Accessibility links

Жүргізушілер салық көбеюіне қарсы петиция жазды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге салықты көбейтуге қарсы Қазақстан президентіне жазылған петицияға қазір 7 мың 500 азамат қол қойды. Ал салықты көбейтуді ұсынған салалық министрлік жауап бермей отыр.

Қазақстан үкіметі қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын көліктердің салығын төрт есе (60 мың мен 200 мың теңге аралығында) көбейтуді көздеп отыр.

Бұл туралы құжат - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы күзде парламентте талқыланады. Заң жобасын әзірлеуші - Қазақстанның экономика және бюджеттi жоспарлау министрлігі.

Қазақстанның экономика және бюджеттi жоспарлау министрлігінің сайтында жарияланған заң жобасының 37-бетінде салық көліктердің қозғалтқыш көлеміне ғана салынатыны жазылған.

Салоннан көлік қарап жүрген адам. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Салоннан көлік қарап жүрген адам. Алматы, 28 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ол құжат бойынша, Қазақстандағы қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден үлкен көліктердің салығы бірнеше есеге өспек. Мәселен, қазір бұл көлік иелері 15 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 1 мың 731 теңге) көлемінде (26 мың теңге – ред.) салық төлеп келсе, заң жобасы күшіне енгеннен кейін қозғалтқыш көлемі 3-3,2 мың текше сантиметр болатын көліктерге - 35 АЕК (60 мың 500 теңге шамасында), қозғалтқыш көлемі 3,2-3,5 мың текше сантиметр болатын көліктерге - 46 АЕК (79 мың 600 теңге), ал 3,5-4 мың текше сантиметрлік көлікке 66 АЕК (114 мың теңгеден астам), қозғалтқыш көлемі 4 мың текше метрден асатын көліктер үшін - 117 АЕК (202 мың теңге) көлемінде салық төлеуге тура келеді.

«КІМ КӨП ЖҮРЕДІ - СОЛ КӨП ТӨЛЕСІН»

Ал Қазақстан жүргізушілері бұл құжатқа қарсы петиция даярлап жатыр.

Алматы тұрғыны Юрий - 2007 жылы шығарылған, қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметр болатын көліктің иесі. Ол «ірі литражды көліктерге салынатын салық өссе, тұрмысыма айтарлықтай әсер етеді» дейді.

- Биылға дейін 30 мың теңгеден аса салық төлеп келдім. Заң қабылданса, 120-130 мың теңге төлеуіме тура келеді. Онда көлігімді сатудан басқа амал қалмайды, - дейді жүргізуші.

Алматы көшесіндегі көліктер. (Көрнекі сурет)
Алматы көшесіндегі көліктер. (Көрнекі сурет)
​Оның ойынша, «салықты көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай емес, жүрген жолына төлеу керек».

- Өйткені қалаға ақша табуға келетін ескі көліктер менен бес-он есе көп жүреді. Экологияны да менен артық ластайды. Ең дұрысы - кім көп жүреді, сол көп төлесін, - дейді алматылық көлік иесі Юрий.



«ЗАҢНЫҢ 2014 ЖЫЛЫ 1 ҚАҢТАРДА КҮШІНЕ ЕНГЕНІН ҚАЛАЙМЫЗ»

Тәуелсіз автомобилистер одағының басшысы Эдуард Эдоков «үкімет заң жобасын әлі жетілдіру керек» деген пікір айтты.

- Үкімет жобасында көліктің шыққан жылы ескерілмеген. Ресейде шыққанына үш жыл ғана болған, құны 100 мың доллардан асатын көліктерге ғана арнайы салық төленеді. Ал бізде құны 20 мың доллардың маңайы болатын, орта есеппен он жыл бұрынғы көліктерді осы санатқа қосып, бөлек салық төлетпекші. Меніңше, ақылдаса отырып, мамандар екі жаққа да тиімді шешім қабылдауы тиіс, - дейді ол.

Эдуард Эдоковтың бастамасымен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған петицияға бүгінге дейін 7 мыңнан астам жүргізуші қол қойған.

Көлік жүргізіп келе жатқан Қазақстан азаматы. Оңтүстік Қазақстан облысы, 8 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Көлік жүргізіп келе жатқан Қазақстан азаматы. Оңтүстік Қазақстан облысы, 8 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
​Бұл мәселені жіті зерттеп, жан-жақты талқылауды талап еткен хат иелері "экономикалық өсім баяулаған және жемқорлық асқынған кезде салықтарды негізсіз және бірден көбейту орта тапқа ауыр тиеді, биліктің беделін төмендетіп, қоғамда тұрақсыздық тудыруы мүмкін" дейді.

Азаттық тілшісі заң жобасына қатысты түсініктеме алу мақсатында Қазақстанның экономика және бюджеттi жоспарлау министрлігіне хабарласқанымен, ешкім жауап бермеді.

Ал ведомство жетекшісі Ерболат Досаев бұдан бұрын журналистерге берген қысқаша түсініктемесінде «Салық кодексіне өзгерістер мен толықтыруларды талқылап жатырмыз. Біз оның 2014 жылы 1 қаңтарда күшіне енгенін қалаймыз» деген еді.
XS
SM
MD
LG