Accessibility links

Астана Бішкекке қырғыз депутаты ұсталғаны жайлы жауап нота жолдады


Астанадағы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ғимараты
Астанадағы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ғимараты

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елде ұсталған қырғызстандықтар туралы ресми Бішкектің нотасына жауап берген деп хабарлады Қазақпарат.

"2018 жылғы 18 ақпанда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Республикасының азаматы Дамирбек Асылбек уулының ұсталғаны туралы ақпараты бар жауап нотаны Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің атына жолдады. Қазақстан СІМ қызметкерлері қырғыз елшілігімен тұрақты байланыста және оларға Қазақстан құқық органдарымен байланыста болуына жәрдемдесіп жатыр", - деген Қазақстан СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.

Жайнақовтың сөзінше, Қазақстан СІМ консулдық қызметі консулдық қарым-қатынас туралы 1963 жылғы Вена келісіміне, Қазақстанның қылмыстық-процессуалдық кодексіне және Шетелдік азаматтардың ұсталғаны туралы шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерін хабардар ету туралы ережеге сәйкес, Қазақстан аумағында Қырғызстан азаматтары ұсталғаны жайында Қырғызстанның Астанадағы елшілігін 2018 жылғы 16 ақпанда ресми түрде хабардар еткен.

Жұма күні Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі Бішкектегі қазақ консулы Ерлан Әбішевке шұғыл нота тапсырып, "Қазақстанда Қырғызстанның екі азаматы ұсталғаны, олардың бірі Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті – ред.) депутаты екені туралы ақпаратқа қатысты толымды мәлімет" беруін сұраған.

Бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасы ақпанның 15-16 күндері Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында жүргізілген арнайы операция барысында заңсыз іс-әрекеттерге және қылмыстық топқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталған 29 адамның екеуі Қырғызстан азаматтары деп хабарлаған.

Кейін бірқатар баспасөз құралдары Қазақстанда ұсталған қырғызстандықтардың бірі – Жогорку Кенештегі "Кыргызстан" фракциясының мүшесі Дамирбек Асылбек уулу деген ақпарат таратқан болатын.

XS
SM
MD
LG