Accessibility links

Пол Манафорттың бизнес серігі Рик Гейтс кінәсін мойындады


Рик Гейтс
Рик Гейтс

2016 жылғы АҚШ президенті сайлауындағы кандидат Дональд Трамптың сайлауалды штабының әрі өтпелі кезең командасының бұрынғы кеңесшісі Ричард (Рик) Гейтс өзіне тағылған айыптарды мойындаған. Америкалық басылымдардың хабарлауынша, Гейтс АҚШ сайлауына Ресейдің ықтимал килігуін тексеріп жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллер басқаратын тергеу тобымен жасасқан келісім аясында кінәсін мойнына алған.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Гейтс мойындаған қылмыстардың 2016 жылғы сайлауға Ресейдің ықтимал араласуына қатысы жоқ. Вашингтон федералдық сотына берген өтінішінде Гейтс өзіне тағылған АҚШ аумағында тіркелмей лоббистік іс-әрекеттермен айналысу, алаяқтық мақсатымен АҚШ-қа қарсы астыртын сөз байласу және Федералдық тергеу бюросы өкіліне жалған мәлімет беру айыптары бойынша кінәсін мойындайтынын айтқан деп хабарланды.

Бұған дейін жұма күні Мюллердің тергеу тобы Гейтстің Украинадағы жағдай мен АҚШ-тың ықтимал іс-әрекеттері талқыланған кездесу туралы ақпаратты жасырып қалғанына айғақ ретінде қосымша құжаттарды сотқа тапсырған. Басылымдардың жазуынша, 2016 жылы наурызда өткен келіссөздерге Дональд Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы басшысы әрі Гейтстің іскерлік серігі Пол Манафорт, вашингтондық лоббист әрі АҚШ Конгресінің мүшесі (аты-жөні айтылмаған) қатысқан. Манафорт Трамптың сайлауалды штабы басшысы қызметінен 2016 жылғы тамызда кеткен еді.

Сонымен бірге жұма күні тергеушілердің сотқа берген құжаттары бойынша, Гейтс пен Манафортқа 30 миллион доллардың қаржы алаяқтығына қатысы бар деген айып тағылған.

Бақылаушылардың пікірінше, Гейтстің тергеу тобымен келісім жасасуы Пол Манафорт үшін күтпеген ыңғайсыз жаңалық болуы мүмкін. Манафорт ақпанның 23-і күні таратқан ресми мәлімдемесінде өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын білдірген.

"Рик Гейтстің бүгінгі мәлімдегенімен келіспеймін және кінәсіз екенімді айтудан қайтпаймын. Бизнес бойынша әріптестерімнің біздің кінәміз жоқ екенін дәлелдеу үшін күресуге күші жетеді деп үміттенем және олардан соны күтемін" деген ол.

Өткен жылы қазанда Пол Манафорт пен Рик Гейтске 12 айып, оның ішінде лобби қызметі туралы заңды бұзу, қаржыны жылыстату және АҚШ-қа қарсы астыртын сөз байласу айыптары тағылған болатын. 2018 жылғы 23 ақпанда тағылған айыптар саны 32-ге жетті. Тергеу болжамы бойынша, күдіктілер 2006-2015 жылдар аралығында Украинадағы жұмыстарына қатысты алған ондаған миллион долларды жасырып, алаяқтық іс-әрекеттерге барған.

Оқи отырыңыз: Украина Манафорттың істі болғанына неге қуанды?

Әуелгіде сот Манафорт пен Гейтсті үйқамақта ұстауға шешім шығарған. 2017 жылғы желтоқсанда билік Манафортты үйқамақтан босатып, Флоридаға баруына рұқсат етті, бірақ оны электронды білезік тағып жүруге міндеттеді. Гейтсті де биыл қаңтарда үйқамақтан босатқан.

XS
SM
MD
LG