Accessibility links

Маңғыстауда Жаңаөзен құрбандарына ас берілді


Жаңаөзен құрбандарына ас берілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

ВИДЕО: Жаңаөзенде ас берілді

Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Теңге әулие қорымының басына екі мыңға тарта адам жиналып, Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болған адамдардың рухына құран бағыштады.

Желтоқсанның 13-і күні Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа Маңғыстау облысы тұрғындары мен мұнайшылардан өзге, Астана, Алматы, Орал, Атырау қаласынан келген қоғам белсенділері қатысты.

Теңге ауылы Жаңаөзен қаласынан бес километрдей қашықтықта орналасқан. Ондағы Теңге әулие қорымы 2012 жылдан бері Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза болған марқұмдарды еске алатын орынға айналған. Өйткені осы үлкен қорымда Жаңаөзен оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза болғандардың мәйіті жатыр.

Биылғы асқа жаңаөзендік мұнайшылар ерекше дайындалды. Төрт ұсақ, екі ірі қара мал сойылып, төрт киіз үй тігілді. Оған тек «Өзенмұнайгаз» компаниясы ғана емес, Жаңаөзендегі көптеген мемлекеттік әрі жекеменшік мекемелердің кәсіподақтары да үлес қосты.

Бұған дейін Азаттық тілшісіне асқа дайындалып жатқандарын хабарлаған мұнайшылар «Бұдан былай Жаңаөзен құрбандарын еске алу жыл сайын өткізіліп тұратынын, ол үшін қорымның айналасы қоршалып, ағаштар отырғызылып, арнайы орын белгіленетінін» айтқан еді.

Орал Сәулебай. Маңғыстау облысы, Теңге әулие қорымы, 13 желтоқсан 2014 жыл.
Орал Сәулебай. Маңғыстау облысы, Теңге әулие қорымы, 13 желтоқсан 2014 жыл.

Сенбі күні қатты жел тұрып, шаңды дауыл соқса да ауа-райының қолайсыздығы мұнайшылардың ас беруіне кедергі бола алған жоқ. Қорымның басына салынған үйдің бір бөлігіне бөлек жиналған ер адамдар арасында астаналық қоғам белсендісі, зейнеткер дәрігер Орал Сәулебай «Бәріміздің, басшылардың, патшалардың іс-әрекеті Алланың таразысында, ол сұраусыз қалмайды» деп, Құран хадистерінен үзінді айтып отырды.

Асқа қатысқан ауыл имамы Дүйсен Хасниязов «бір қайғының бір хайыры бар, бәріміз шыдамды болуға тырысуымыз керек» деді.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында бір баласына оқ тиіп (Қайрат Досмағамбетов), бірнеше операция жасатқан; екінші баласы денсаулығына байланысты абақтыдан үйге шығарылған (Мақсат Досмағамбетов) 13 баланың анасы Оңайгүл Досмағамбетова Азаттық тілшісіне «билік мұнайшылардың талабына дер кезінде құлақ асқанда мұндай оқиға болмас еді» деген өкінішін білдірді.

- Енді міне оқ тигені, қайтқаны (қаза тапқандары – ред.) жер астында жатыр. Тек бір өкініштісі - билік енді ғана [мұндағы] халыққа бет бұрды, - дейді көпбалалы ана.

Солдан оңға қарай: Жаңаөзен оқиғасында балаcы қаза тапқан Алмагүл Көшербаева мен қазір жазасын өтеп жатқан Нарын Жарылғасыновтың анасы Сандор Ақтаева және Мақсат Досмағамбетовың анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Маңғыстау облысы, Теңге әулие қорымы, 13 желтоқсан 2014 жыл.
Солдан оңға қарай: Жаңаөзен оқиғасында балаcы қаза тапқан Алмагүл Көшербаева мен қазір жазасын өтеп жатқан Нарын Жарылғасыновтың анасы Сандор Ақтаева және Мақсат Досмағамбетовың анасы Оңайгүл Досмағамбетова. Маңғыстау облысы, Теңге әулие қорымы, 13 желтоқсан 2014 жыл.

Асқа азаматтық белсенділер - Ғалым Ағелеуов, Әсел Нұрғазиева, Жанат Есентаевтар қатысты. Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов, «Өзенмұнайгаз» компаниясының директоры Марат Ибағаров та келді.

Азаттық тілшісіне Серікбай Тұрымов «Жаңаөзен оқиғасында құрбан болғандарға құран бағыштауға келдім, жатқан жерлері жайлы болсын» деді.

Асқа «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталып, абақтыдан мерзімінен бұрын шыққан азаматтардың Роза Төлетаевадан басқалары қатыса алмады.

Жаңаөзен құрбандарына Маңғыстауда ғана емес, желтоқсанның 12-сі күні Алматыда да ас берілді.

2011 жылы 16-17 желтоқсан күндері Жаңаөзен қаласында полиция ереуілге шыққан азаматтарға оқ атып, Шетпе станциясында да толқу болып, оқиға кезінде ресми дерек бойынша 17 адам қаза тапты. Жүзден аса адам жараланды. Олардың кейбірі мүгедек болып қалды.

Асқа жиылған жұрт.
Асқа жиылған жұрт.

Жаңаөзендегі оқиғалар бойынша айыпты деп танылған 37 адамға сот 2012 жылдың маусым айында әртүрлі үкім шығарған. Олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

Ал түрме жазасына кесілген 13 адамның 10-ы қазір бостандықта. Олар – Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев, Шабдал Өткелов және Роза Төлетаева.

«Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың үшеуі – Нарын Жарылғасынов, Мақсат Досмағамбетов (денсаулығына байланысты Ақтаудағы туысының үйіне шығарылған – ред.) және Қанат Жүсіпбаевтің жаза мерзімі әлі аяқталған жоқ.

XS
SM
MD
LG