Accessibility links

Сотқа тартылған 47 "терроршының" үлкені 35-те


Атырау облыстық сотының ғимараты. Атырау, 16 маусым 2010 жыл. Көрнекі сурет
Атырау облыстық сотының ғимараты. Атырау, 16 маусым 2010 жыл. Көрнекі сурет

Наурыздың 26-сы Атырауда былтырғы тамыз бен қазан айларының арасында террорлық акт жасады деген айып тағылған 47 жігіттің соты басталды. Сот жабық өтіп жатыр.


Сот болатын күні Атырау облыстық сотының маңындағы күзет күшейтіліп, ғимараттың қарсы алдына жылжымалы веб-камера орнатылды.

- Сот жабық жағдайда өтеді, ондағы айыпталушылар санына байланысты процесс тым ұзап кетуі де мүмкін, - деп мәлімдеді облыстық соттың баспаөз хатшысы Боранабай Ғалиев.

Сотқа айып тағылғандардың туған-туыстары кіргізілмеді.

Терроризм бабынан бөлек террористік топпен байланыс жасады, оны құрды, қаржыландырды, терроризмді уағыздады, жарылғыш заттарды қолдан жасады деген басқа айыптар тағылған 42 адамның сотын Атырау облыстық ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты қарап жатыр.

Ал қалған 5 айыпталушының соты абақтыда өтеді. Олардың ісін Атыраудың 2 қалалық сотының судьясы қарай бастады.
Олардың басым көпшілігі атыраулықтар болғанымен арасында Өзбекстан азаматтары мен Қазақстанның басқа облыстарынан келгендер де бар.
Айыпталушы ретінде отырғандардың барлығы 24-35 жас аралығындағы жас жігіттер. Олардың басым көпшілігі атыраулықтар болғанымен арасында Өзбекстан азаматтары мен Қазақстанның басқа облыстарынан келгендер де бар.

Атырау қаласы прокурорының көмекшісі Ләззат Нұрмағамбетованың сөзі бойынша террорлық әрекет жасады деп айыпталып отырғандардың құрамы мұнымен шектелмейді. Атыраулық құқық қорғау орындары олардың кейбірі Пәкістанда жасырынып жүр деген ақпарат таратты.

Былтыр тамыз бен қазан айларының аралығында Атырау қаласында жасалған бірнеше қылмысты полиция террорлық әрекет деп бағалаған еді. Тамыздың аяғында терактілер жасамақ деген күдікке ілінген Сергей Ли қолға түсіру барысында оққа ұшқан болатын.

Сол жолы Атырау облысы прокуроры Сейфулла Кемалов "лаңкес" ретінде 18 адамның қамалғанын хабарлаған болатын. Олардың алтауына терроризмге қатысы бар деген айып тағылған еді.

Қазанның 31-інде Атырау қаласында облыстық әкімдік пен прокуратура маңында бірінен соң бірі екі жарылыс болған еді. Кейін 23 жасар Бауыржан Сұлтанғалиевтің өзін-өзі абайсызда жарып алғаны жайлы ресми ақпарат таратылған болатын. Содан соң Атырауда болған осы және қарашаның 12-сінде Таразда болған жарылысты «Халифат сарбаздары» ұйымы "біз жасадық" деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG