Accessibility links

«Барахолканы» жабу мәселесі дау тудырды


"Барахолкадағы" "Алатау-1" базары. (Көрнекі сурет)
"Барахолкадағы" "Алатау-1" базары. (Көрнекі сурет)
Алматы әкімшілігі «тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылық үшін» ірі сауда орындарының бірі «Барахолканың» 34 базары жақын арада жабылуы мүмкін екенін ескертті. Ал бизнес өкілдері 180 мың адамның жұмыссыз қалатынын айтады.

Алматыда қала әкімшілігі мен бизнес өкілдері жиналып, «Барахолканың» болашағы жайлы сөз қозғады. Саяси шешімдер институты қазанның 16-сы күні өткізген жиынға келген екі тарап базарға байланысты өз уәждерін айтты.

«74 БАЗАРДЫҢ 34-ІН ЖАБАМЫЗ»

Алматы қалалық сәулет және құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Жанат Айтілеудің ақпараты бойынша, қалада 74 базар бар. Оның 34-і «қызыл жолақта» тұрғандықтан оларды бес-алты жылдың ішінде жабу қажет.

– Солтүстік айналма жолдың бойында орналасқан «Барахолканың» 34 базары «қызыл жолақта» тұр. Олар жабылуы қажет, себебі жоспар бойынша Солтүстік айналма жолдың ені 130 метр болуы тиіс. Бір жағында – 65 метр, екінші жағы да –
Әкімшілік өкілі Жанат Айтілеу. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Әкімшілік өкілі Жанат Айтілеу. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
65 метр. Кезінде нарықтық экономикаға көшкенде бұл жерде сауда жасауға рұқсат болған. Ал қазір қала өсті, модернизация жасауымыз қажет, – деді Жанат Айтілеу.

Алматыда базарлардың басым көпшілігі 1990 жылдары ашылған. Әкімшілік өкілінің сөзінше, «ол базарларда құрылыс және санитарлық ережелер мүлдем сақталмаған, әрі базарлар көлік жолына кедергі жасайды».

– «Сауда қызметін реттеу туралы» заңда базар басшылығына қойылатын шарттардың ішінде сауда кешенінің жанында көлік тұрағы мен коммуникация болуы керек екені көрсетілген. Жалпы, қызмет көрсетуді өркениетті жолмен жүргізу қажет. Осы мақсатты қаладағы 40 базармен жартылай немесе толық реконструкция жасайтындығы жайлы келісімге келдік, ал «қызыл жолақтағы» базарлармен ешқандай келісім жасалмайды, – деді Алматы қалалық сәулет және құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Жанат Айтілеу.

«БАЗАРДА 180 МЫҢ АДАМ ЖҮР»

Жиынға қатысқан базар басшылығы мен сарапшылар «бір сауда кешенін тұрғызу үшін шамамен 50-100 миллион доллар кетеді – сондықтан базардан босаған
Кәсіпкерлер өкілі Жібек Әжібаева. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Кәсіпкерлер өкілі Жібек Әжібаева. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
саудагерлерге жалға беру бағасы бұл кешендерде 1,5 есе өсуі мүмкін» деген уәж айтты.

– Бұл тауардың бағасына әсер етеді. Сіз бен біз мұнда отырып қанша сөйлегенімізбен, зардапты қарапайым халық пен саудагерлер шегеді. Себебі базарда отырғандардың басым көпшілігі – жұмыстан қысқарғандар, құрылыс немесе банк жүйесінен зардап шеккендер, мемлекеттік қызметте жұмыс істегендер. Олар – 180 мың адам! Сондықтан әкімшілік жоспарын іске асырамын десе, тек екі жақ – әкімшілік пен базар басшыларына ғана емес, үшінші жаққа – саудагерлерге де тиімді жағдай жасалынуы тиіс, – деді Қазақстан кәсіпкерлері және базарлары қауымдастығы кәсіподағының төрағасы Жібек Әжібаева.

Жібек Әжібаева базар арқылы күндерін көріп жүрген үш топ бар екенін айтты.

– Саудада жүргендердің 74 пайызы – әйел адамдар. Олардың көбі зейнеткерлік жасқа жақындағандар. Олар қайтадан бизнесін бастай алмайтындығы белгілі,
Алматы базарларының біріндегі кәсіпкер әйелдер. (Көрнекі сурет)
Алматы базарларының біріндегі кәсіпкер әйелдер. (Көрнекі сурет)
сондықтан оларды зейнетке ерте шығару секілді жайттарды ойластыру керек, Екіншісі – орта жастағылар. Статистика бойынша, жаңа орынға көшкен саудагерлердің 25 пайызы өз ісін қайта бастай алмайды. Сондықтан бұл топты қаржымен (несие, лизинг) қамтамасыз етуді қарастыру керек. Үшінші топ – жастар. Олар саудада жүргендердің 15 пайызын құрайды. Бұларды да жұмыспен қамту мәселесін шешу керек, – деді кәсіпкерлері және базарлары қауымдастығы кәсіподағының төрағасы Жібек Әжібаева.

Оның айтуынша, базарларды жабуға сылтау болып отырған Солтүстік айналма жолдағы көлік кептелісі мәселесін шешудің бір жолы – бір бағыттағы көлік қозғалысын жасау.

«САУДАГЕРЛЕР ШЕНЕУНІКТЕР АРМИЯСЫН АСЫРАДЫ»

Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев «жергілікті билік пен қарапайым халықтың өмірі алшақ» екенін айтты.

– Әкімшілік «қызыл жолақ», «жолды кеңейтеміз», «қаланы көркейтеміз», «саудагерлерді жылы ғимаратқа көшіреміз, жағдайын жасаймыз»деген әдемі
Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
сөздерді айтады да, іс жүзінде бұл бұйыру-тыйым салу жолымен жүреді. Неге билік қарапайым халықты ойламайды. Базарда отырғандар биліктің еш көмегінсіз өзін, өз отбасын асырағанмен қоймай, «шенеуніктер армиясын» да асырады. Кеденнен бастап, шекарашылар, полицейлер, әкімшілік, қойма, базар ішіндегі базаркомдар бар, – деді Айдар Әлібаев.

Оның ойынша, «әр саладағы жаңалық (инструкциялардың толығуы, тарифтердің өзгеріске ұшырауы) – ақша, коррупция».

– Мұның бәрін әкімшілік «күйін күйттеп, жағдайын жасап» жатқан бейшара саудагер төлеуі қажет. Бес-он теңгемен күнін әрең көріп жүрген ол Үрімжіде 10 теңге тұратын тауарды бізде 150 теңгеге сатуға мәжбүр. Мен оны бұған бола айыптай алмаймын, – деді Айдар Әлібаев.

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖАРЫЛЫС БОЛУЫ МҮМКІН»

«Қызыл сызыққа» ілінген базарлардың бірінің директоры Ерлан Қанапияев бұрын базар салуға рұқсат берген қала әкімшілігін кінәлады. Оның айтуынша, «халық базарды жапқыза қоймайды».

– Не айтып отырғанын өздері білмейді. Әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін, – деді ол қала басшылығының «базар жоспары» жайлы.

Ол «әлеуметтік жарылыс» дегенде Шаңырақтағы 2006 жылғы оқиғаны айтпағанын,
Базар директоры Ерлан Қанапияев. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Базар директоры Ерлан Қанапияев. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
өйткені өздерінің «адамдармен жұмыс істей алатындарын» айтты.

Базар директорының сөзінше, 34 базарды жабу, 40 базарды реконструкциялау шарасы саудагерлерге ғана емес, қызмет көрсету саласына (таксистерге, жүкшілерге, асхана иелеріне), оған қоса «Барахолкадан» бұйым алатын табысы аз он мыңдаған тұрғынға әсер етеді.

Ерлан Қанапияев осыған орай «қызыл сызықтың» шегін азайту туралы ұсыныс айтып еді, Алматы қалалық сәулет және құрылыс басқарамасы бастығының орынбасары Жанат Айтілеу оған үзілді-кесілді қарсы болды.

Базар басшысы «саудагерлерге ұзақ мерзімге арнайы (айлық төлемі 200 доллардан аспайтын) несие беру керек» деген ұсыныс айтып еді, бірақ жиында оны талқылайтын банк өкілдері болмады.

ЗЕРТТЕУ

Саяси шешімдер институты өткізген зерттеуге қатысқан Алматы тұрғындары да әлеуметтік наразылық туралы айтады. Респонденттердің 17,1 пайызы «Барахолка»
Алматыдағы "Ақсай" базары. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы "Ақсай" базары. (Көрнекі сурет)
қысқарса, митинг, ереуілдер мен аштық акциялардың болатынын жоққа шығармайды.

Жауап берушілердің 23,3 пайызы – «жұмыссыздық көбейеді», 11,6 пайызы – «тауар бағасы қымбаттайды», 12,1 пайызы – «тауар сапасы мен контрофакт өнімдер азаяды», 11,6 пайызы – «төтенше жағдай кезінде магистраль бос болады» деп жауап берген.

«Барахолкадағы» базарлардың жартысына жуығын жабу жоспарын сауалнамаға қатысқандардың 26,4 пайызы қолдамайды, 39,5 пайызы қолдайды.
XS
SM
MD
LG