Accessibility links

Билік Мұхтар Шахановты аштық жариялау райынан қайтарды


 Мұхтар Шаханов, қазақ ақыны, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.
Мұхтар Шаханов, қазақ ақыны, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.

Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы жұртшылықтың талқысына ұсынылған «Ел бірлігі» доктринасына қарсы шыққан қазақ ұлтшыл-патриоттарымен билік мәмілеге келді. Аштық акциясын өткізу райынан қайтқан Мұхтар Шаханов қантөгіс қауіпі барын айтып, оған жол бермеуге шақырды.


«БИЛІК УӘДЕ БЕРГЕН СОҢ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАМАЙТЫН БОЛДЫҚ»


2009 жылдың 25-қарашасында ақын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ қазақ зиялылары Қазақстан билігі Қазақстан ассамблеясы арқылы жұрт талқысына ұсынған «Ел бірлігі» доктринасына қарсы шығып, даулы доктринаны 17-желтоқсанға дейін кері қайтарып алмаса, онда аталған күннен бастап аштық жариялайтындарын айтқан болатын. Арада тура 20 күн өткенде Шаханов билікпен келісімге келгенін мәлімдеді.

- Қазір біз аштық жариялау туралы ойымыздан бас тартып отырмыз. Себебі, билік біздің қойған тоғыз сұрағымызға толық жауап беріп отыр. Бұл туралы президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев қол қойған хат келіп түсті. «Ел бірлігі»
Мұхтар Шаханов Қазақстан президенті әкімшілігінен хат алған соң аштық жариялаудан бас тартатындығын мәлімдеді. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.
доктринасын республика бойынша талқылауды тоқтау туралы талабымызбен билік келісті. Қаңтардың 20-сына дейін бізге уақыт беріп отыр. Соған дейін біз доктрина туралы өзіміздің топшылауымызды ұсынамыз, - деді Мұхтар Шаханов 15 желтоқсан күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін қазақ зиялылары Қазақстан билігіне ұлттық мәселелер бойынша бірқатар талаптар қойған болатын.

Қазақстан президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев қол қойған хатта зиялы қауымның тоғыз сұрағына жазылған жауаптың бәрінде Қазақстан билігінің келешекте қолға алатын жұмыстары жайлы және тоғыз сұрақ қойған тараптың кейбір шаруаларға белсене араласып, доктрина жобасына өз ұсыныстарымен атсалыса алатыны жазылыпты.

Алайда, аштық жариялмақшы болғандар талап еткендей, доктринадан бас тарту жайында айтылмаған. Бірақ, соған қарамастан, президент әкімшілігіндегі ұлықтардың бірінен хат алудың өзін жеңіске бағалаған зиялылар тобы енді аштық пен даурықпа дау-дамайды доғарған жөн деп отыр.

ШАХАНОВ ҚОҒАМДЫ ҚАНТӨГІСКЕ ЖОЛ БЕРМЕУГЕ ШАҚЫРАДЫ

Ал, Мұхтар Шаханов 16-17 желтоқсан күндері қоғамдық сипат алған ұлттық мәселелерді кейбір топтар өз мүддесіне пайдаланып, арандатушылыққа баруы мүмкін екенін мәлімдеді.

Алайда ондай қауіптің нақты кімнен төніп тұрғанын ашып айтпаған Шаханов ондай топтардың айтағына жұрттың ермеуі үшін зиялылар мен биліктің қимылдауы қажет екенін айта келіп, жақтастарына аштық жариялауды доғарғандарын жеткізді.

- Біздің басты мақсатымыз үлкен мәселелерге биліктің назарын аудару болатын. Билік бізге осы мәселелерді шешеміз деп уәде беріп отыр. Басқа не істеуіміз керек? Біздің қолымызда басқа не бар? Сондықтан енді аштық жариялау осымен тоқтатылды. Дау-дамайды доғарайық. Негізгі мәселенің беті бері қарады. Егер билік бізге берген уәдесінен айнып кетсе, онда мәселе басқа, - деді Мұхтар Шаханов.

Мұхтар Шахановтың өз айтуынша, ол «биліктің бергені уәдесіне 63 пайыз сенеді».

АВТОРЫ БЕЛГІСІЗ ДОКТРИНА

15 желтоқсан күні қазақ зиялылары мен Қазақстан билігінің келісімге келуін жария етуге арналған баспасөз жиынында Қазақстан
Cолдан оңға: Ералы Тоғжанов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары және Мұхтар Шаханов, қазақ ақыны, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы. Алматы, 15 желтоқсан 2009 жыл.
халқы асссамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қазақ зиялыларымен жасалған келісімге сәйкес, ассамблея тарапынан «Ел бірлігі» доктринасын талқылауды уақытша тоқтату туралы мәселе қаралғанын атап өтті.

Алайда, Ералы Тоғжанов «Ел бірлігі» доктринасының авторын атай алмады. Тек Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия университетінің үш бірдей ғалымының қатысуымен дайындалғанын ғана айтқан Ералы Тоғжанов аталған доктринаға кім қол қойғанын, кім жауапты болатынын да айта алмады.

«Ел бірлігі» доктринасына қарсы болғандардың бірі, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай бұл келісім биліктің қазақ қоғамы үшін қаралы күндер болып саналатын 16-17 желтоқсаннан өтіп кету үшін жасап отырған қулығы болуы да ықтимал екенін жоққа шығармайды.

- Біз әрине, бұған толық сене алмаймыз. Ертең 16-17 желтоқсан өтіп кеткеннен кейін биліктің басқа жаққа жалт ете түсіп, басқа әрекет жасауы да мүмкін – деді Рысбек Сәрсенбай.
XS
SM
MD
LG