Accessibility links

1986 жылы Коммунистік партияның шешіміне наразылық білдіріп Алматыдағы орталық алаңға шыққандардың бірі Қалелхан Әділхановтың пікірі


Сол кезде 24-жастағы қылшылдаған жігіт Қалелхан Әділханов ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазғылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін бастағанда сол жерде тұрған мыңдаған жас оны қостап шырқап, алаңды жаңғыртқан болатын.

- Сол желтоқсан кезінде болған азаматтардың кейбірі жарымжан болып, кейбіреулері өмірден өтіп кетті. Ондағы көп шындық әлі ашылмай жатыр. Алдыңғы шепте жүрген бізді – 50 шақты қазақ жасын – автобусқа тепкілеп тиеп, Алматыдағы Сейфуллин мен Тәшкен көшелерінің бұрышындағы түрмеге апарып тықты. Сол кезде машинаның ішінде бір капитан менің қалпағыма наша тығып жіберіпті. Содан алдымен мені бір оңаша бөлмеге апарып, «мынау – наркоман» деп тепкіледі, одан соң екі сағат бойы асфальттағы көк мұздың үстіне отырғызып ұстады 5-6 жігітті. Сол жігіттердің мен әлі біреуін де көріп жүрген жоқпын. Жылда желтоқсанның 16, 17, 18-күндері алаңға гүл қоюға барамыз, бірақ әлгі жігіттердің ешқайсысын көрмеймін. Екі сағат мұз үстінде отырғаннан кейін ес-түсіңнен айырылып, белден төмен жан кетіп талып қалады екенсің. Сонда мына Талғар жаққа апарып жол шетіндегі қарға лақтырып тастап кеткен ғой, біз екі-ақ адам сол жерден есімізді жиып келдік. Ал қалғанының тағдыры не болғанын білмеймін, оларды іздеп жатқан ешкім жоқ.

Менің көңілімдегі бір ойым, басқа өркениетті елдерде көшедегі қаңғыбас ит-мысықты қорғап-іздейтін қоғамдар бар екен. Бізде өзіміз керек болған кезде іздеп барамыз, ал осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан адамдарды іздейтін, солардың мүдделерін нақты қорғайтын мемлекеттік ешқандай ұйым жоқ. Мұқағали айтқандай, «біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз». Желтоқсанда зардап шеккендерді, жалпы желтоқсанға қатысқандарды қолдайтын, қорғайтын бір қор құрсақ па деген өзіміздің ойымыз бар.

Енді осыны «желтоқсан оқиғасы» деп айтып жүр. Оқиға деп – көшеде екі автокөлік бір-бірімен соғысып қалса да айтылады. Ал ол мыңдаған адам шыққан қозғалыс болатын. Бұл – көтеріліс деген мәртебе алып, қазіргі мына биліктің беті бері қарамай, желтоқсанға әлі әділ баға берілмей жатыр деген өз ойым. Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» деген тамаша әні бар. Сол әннің желісінде, өзімнің сол кезде алаңда көргендерімнен ақ қағазға түсірген өлең шумақтарым бар:

- Наразы халық ұранын салып Алаңға барып жиылды, Шыңғырып құлын, жұлынып бұрым, Қыршындар талай қиылды. Тоңдырды мені, тоңдырды сені Желтоқсан желі ызғарлы, Итпенен қуып, күрекпен ұрып Қан-жоса қылды ұл-қыздарды. Суменен атып, мұз болып қатып Қала жаздадық қырылып Бір Алла демеп, «жеңілдік» демей Көк бөріге ұқсап ұлыдық. Тоңдырды мені, тоңдырды сені Желтоқсанда ызғарлы суыққа «Алашым» деген, ел қамын жеген Ерлеріңді елім ұмытпа! Қазақтың тілі, исламның діні Көгімде мәңгі орнасын, Кеніңді сатып, жеріңді сатып Ұрпақтан ұят болмасын!..
XS
SM
MD
LG