Accessibility links

Лондондағы шабуылдарға байланысты 12 адам ұсталған


Лондонда шабуыл болған маңда жүрген полиция қызметкерлері. 4 маусым 2017 жыл.
Лондонда шабуыл болған маңда жүрген полиция қызметкерлері. 4 маусым 2017 жыл.

Британ полициясы Лондонда өткен түні болған шабуылдарға байланысты 12 адамды ұстаған. Бұл туралы Скотланд-Ярдқа сілтеме жасап ақпарат агенттіктері хабарлады.

Бұған дейін полиция ықтимал терроршылардың біреуі тұрған Лондонның шығысында Баркинг ауданындағы үйдің маңында арнайы операция жүргізіп жатқаны белгілі болған деп хабарлайды ВВС. Reuters аталған аудандағы үйдің маңында көп полиция өкілдері жүргені туралы жазған.

Маусымның 4-іне қараған түні Ұлыбритания астанасы орталығында белгісіз үшеу әуелі жүк көлігімен Лондон көпірінде жаяу адамдарды басып өтіп, кейін Боро базары маңындағы екі мейрамхана жанында көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдаған. Шабуылдар салдарынан жеті адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Арада сегіз минуттай уақыта өткенде полиция күдіктілердің үшеуін де атып өлтірген. Түн ортасына қарай саперлер шабуыл болған жерде табылған күдікті заттарды бірнеше арнайы жарылыстың көмегімен залалсыздандырған.

Әзірше полиция күдіктілердің кімдер екені туралы хабарлаған жоқ.

Лондондағы шабуылдарға байланысты елдегі саяси партиялардың көбі сайлауалды іс-шараларын тоқтатқан. Бүгін үкіметтік төтенше комитеттің (КОБРА) шұғыл отырысынан кейін Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй елдегі парламент сайлауы "жоспарлы мерзімінде өтетіні" туралы мәлімдеген.

Ұлыбританияда алдағы бейсенбі, маусымның 8-і күні кезектен тыс парламент сайлауы өтеді деп белгіленген.

XS
SM
MD
LG