Accessibility links

Бишімбаев ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 31 қазанда өтпек


Қуандық Бишімбаев, бұрынғы ұлттық экономика министрі.
Қуандық Бишімбаев, бұрынғы ұлттық экономика министрі.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтің қылмыстық ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 31 қазанға белгіленді деп хабарлады сейсенбіде Астана соты. "Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың өндірісіне түсті. Алдын ала сот тыңдауы 2017 жылдың 31 қазанына белгіленген" деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Пара алды деген күдікке ілінген Бишімбаев Астана қалалық ішкі істер департаментінің уақытша қамау изоляторында отыр. Ол қаңтардың 10-ы күні "топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алу фактісі" бойынша ұсталған. Екі күннен соң ол Астананың Алматы аудандық сотының санкциясы бойынша қамалып, содан бері қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Тергеу мәліметінше, Бишімбаев "Бәйтерек" холдингін басқарып тұрғанында Қызылордадағы әйнек зауытын салу кезінде коррупциялық қитұрқылықтар жасаған.

Өткен аптада жергілікті ақпарат агенттігі Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаменті директорының орынбасары Талғар Серікбаевқа сілтеме жасап, Қызылордадағы әйнек зауыты құрылысын салу кезіндегі қаржы жымқыру туралы қылмыстық істі тергеу аясында мемлекетке "1,2 миллиард теңге көлемінде шығын өтелгенін" хабарлаған. Ал бюро Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және "шығынды өтеуге араласпағанын" мәлімдеген.

Бишімбаев ұлттық экономика министрі қызметінен 2016 жылдың желтоқсанында коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "Бәйтерек DEVELOPMENT" ұлттық компаниясы қатысты тергеу бастаған соң босатылған. Компания Бишімбаев 2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың мамырына дейін басқарған "Бәйтерек" холдингі құрамына кіреді.

XS
SM
MD
LG