез-келген көкөніс немесе дәнді дақылды өсіруден 10 есе тиімді. “Азат Ауғанстан” Радиосына берген сұхбатында Гильменд облысының мына бір диханы көкнәрді тек асқан мұқтаждықтан ғана өсіретінін айтып ағынан жарылды.

ДИХАН: “Менің 20 мың рупий берешегім бар, ал мен күніне тіпті 50 рупий де табыс таба алмаймын. Мен амалсыздан көкнәр өсіруге тиіспін. Өйткені мен берешегімнен құтыла алмаймын деп алаңдаймын. Мен мұның жаман нәрсе екенін білемін. Оған Мұхаммед пайғамбардың өзі тыйым салған. Алайда біз оған тіршілік қамы үшін мұқтажбыз және біздің жағдайымызда оны өсіру өте тиімді”.

Ауған дихандарының осындай амалсыздығы – бір жағынан, екінші жағынан – ауғандық және халықаралық есірткі саудагерлерінің “тойымсыздығы” - Ауғанстанды, кейбір шенеунектің сөзімен айтқанда, “есірткі мемлекетіне” (“narcostate”) айналдырды. БҰҰ-ының есірткі және қылмыстар бойынша Кеңсесінің мәлімдеуінше, Ауғанстандағы биыл өндірілген 9 мың тонна көкнәр - өткен ХХ-сыншы ғасырда шығып көрген емес, ондай мол өнім тек ХІХ-ыншы ғасырдағы Қытайда ғана болуы мүмкін.

“Азат Ауғанстан” Радиосына берген сұхбатында Гильменд облысындағы бір тайпаның көсемі Абдул Аһад Масуми мәлімдегендей, Гильменд дихандары қайсыбір ұйымдасқан есірткі картеліне жатпайды. Масумидің сөзіне қарағанда, дихандар есірткі контрабандасына өте сирек атсалысады, бірақ олар көкнәрді жоқшылықтың салдарынан ғана өсіреді.

А.А.МАСУМИ: “Өткен 5 жылда ауған билігі мен халықаралық қауымдастық Гильменд халқының проблемасын шешу үшін онша көп іс атқарған жоқ. Міне осыдан кейін біздің халқымыз амалсыздан тіршілік қамы үшін көкнәр егуге тиіс болды”.

Талибан билігі қуылған 2001-інші жылдан бері қарай ауған үкіметі мен халықаралық қоғам есірткі өндірісіне қарсы өзара онша ұштаспаған және көбіне бейберекет саясат жүргізіп келді. Есірткі өндірісіне қарсы күреске Америка 600 млн. доллар қаржы бөлгенімен де, іс-қимылдың дені көкнәр егістіктерін жоюға бағытталып, дихандарға тіршілік етудің өзге - балама жолы ұсынылмады.

Гильменд облысының бұрынғы әкімі Мұхаммад Даудтың мәлімдеуінше, есірткі өндірісіне қарсы күресті доғару барлық облыстың алға басуына тежеу болады. Ал көкнәр егістігінің ұлғаюы мен есірткі саудасы Талибан қозғалысының Гильменд облысына қайта оралуына мүмкіндік беріп, қайта құру жұмыстары тоқтап қалды.

Гильменд облысының шаруалары мен дихандары болашақ көкнәр өнімінің есебінен есірткі саудагерлерінен жиі қарыз алады. Қажы Мұхиддин Хан - Гильменд облысындағы тағы бір тайпаның көсемі. Оның “Азат Ауғанстан” Радиосына берген сұхбатында атап көрсеткеніндей, халықаралық есірткі саудасы Гильменд облысының ең басты “демеушісі” болып табылады, бірақ соның салдарынан кедей шаруалар көкнәр егуге байланып қалады.

Қ.М.ХАН: “Дихандар көкнәр өсіруден ешқашан мол пайда көрген емес. Бар табысты, алдымен, дихандарды көкнәр егуге үгіттеген, ал одан кейін көкнәр егісітігін жоямыз деп қорқытқан шенеунектер көрді. Халықаралық мафия – ең басты “демеуші” де, ал көкнәр өсіргенге біз жауапты болып қаламыз және біз қылмыскер болып көрінеміз”.

Ауған апиынын жаппай елдің ішінде өңдеуге көшті деуге толық негіз бар. Жорамал бойынша, биыл шикі апиыннан героин есірткісін жасайтын зертханалардың саны 30-дан 50-ге дейін көбейген.

Талибан қозғалысы өзінің есірткі саудасымен тығыз байланысы барлығын теріске шығарып келсе де, соңғы 3 жылда тәліптердің қайта бас көтеруі мен көкнәр егістіктерінің және көкнәр өнімінің ұлғаюы қатар байқалды. Ауған үкіметінің жаулары көкнәр егуді ынталандырып, дихандардың егістігін жоюдан қорғайды және өнімді контрабандистермен қару-жараққа, ақшаға айырбастап алады. Қазірдің өзін де Гильменд облысының Марже (Marjeh) және Наде-Әли (Nade-Ali) қалаларында апиын базарлары ашықтан-ашық жұмыс істейді. Өлкелік Лашкаргаһ (Lashkargah) қаласында есірткі барондарының талай жаңа зәулім сарайы бой көтерді. Жергілікті халық олардың қалайша тез байығанын сұраудан жасқанады. Жергілікті тағы бір тайпаның көсемі Әли Шах Мазлумиярдың (Ali Shah Mazlumyar) мәлімдеуінше, Гильменд облысын көкнәр егісінен құтқарудың қарапайым жолы бар.

Ә.Ш.МАЗЛУМИЯР: “Егер де есірткі өндірісіне қарсы күреске бөлінген қаржының 1/100 бөлігін дәнді дақылдардың өзге түрлерін өсіруді ұсыну арқылы кедей дихандардың өздеріне көмек ретінде беретін болса, егер үкімет олардың өсірген дәнді дақылдарын жаппай сатып алса және оны өздеріне ашық базарда арзанға сататын болса, онда ахуал тіпті басқаша болады. Бұл орасан зор көмек болар еді және көкнәр егу проблемасын қару-жарақтың, зеңбіректер мен танктердің көмегінсіз шешуге болар еді”.

Ауғанстанның ауыл-шаруашылық экономикасын едәуір жетілдіру - есірткі өндірісіне қарсы екпінді саясаттың бірден-бір жемісті стратегиясы болуға тиіс деген пікірмен сарапшылардың көпшілігі келіседі. Есірткі саудагерлерінің қарсылығын басып-жаншу, оның ішінде есірткі барондарын ұстап түрмеге жабу – ауыл-шаруашылық экономикасын жетілдіру саясатымен қарама-қатар жүруге тиіс. Бірақ осы күнге дейін не Гильменд облысындағы немесе тағы басқа жердегі бірде-бір есірткі баронын түрмеге жабуға ауған үкіметінің құдыреті жетпеді. Қолға түскендердің басым көпшілігі - қатардағы есірткі тасушылар.
XS
SM
MD
LG