Accessibility links

«Қазақ десең, өзіңе тиеді...» – 2


Блог жүргізетін достарым, таныстарым көп-ақ. Бірі Қытайда, бірі Жапонияда, бірі Кореяда жүрсе, енді бірі мұхиттың ар жағында. Дені – техникалық саланың мамандары. Бірді-екілісі нақтылы салаға маманданғандар.

Мен солардың жазбасынан шынайылықты көремін. Оқимын да, рахаттанып күлемін! Қызықты деректер, құнды мағлұматтар аламын. Жан-жақтылығына қайран қаламын. Еңбекқорлығына сүйсінемін. Қызығушылықтары қуантады.

Сөйтіп отырып кездейсоқ бір газет қолыңа түсе қалса, жаңағы көңілің су сепкендей басылады. Біздің журналистердің, оның ішіне өзім де бармын, соншалық қарабайырлығына бас шайқағаннан өзге амал жоқ. Езгілееееп, бір айтқанды жүз айту... Мылжыңдап бірдеңеге жабысып қалу... Одан қалса, «ойбай, тіл!.. дініміз, ойбай!..» деген бос айқай.

Айтпақшы, әлгі блоггерлерге сұрақ қойсаң, дереу жауап береді. Сынасаң, рахметін айтады. Ал біздің журналистерді сынап көрші, жеті атаңнан бермен қарай сыбап, төбеңнен төмен қарай нәжіс құйып жіберсін.

Күнделікті екі уақыт радио тыңдаймын: таңертең жұмысқа келе жатқанда және кешкілік жұмыстан кетіп бара жатқанда. Таңертең бір сағат, кешке бір сағат. Сол екі сағат уақытта, Құдай ақы деп айтайын, біреу сабап тастағандай шаршайсың. Таңертең сәт сайын айтылатын «Қайырлы таң, қазақ елі!» деген сөзден шаршайсың. Қампайтып үрлеп қойған шар елестейді. Ине тисе, пырс етіп, дымы қалмайтын еді-ау дейсің. Көпсөзді, боссөзді, б...сөзді екенімізге көзім жете түседі. Сосын Абайдың Қара сөздерін парақтаймын. Біртүрлі жеңілдеп қаласың. Айызың қанады. Аналардан бір өш алғандай боласың.

«Әр сағаттың басында» берілетін «ел және шетел жаңалықтарын» тыңдау үшін де бір көнтері болуың керек. Не халықаралық ұйымдардың атын дұрыс айтпайды, не елдегі мемлекеттік мекемелердің атынан қате жібереді. Сөйтіп жүйкең шаршап отырғанда «қиыннан қиыстырып» бірдеңені соғып кеп жібереді. «...Қаза болғандардың саны шапшаң қарқынмен өсуде» деген сөз бола ма? – деп қасымдағы «көршім» маған қарайды. «Болады» деймін қитығып. «Естімеппін» деп ол да күйдіре түседі. Күнделікті осы... Әйтіп-бүйтіп құттықтау бағдарламасына да жетеміз. Бір ән тыңдайыншы десең, арасындағы «...деп ізгілік тілеген екен...» деуден танбайтын бойжеткен көңіліңді нілдей бұзады. Асқар Сүлейменов айтпақшы, «махаббаттың сүйіспеншілігіне бөленіп» деген қазақ радиомаразмы...

Иә, «қазақ десең, өзіңе тиеді».

P.S. Негізі, мақала жазуға ешқандай ниет те, құлық та жоқ еді. Бірақ, Уәде - Құдай сөзі. Ілгеріде берген уәдемді орындамақ едім, осындай бір бәлду-батпақ шықты. Ойда жүрген нәрсе көп еді, қағазға түсіруге қол жүрмеді. Кежегем де кейін тартып тұрды. Журналистика деген күн сайын, сағат сайын, сәт сайын ізденуді қажет ететін сала ғой. Қарайып қалғанымды сіздер айтпасаңыздар да, ішім сезіп отыр...

zh.abdilda@mail.ru
XS
SM
MD
LG