Accessibility links

"Ала дорбалы саудагерлердің" азапты еңбегі


Кеденнен өтіп жатқан коммерсанттар. Алматы облысы, Қорғас, 25 ақпан 2013 жыл.
Кеденнен өтіп жатқан коммерсанттар. Алматы облысы, Қорғас, 25 ақпан 2013 жыл.

1990-жылдары шетелден тауар тасыған саудагерлер еңбегі ескерткіш орнатуға лайық. Бұл - Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы өкілдерінің пікірі. Ал саудагерлер «бизнеске нақты қолдау болса екен» дейді.

Алматыдан Үрімжіге жүретін рейстік автобус - қазақстандық шағын саудагерлердің әдеттегі көлігі. Автобустың негізгі жолаушылары – спорт костюмін киіп, беліне әмиян таққан етжеңді әйелдер. Қытайда өндірілетін тауарларды үлкен ала дорбаға салып таситын саудагерлер ауызекі тілде "челноктар" деп аталып кеткен.

Автобустың жүк салатын орны қытай тауары салынған ала сөмкелер мен скотчпен оралған дорба-қаптарға толы.

Автовокзалдың жүкшісі бұларды әупірімдеп тиеп жатқанда, сапарластар бір-бірімен танысып үлгереді. Жол үстінде бұл топтан бейресми жетекшілер суырылып шығып, өздерінің уақытша «кәсіподағын» құрады.

Салонға жайғасқандар - Қазақстанның әр аймағынан шыққандар. Алматылық саудагерлермен бірге мұнда Қарағанды, Талдықорған, тіпті Жаңаөзеннің де саудагерлері отыр.

Жолаушылардың назары жасы 50-лер шамасындағы жайдары жүзді жігерлі әйелге ауған. Бұрын инженер-картограф болып істеген Валентина өзін алыпсатарлық бизнестің ардагерімін деп есептейді.
Алматыдан Қытайдың Үрімжі қаласына баратын автобус. Алматы облысы, 25 ақпан 2013 жыл.
Алматыдан Қытайдың Үрімжі қаласына баратын автобус. Алматы облысы, 25 ақпан 2013 жыл.

СССР күйреген соң геодезия және картография саласының жабық кәсіпорны қызметкерлері жаппай қысқарып жатты. Ғұмырында қарындаш пен қағаздан ауыр жүк көтеріп көрмеген жас маман да күнкөріс көзінен айырылып қалады. Оның құрбыларының көбі коммерцияға кетіп жатты.

Сол жылдары тіршілік қамымен шетелге кетіп, арқалап әкелген заттарын Алматы көшелеріндегі жайма базарларда тұрып сатуды кәсіп еткен әйелдер көбейді.

АДАМ «ЧЕЛНОКҚА» ҚАЛАЙ БАРАДЫ?

1990-жылдардың басында жұрт жаппай меңгерген коммерсант мамандығы табысы мол кәсіп түрі болды. Жұмыссыз қалған Валентина да 1992 жылы екі жасар ұлын әжесі мен күйеуіне қалдырып, таныстарынан өсімге қарыз ақша алып, тәуекел деп алғаш рет тауар әкелу үшін шетелге аттанады.

- Польшаға бардым. Мәскеуге ұшақпен келіп, ары қарай автобуспен Варшаваға бардық. Бірнеше адам тобымызбен жүрміз. Түнгі сағат үштер шамасында автобус бізді Варшавадағы стадионның жанына әкеліп тастады. Тар тротуармен келе жатыр едік, қарсы алдымыздан алпамсадай еркектер шыға келді де, тобымыздан екі әйелді бөліп әкетіп, қоршап алды. Оларды жерге отырғызып, қалталарындағы бар ақшасын сыпырып алды. Құдай сақтап мен бұл тонаудан аман қалдым. Алғашқы сапарымда әкелген джинсы, аяқ киімдерді тездетіп сатып жіберіп, қарызымнан құтылдым, - дейді Валентина.

Киім-кешек әкеліп сату бір ізге түсіп, әр жолы түскен табыс кенелтіп тастамаса да, Валентинаның отбасы жұрт қатарлы күн кешіп жатты. Бұл тірлік кезекті экономикалық дағдарыс басталғанша жалғасты. Теңгенің құны түсіп кеткен 1999 жылы Валентина жиған-тергенінің қомақты бөлігінен айырылып қалады. Қарызға тағы ақша алған ол бұл жолы Түркияға аттанады. Бірақ тауарды дұрыс таңдамай, түріктің заттары өтпей, сол жолғы саудасы жүрмейді.

Бұған мойымаған Валентина тағы да қарызданып, Қытайға шығады. Бұл кезең Қытай үшін берекелі заман болды: бұрынғы советтік республикалардан ағылған алыпсатарлардың арқасында ол елдегі тігін және аяқ киім өнеркәсібі өркендеп, «орыс базарлары» қаптады, қонақүйлер ашылып, логистика саласы дамыды.
Үрімжідегі сауда орны. 24 ақпан 2013 жыл.
Үрімжідегі сауда орны. 24 ақпан 2013 жыл.

- Қытайдан тауар тасығаныма 14 жыл болды. Көтерме саудамен айналыспаймын, әкелген тауарымды бөлшектеп сатамын. Бұрын, яғни Кеден одағы құрылғанға дейін оңай еді. Қытайға барып, тауарды таңдап кететінбіз де, оны КамАЗ-дар әкеліп беретін. Өзіміз жүк арқаламай, қол сөмкемізді көтеріп кете беретінбіз. Қазір олар жолда ұзақ жүреді, тауарымыз уақытында келмейді. Сондықтан сөмке-қаптарымызды арқалап, заттарды енді автобуспен тасып жүрміз. Көтеруге жеңіл, үстінен қалатын табысы молырақ болсын деп тауардың көлемі шағындауын, қымбатырағын аламын, - дейді Валентина.

ЕСКЕРТКІШ ИДЕЯСЫ

Жақында Қазақстанда базар саудасында күн көріп жүрген әйелдерге ("челноктар" - ред.) ескерткіш орнату бастамасы көтерілді. Бұл идеяны «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Есер Есенғараев ұсынды.

Партия функционерінің идеясын Еуразия кәсіпкерлері қауымдастығы қолдады. Олардың пікірінше, 1990-жылдардағы қиын заманда экономиканы тауар тапшылығынан құтқарған әйелдердің жанкешті еңбегіне құрмет көрсету керек.

Еуразия кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Жомарт Алдоңғаров Азаттық тілшісіне ескерткіштің сұлбасы туралы да айтты:

- Жүзі шаршаңқы, арқасына үлкен қоржын асып, қолына қытайдың ала сөмкесін көтеріп, ілбіп келе жатқан ер адамның жанында әйелі, келіні, ал арт жағында қап көтерген ұлы келе жатыр. Жұбайы үлкен сөмке салынған қоларбаны сүйреп келеді. Бұл дамылдау үшін аялдаған сәт болса керек. Әйелдер маңдай терлерін сүртіп тұр, - дейді.


Жомарт Алдоңғаров «Болашақ скульптураның әлі нобайы да жоқ, бұл әзірше ойдағы үлгі ғана» дейді. Алайда ол басқаратын қауымдастық Қазақстан президенті әкімшілігіне ескерткіш тұрғызу идеясын қолдауды өтініп хат жолдапты.
Үрімжі көшелерінде ТМД елдерінен келген алыпсатарларға арналған орыс тіліндегі жазулар көп кездеседі. Үрімжі, 20 ақпан 2013 жыл.
Үрімжі көшелерінде ТМД елдерінен келген алыпсатарларға арналған орыс тіліндегі жазулар көп кездеседі. Үрімжі, 20 ақпан 2013 жыл.

- Алыпсатар әйелдердің құрметіне қос бірдей ескерткіш тұрғызған ресейліктер ақымақ емес қой. Олардан қай жеріміз кем? Ескерткіш дегеніміз идеология емес пе? Мына өсіп келе жатқан жас ұрпақ қиын заманда әке-шешелерінің транспарант көтеріп көшеге шықпай-ақ, бар шаруаны өз қолдарына алып, халықты тауармен қамтамасыз еткенін, жұмыс орындарын ашқанын, салық төлегенін білсін, - дейді «Нұр Отан» партиясының өкілі.

АЛЫПСАТАРЛАР МЕН ІЖӨ

Социолог Елена Садовскаяның ғылыми зерттеу тақырыбы - еңбек миграциясы. Сарапшының айтуынша, «алыпсатарларды шынымен де қаһармандар қатарына қосуға болады. Олар өз күшімен тірлік етіп, экономикалық дағдарыс кезеңінде отбасыларын асырап, елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтауға да жанама түрде көмектескен».

- Қазақстандағы еңбек мигранттарының иығына ауыр жүк түсті. 1990-жылдардың орта шенінде қоғамның мұқтаж топтарын әлеуметтік тұрғыдан қорғау жауапкершілігінен мемлекет бас тартқанда, алыпсатарлар отбасын асырап қана қоймай, туған-туыстарына да көмектесті. 2000 жылғы зерттеуімізге қатысқан алматылық респонденттердің 57 пайызы және Қарағанды облысының қалаларынан қатысқан респонденттердің 45 пайызға жуығы туыстарына тұрақты түрде немесе ара-тұра көмектескен болып шықты. Ал бұл респонденттердің 10 пайызға жуығы оларды толық асырап отырған, - дейді социолог.

Елена Садовская «өтпелі кезеңде еңбек миграциясының экономикалық маңызы үлкен болды» дейді. Ол өз зерттеуінде алыпсатарларға қатысты деректер мен ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) цифрларын салыстыра келе мынадай байланысты байқаған:
Ресейдегі коммерсанттарға қойылған ескерткіш. Қытаймен шекарада орналасқан Благовещенск қаласы, Фото Википедиядан алынды.
Ресейдегі коммерсанттарға қойылған ескерткіш. Қытаймен шекарада орналасқан Благовещенск қаласы, Фото Википедиядан алынды.

- Экономикалық дағдарыс күшейіп, ІЖӨ қысқарған сайын тауар тасу үшін шетелге шығатындар қатары өсе түскен. 1994-1999 жылдар аралығындағы экономикалық дағдарыс пен құлдырау кезінде, яғни Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 1990 жылдағының үштен бірін әрең құраған тұста, тауар алуға шығатындардың саны артқан. 1997 жылы мұндай туристердің саны 174 мың адамға жеткен. Бұл - ТМД аумағынан шетке шыққандар ғана. Ал Қазақстан, Ресей, Қырғызстанның базарларынан тауар тасып, қайта сатумен айналысқандары қаншама, олардың саны жүздеген мыңға жетеді. Алыпсатарлар дағдарыс құрсауынан өз басы мен отбасыларын ғана емес, бүкіл елді сүйреп шығарды, - дейді Елена Садовская.

Сарапшы қазір алыпсатарлық бизнес бір жүйеге түсті дейді. Бұл сала 20 жылдың ішінде көп өзгеріп, қазір сатып алушы, тасушы, тауарды таратушы фирмалар пайда болған. Бизнесмендер мемлекеттік органдарда кәсіпкер ретінде тіркеуде тұрады. Көпшілігінің бірнеше дүкені бар, сатушылар, жүргізушілер, күзетшілер ұстайды, делдалдар желісі дамыған.
XS
SM
MD
LG