Accessibility links

Келімбетов: Әзербайжан банкіне салынған БЖЗҚ қаржысы қайтарылады


Қайрат Келімбетов, БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
Қайрат Келімбетов, БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі.

Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов дефолт болған Әзербайжан халықаралық банкіне салынған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаржысы "толықтай қайтарылатынын" мәлімдеді. ҚазАқпараттың хабарлауынша, Астана экономикалық форумы кезінде таяуда ғана БЖЗҚ директорлар кеңесіне оралған Келімбетов кеңеске үкіметтің өтініші бойынша мүшесі болғанын айтты.

"Қоғамның алаңдаушылығы осымен аяқталады деп ойлаймын. Барлық қаржы толықтай қайтарылады, зейнетақы қорын осымен құттықтаймын. Директорлар кеңесінің мүшесі болған себебім, мен қайта құрылымдау процесінің бір бөлшегі болғанмын әлі де солаймын. Қазақстанда қайта құрылымдау жағынан тәжірибелі адамдар сондай көп емес. Үкімет сол себепті менен өтінді. Қаржы толық қайтарылады. Тым болмағанда, екінші жол арқылы, қазіргі үкіметтің ұстанымы осындай" деді Келімбетов. Бірақ ол қаржының қалай қайтарылатынын нақты айтпады.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев өткен айда БЖЗҚ қаржысын әзербайжан банкінің бағалы қағаздарына салу туралы шешімді Қайрат Келімбетов төраға болып тұрған кездегі Ұлттық банк қызметкерлері қабылдағанын айтқан. Ақышев ол кезде әзербайжан банкінің қарызын қайта құрылымдаудың үш түрлі нұсқасы барын, бірақ олардың барлығы да шығын келтіретінін хабарлаған.

Келімбетов бүгін "екінші жол арқылы" деп қайта құрылымдаудың екінші жолын айтқан болуы мүмкін. Бұл тәсіл бойынша Қазақстан жағына әзербайжан банкінің 250 миллион долларлық міндеттемесін Әзербайжанның 250 миллион доллары мемлекеттік бағалы қағазы түрінде өтеу мерзімін 15 жылға деп, сыйақы мөлшерлемесін 3,5 пайыз есебімен қарызға алмастыру ұсынылған.

БЖЗҚ-да қазақстандықтардың зейнетақы қаражаты жинақталады. Заң бойынша, әрбір жұмысшы жалақысының 10 пайызы осы қорға аударылады. БЖЗҚ активтерін Ұлттық банк басқарады. Мамырдың басындағы мәлімет бойынша, БЖЗҚ-да 6,9 триллион теңге (22 миллиард доллардан астам) жинақталған. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев өткен аптада Алматыда болған баспасөз конференциясында БЖЗҚ қаржысын әзербайжан банкіне салу туралы шешімді Ұлттық банктің бұрынғы басшылығы қабылдағанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG