Accessibility links

Өзбекстандағы АҚШ елшілігі: Green Card лотереясы өзгермеді


Нью-Йорктегі террорлық шабуылдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп қатты сынаған грин-карт (Green Card) лотереясы бағдарламасына өзгеріс енгізілмеді. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметіне АҚШ-тың Өзбекстандағы елшілігі хабарлады.

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 31 қазан күні 29 жастағы өзбекстандық Сайфулло Саипов жүк көлігімен адамдарды таптап, террорлық шабуыл жасаған. Ол шабуылдан 8 адам опат болып, оннан аса адам жараланған.

САИПОВ ДЕГЕН КІМ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ІСТЕДІ?

Кейіннен Саиповтың АҚШ-қа Green Card лотереясы арқылы көшіп келгені белгілі болған. АҚШ президенті Дональд Трамп Конгрестен (АҚШ парламенті - ред.) «диверсификациялық лотерея» (грин-карт, Green Card) бағдарламасын тоқтатуды сұрайтынын мәлімдеген.

Дональд Трамп «диверсификациялық лотерея» бағдарламасын тоқтатуды бірінші рет сұрап отырған жоқ. Бұл бағдарлама бойынша шетелдік азаматтар АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат алады. Сарапшылар АҚШ-тың Green Card бағдарламасын тоқтатуға себептер көбейіп келе жатқанын айтады.

Алайда Азаттықтың Өзбек қызметінің ресми сауалына жауап берген осы елдегі АҚШ елшілігі «Конгресс бекіткен «диверсификациялық виза» (Diversity Visa) лотереялық бағдарламасына өзгеріс енгізілмеді» деп жазады.

Ресми жауапта «АҚШ-қа бару визасын беру кезінде ұлттық қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға қойылады. Құрама Штаттарына баратын әрбір адам, соның ішінде «диверсификациялық визаға» өтініш бергендер де мұқият тексеріледі» деп жазылған.

АҚШ «диверсификациялық визаны» халқының этникалық құрамын түрлендіре түсу үшін 1990 жылдан бере бастаған. «Диверсификациялық лотерея» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 мың Green Card-ты компьютер өтініш иелері арасында кездейсоқ тәсілмен бөле салатын. «Диверсификациялық лотереяны» қылмыскерлер мен алаяқтардың АҚШ-қа келуіне жол ашатын жетілмеген тәсіл деп сынайтындар жыл өткен сайын көбейіп келеді.

XS
SM
MD
LG