Accessibility links

УЕФА-ға ұмтылудың көлеңкелі жақтары


2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. Суреттер Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. Суреттер Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.

Қазақстанда тәуелсіздік жылдары бір-ақ жаңа стадион салынып, екі стадион ғана халықаралық стандартқа сәйкес жөнделген болып шықты.

Қазақстанның футбол федерациясы (ҚФФ – ред.) 11 жыл бұрын Азия федерациясынан шығып, өз өтініші бойынша Еуропа федерациясына қабылданған еді. Бірақ спорт шенеуніктерінің амбициясы мен стадиондардың сапасы сәйкес келмеген күйі қалып тұр.

Премьер-лиганың Асқар Ж. есімді (толық аты-жөнін атамауды өтінді - тілші) футболшысы ойын кезінде ең әуелі газонға назар аударатынын айтады. Ойыншылар қатты қауіптенетін жайттардың бірі – сапасыз алаңның кесірінен жарақаттанып қалу.

- Біздің стадиондардың ішінде тек Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодардың газоны жақсы. Бірде Атырауда өткен ойында газонға тайып жығылып, жамбасымды сындырып алғанмын. Бұл жарақаттан айығу үшін біраз уақыт ойынға шықпадым, - дейді Асқар.

УЕФА кубогының "Ақтөбе" - "Бремен" матчында жанкүйерлерді бақылауға келген полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 27 тамыз 2009 жыл. Көрнекі сурет
УЕФА кубогының "Ақтөбе" - "Бремен" матчында жанкүйерлерді бақылауға келген полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 27 тамыз 2009 жыл. Көрнекі сурет
Футболдан «Қайрат» командасының бас бапкері, словакиялық маман Владимир Вайсс мамыр айында Теміртау қаласындағы стадионның жағдайын сынады. Ол журналистерге: «Сіздер менен «қазақстандықтар клубтар қашан чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды» деп көп сұрайсыздар. Егер қазақстандық клубтардың чемпиондар лигасында ойнауын қаласаңыздар, ойындарды Теміртаудағы сияқты алаңдарда өткізуге болмайды. Бұл ойыншылар үшін қауіпті. Теміртаудың стадионы 13-ғасырды еске салады» деп жауап берді.

Вайсс айтқан стадионда бірқатар ойындарын өткізуге мәжбүр болған «Шахтер» командасының баспасөз хатшысы Мансур Қалиев Азаттық тілшісіне берген сұхбатта:

- Қарағандыдағы стадионды биылғы чемпиондар лигасына дайындағандықтан «Шахтер» командасының ойынын Теміртаудағы стадионда өткізуге тура келді. Қазір Қарағандыдағы алаң толық дайын болды. Енді «Шахтер» өз ойынын сонда өткізеді. Ал Теміртаудағы стадион қайта жөндеу үшін жабылды. Негізі, Теміртаудағы стадионда «Астана», «Ертіс» командалары ойнады. Олар ешқандай шағым айтқан жоқ. Ал Вайсс Еуропада алаңдарында ойнап үйреніп қалған. Біздің стадиондарды онымен салыстыруға келмейді ғой, - деді.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЕҢІП, АЛМАТЫДА ОЙНАУ

Алматылық футбол бапкері Бауыржан Сарсекеновтің де Қазақстандағы стадиондардың сапасына мүлдем көңілі толмайды.

- Ақша жақсы бөлініп жатыр. Бірақ алаң жоқ. Қазақстанда футбол алаңдарына бір жыл арнап, стадиондарды жөндеу керек. Бүкіл елде тек үш стадион ғана талапқа сай келеді. Шымкенттегі стадионның шатыры жоқ. Инфраструктурасы мүлдем халықаралық стандартқа сай емес, - деді футбол маманы.

Шымкенттегі стадионның халықаралық стандарттарға сай келмейтінін ҚФФ ұлттық футбол лигасының директоры Олжас Абраев та сынады. Ол өзінің жеке блогында: «Ордабасының» басты проблемасы - ойын өткізетін Қажымұқан атындағы стадион. Клуб стадионды жалға алады. Газонның жағдайы нашар. Стадионның агрономдары көгалды күтпейтіні көрініп тұр. Трибуна да қауіпті жағдайда» деп жазған еді.

Шымкенттегі Орталық стадионның көрінісі (Сурет "Спортинфо" сайтынан алынды)
Шымкенттегі Орталық стадионның көрінісі (Сурет "Спортинфо" сайтынан алынды)
Стадионның жағдайын білу үшін Азаттық тілшісі Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт басқармасы инфрақұрылым бөліміне хабарласты. Бөлім маманы Айгүл Каримбаева:

- Қазір стадионға қатысты құжаттардың барлығы дайын. Әкімдіктің қарауында жатыр. Қол қойылса, жөндеу жұмыстары басталады. Әзірге стадионға ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ, - деп жауап берді.

Ойын алаңы мен спорттық инфрақұрылымы нашар футбол клубтары ұшырайтын тағы бір қиындық бар. 2012 жылы Шымкенттің «Ордабасы» командасы Қазақстан кубогын жеңіп алып, Еуропа лигасының іріктеуіне қатысатын болған. Бірақ Шымкенттегі стадион халықаралық стандарттарға сай келмегендіктен, УЕФА Еуропа лигасының іріктеу ойындарын бұл қалада өткізуге рұқсат бермеді. Сондықтан «Ордабасы» еурокубок ойындарын Алматыдағы Орталық стадионда өткізді.

Мұндай шектеу - жанкүйерлерге де жайсыз тиетін фактор. «Тараз» командасының фан-клубының мүшесі, футбол жанкүйері Ерсін Жақыпбеков:

- Қазір біздің «Тараз» командасы ішкі чемпионатта жақсы ойнап жүр. Егер Еуропа жарыстарына жолдама алып жатсақ, Тараздың орталық стадионы УЕФА лицензиясын ала алмай қалса, біз Астана немесе Алматыға баруға дайын емеспіз. Стадионның сапасыздығынан біз, фанаттар зардап шегуіміз мүмкін. Жалпы, командаларымыз Еуропа жарыстарында жақсы ойнаймыз десе, стадиондары дұрыстау керек. Футболдың негізі стадион ғой, - дейді.

«ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ САЛЫНҒАН «АСТАНА-АРЕНА» ҒАНА»

Aladop.kz сайтының бас редакторы, спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанда тәуелсіздік жылдары тек бір ғана стадион салынғанына назар аударды.

- Қазақстандағы стадиондардың дені совет үкіметі кезінде салынған. Одан бері Қазақстанда салынған стадион тек «Астана-арена» ғана. Әр облыстың стадиондары тек атаулы мерейтойлардың арқасында бір жаңарып, қайта түлеп отырған. Бірақ солардың өзіне әлі күнге дейін қарапайым құрал-жабдықтар, сапалы орындықтар мен баспасөз орталықтары жетіспейді, - дейді спорт шолушысы.

ҚФФ 2012 жылы Атыраудағы «Мұнайшы» стадионын қауіпті деп, оған ойын өткізуге тыйым салған еді. Кейін Атырау облыстық әкімдігі стадионға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ойын өткізуге рұқсат алды.

Спорт сарапшыларының арасында стадиондар мәселесінің шешілуін кешіктіріп тұрған тағы бір жайт олардың көп жағдайда футбол клубының, я спорт агенттігінің қарамағында емес, облыс я қала әкімшіліктерінің иелігінде болуы деген де пікір талқыланады.

Ардақ Тоғымов, Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігі жанындағы олимпиадалық даярлау орталығының баспасөз қызметкері (Сурет жеке мұрағаттан алынды)
Ардақ Тоғымов, Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігі жанындағы олимпиадалық даярлау орталығының баспасөз қызметкері (Сурет жеке мұрағаттан алынды)
Бұған қатысты Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігі жанындағы олимпиадалық даярлау орталығының баспасөз қызметкері Ардақ Тоғымовқа сауал қойған едік. Оның мәліметінше, Қазақстанда тек «Астана-арена» стадионы спорт және дене шынықтыру агенттігіне қарайды.

«Басқа стадиондар облыстық әкімдіктерге қарағандықтан оны жақсарту мәселесімен облыс басшылары айналысады. Бірақ жыл сайын футбол чемпионаты басталар алдында ҚФФ комиссиясы стадиондардың сапасын тексеріп, чемпионат өткізуге лицензия береді. Жыл сайын лицензия алу шарттары күрделеніп келеді. Талап күшейгеннен кейін стадиондардың сапасы да жақсара түседі деп ойлаймын» деген жазбаша жауап келді Ардақ Тоғымовтан.

ТОҒЫЗ ҚАЛАДА СТАНДАРТҚА САЙ КЕЛЕТІН СТАДИОН ЖОҚ

Ал ҚФФ өкілі, ұлттық лига төрағасы Олжас Абраев Азаттық тілшісіне берген сұхбатында:

Қазақстан мен УЕФА

ҚАЗАҚСТАН МЕН УЕФА

- 2002 жыл – Стокгольмде өткен УЕФА конгресінде Қазақстан Еуропа футбол қауымдастығына мүше болып қабылданды.

- 2003 жыл – Қазақстандағы стадиондарды еуропалық стандартқа сәйкестендіру жұмыстары басталды. Алматыдағы Орталық стадион трибуна шатыры, мен баспасөз орталығы бар алғашқы алаңға айналды.

- 2009 жыл – «Астана арена» стадионы салынып бітті. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Қостанай және Павлодар қалаларындағы стадиондарға да жөндеу жасалды.

- Қазақстандағы стадиондардың қаншасы халықаралық талапқа сай келетін нақты айту қиын. Бірақ «Астана-арена», Алматыдағы және Ақтөбедегі Орталық стадиондарға кез келген деңгейдегі жарысты ұйымдастыруға болады. Ал Қарағандыдағы «Шахтер» стадионына чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу матчтарын ғана өткізуге болады. Ал егер «Шахтер» футбол командасы еуропалық жарыстардың топтық кезеңіне шықса, Қарағандыдағы стадионда ойындарын өткізе алмайды. Павлодар мен Қостанай қаласындағы стадиондарда да осындай жағдай. Ал Шымкент, Атыраудағы стадиондар халықаралық деңгейдегі жарыстардың ешқайсын қабылдай алмайды. Қазір Шымкенттегі және Атыраудағы стадиондарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді.

ҚФФ дерегіне сүйенсек, Қостанайдағы орталық стадион, Талдықорғандағы «Жетісу» алаңы, Павлодардағы орталық стадион, Қарағандыдағы «Шахтер» футбол алаңдарында еуропалық жарыстардың іріктеу матчтарын ғана өткізуге болады. Ал Өскемендегі «Восток», Оралдағы орталық стадион, Қызылорда, Семей, Петропавл, Теміртау, Көкшетау, Шымкент, Атырау қалаларындағы футбол алаңдарында халықаралық стандарттарға сай келетінін растайтын сертификат жоқ.

Ескерту: Деректер қазақстандық футбол командаларының ресми сайттары мен ҚФФ-дан алынды.
XS
SM
MD
LG