Accessibility links

Қазақстанда биылғы жылдың ақпан айында адам саудасына қатысты 5 оқиға тіркелді


Бұл туралы Астанада наурыздың 3 күні ішкі істер министрлігінің өкілі хабарлады. Ал, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымдардың мәліметінше, шынайы оқиғалар бұдан әлдеқайда көп, тек адамдарды құлдыққа сатуға байланысты қылмысты істердің аздығына парақор полицейлер себепкер дейді олар . Жергілікті полиция басшылығы болса, пара беру фактілерін мойындап, соңғы оқиғада жас қыздарды жезөкшелікке сатқан күдікті полиция қызметкеріне пара беру кезінде ұсталды деп отыр.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Құсетовтың айтуынша, Қарағанды полициясы адам саудасымен айналысқан күдіктіні ұстады. Ол Қазақстандағы Алматы қаласынан Қытайдағы Үрімші қаласы бағытындағы поезда 850 долларға екі қызды сатқан және кейін жезөкшелікпен айналысу үшін Қарағанды қаласының 2 жас қызын сатқан деп күдіктеледі.

«Оған адам саудасымен қатар полиция қызметкеріне 4 мың доллар пара берген деген айып тағылып отыр», - дейді Құсетов.

Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың мәліметінше, адамдарды құлдықта ұстауға байланысты қылмысты істердің аздығына жемқорлық себепкер боп отыр. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстандағы үйлестірушісі Кәрима Жанболатова адамдарды алдап жалдаушылар полициямен келісіп, қылмысты істерді тоқтатқан деректердің бар екенін айтады.

Істердің аздығында тағы бір себеп бар, дейді сарапшылар. Ұйымдасқан топтардың адам саудасына қатысы бар екендігін дәлелдеу өте қиын, дейді мамандар. Оның үстіне, зардап шеккендер өз аңқаулығын жариялағысы келмейді, ал ресми өтінішсіз жұмыс істеу мүмкін емес, дейді заңгерлер. Қазақстандағы заң саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымның заңгері Марат Башимовтың айтуынша, Қазақстанда миграция үрдістерін реттейтін 200-ден астам құжат қабылданған. Бірақ, олардың көбісі бір-біріне, елдің конституциясына және мемлекетаралық келісімдерге қайшы келеді:

- Адам саудасына қатысты істер қылмыстық құқыққа жатады. Құқықтық нормаларды күшейту керек. Олар халықаралық шарттарға сәйкес келмейді.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстандағы үйлестірушісі Кәрима Жанболатованың айтуынша, осы ұйымға 1998 жылдан бері құлдықта болып қайтқан қазақстандықтардан 200 жақын шағым түскен екен. Халықаралық сарапшылар, алданып қалғандардың шынайы саны бұдан 10 есе көп деген болжам айтады. Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, шетелдік сарапшылар адам саудасымен заңсыз миграцияны шатыстырады:

- Бүгінгі күні мысалы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары жүр. Олар құлдыққа алынған емес, не болмаса оларды біреу сатып алған емес. Олар өз еркімен жұмыс іздеп келген адамдар. Ал, халықаралық кейбір ұйымдардан олар көбейді, осы жерде қанап жатыр деген әңгімелерді естиміз.

Қазақстанның әділет министрлігі 2008 жылға ескерілген адам саудасына қарсы үкіметтік шаралар жоспарын жасағандығын хабарлаған. Әділет министрлігінің өкілдері түсіндіргендей, бұл жоспар мемлекеттің халықаралық имиджін көтеруге бағытталған. Адам саудасына қарсы үкіметтік шаралар жоспары 12 бөлімнен тұрады. Жекелеп айтқанда бұл шет елге заңсыз шығарылған қазақстандықтарға қаржымен көмек көрсету және еңбекпен қамту агенттіктерін қадағалау сияқты шаралар.
XS
SM
MD
LG