Accessibility links

Мұхтар Әблязов апелляциялық шағым жазды


Қуғындағы бизнесмен әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов, 30 наурыз 2010 жыл.
Қуғындағы бизнесмен әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов, 30 наурыз 2010 жыл.

Қуғындағы бизнесмен, әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов Ұлыбритания жоғарғы сотының шешіміне орай апелляциялық шағым берді. Өткен айда «сотқа құрмет көрсетпеді» деген айыппен сырттай 22 айға сотталған Мұхтар Әблязовтың қазір қайда екені белгісіз.


Мұхтар Әблязов ағылшын сотының 16 ақпан күнгі шешіміне орай 8 наурызда апелляциялық шағым жазған.

– БТА банкінің бұрынғы төрағасы 8 наурыз күні сот шешіміне байланысты шағымданды. Бұл апелляциялық шағымды 9 наурыз күні судья Николас Хэмблен тіркеді, – деді Ұлыбритания жоғарғы сотының өкілі Шарлот Гудуин сейсенбі, 13 наурыз күні Азаттық тілшісіне.

Financial News басылымының жазуынша, апелляциялық шағымның қашан қаралатыны әлі белгісіз.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, судья Найджел Тир 2012 жылы ақпанның 16-сы күні Лондон сотының 2009 жылғы шешімін – БТА банкі ісін тексеруге орай активтерін құрсаулау жайлы бұйрығын орындамағаны үшін Мұхтар Әблязовты айыпты деп тапқан болатын.

БТА банкінің қазіргі басшылары Әблязовты «Ұлыбританияға кетерден бұрын банктің бес миллиард долларын жымқырды» деп айыптаған.

Ақпанның 24-і күні БТА банкі өкілдері Ұлыбритания жоғарғы сотынан «Әблязов екі апта ішінде сотқа келмесе, оны қаржы жымқыру ісіне байланысты қорғану құқынан айыруды» сұрады.

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов Ұлыбритания сотының соңғы шешіміне - өзін 22 айға соттауға үкім еткеніне байланысты:

– Осы іс барысында маған тағылған айыптың саяси астары бар екенін, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мені саяси қарсылас ретінде құртуына байланысты екенін мәлімдегенмін. Оны айта да беремін, – деген еді.

Мұхтар Әблязовтың қазір қайда жүргені белгісіз.
XS
SM
MD
LG