Accessibility links

Сағадиев: Нөлінші сыныпта оқытуды 2020 жылға шегеру керек


Ерлан Сағадиев, Қазақстан білім және ғылым министрі.
Ерлан Сағадиев, Қазақстан білім және ғылым министрі.

Қазақстан мектептерінде міндетті нөлінші сыныпта оқытулы енгізу 2020 жылға шегеріледі деп хабарлады білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Астанада үкімет отырысында сөйлеген министрдің айтуынша, нөлінші сыныпты енгізу қазақ тілін латын таңбалы әліпбиге көшіруге байланысты кешеуілдемек.

«Әуелде нөлінші сыныпты 2019 жылы енгіземіз деп жоспарлағанбыз. Қазір оқытушыларды даярлаудың бірыңғай бағдарламалық кестесі дайын, оқулықтар сараптамадан өткізілді, бірақ олардың барлығы кириллицада жазылған. Енді нөлінші сыныптарға арнап 400 мың балаға жаңа оқулықтар шығару керек. Латын таңбасына көшіп жатқандықтан, ол оқулықтарды бірден латын тілінде басып шығарған жөн деп ойлаймыз» деді Сағадиев үкімет жиынында.

Оқи отырыңыз: Әліпбидің жұртты "жеңілдеткен" жаңа нұсқасы

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сай мектептерде ортақ бағдарламаға негізделген нөлінші сыныпты 2020 жылы енгізу туралы ұсыныс жасалып отырғанын айтты. Оның сөзінше, 2020 жылға дейін мектепке баратын балалар қазіргі мектепке дейінгі дайындық сыныптарында қолданыстағы бағдарлама және типтік оқу жоспары бойынша оқиды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 19 ақпанда қаулы қабылдап, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпби нұсқасын бекіткен. Жаңа нұсқада қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар әріп үстіне қысқа таяқша қою (ғылыми тілде акут деп аталады - ред.) арқылы берілген.

Бұған дейінгі әліпбидің екі нұсқасы - 2017 жылы қыркүйекте ұсынылған диграф(қосарланған әріптер - ред.) жобасы мен былтыр қазанда қабылданған апострофты нұсқасы дау тудырған еді.

XS
SM
MD
LG