Accessibility links

Сот: Пучдемон Каталонияны қашықтан басқара алмайды


Испанияның Каталония автономиялық аймағының бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон.
Испанияның Каталония автономиялық аймағының бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон.

Испания конституциялық соты қабылдаған шешімде Каталония автономиялық аймағы үкіметінің бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон тек өзі келіп қатысса ғана бұл қызметке қайта бекітілуі мүмкін екені айтылған. Бұған дейін Пучдемонның жақтастары ол аймақты видеобайланыс арқылы қашықтан басқара алады деп мәлімдеген.

Былтыр 21 желтоқсанда Каталонияда өткен кезектен тыс сайлау қорытындысы бойынша аймақтың тәуелсіздігін қалайтын Пучдемонның жақтастары жеңіске жеткен. Заң бойынша, алғашқы дауыс беру кезеңі алдында Каталония басшылығына кандидат парламентте өз бағдарламасын таныстырып, пікірталасқа қатысуы керек. Регламентте видеобайланыс арқылы қатысу туралы ештеңе айтылмаған. Қазір Бельгияны паналап отырған Пучдемон егер Испанияға қайтып келсе билік оны тұтқындайды.

Каталония парламентіне кезектен тыс сайлау өткен жылы қазанда жергілікті референдум қорытындысынан кейін аймақ тәуелсіздігін жариялағаннан кейін тағайындалған. Мадрид аймақтағы референдумды заңсыз деп танып, Каталонияны тікелей басқаруды енгізген. Мұндай басқару автономияның жаңа үкіметі қызметіне кіріскенше жалғасады. Биліктен шеттетілген Каталонияның бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон Бельгияға кетіп қалған. Испания жоғарғы соты "бүлік" айыбы тағылған Пучдемонды тұтқындау туралы халықаралық ордер берген. Желтоқсанның басында Мадрид халықаралық ордерді қайтарып алған, бірақ Пучдемонды тұтқындау туралы жергілікті ордер әлі күшінде.

XS
SM
MD
LG